Отандық мұнай-газ өнеркәсібі заманауи үрдістерге сай болуы керек – Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM – Президент отандық мұнай-газ кешенінің алдында технологиялық жаңғыру, атап айтқанда, жасанды интеллектіні енгізу міндеті тұрғанын жеткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Отандық мұнай-газ өнеркәсібі заманауи үрдістерге сай болуы керек – Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

– Заманауи технологиялар мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу ісін оңтайландыруға ықпал етуі тиіс. Отандық мұнай-газ өнеркәсібі заманауи үрдістерге сай болуы керек. Сондықтан осы салаға таза және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жаңа кен орындарын ашуға баса мән берген жөн. Бұған қоса осы салаға білімді, жас кадрларды тартып, адам әлеуетін барынша арттыру . Себебі жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бізге, ең алдымен, білікті мамандар керек. Білім бағдарламасын жетілдіріп, зерттеу орталықтарын дамытқан абзал. Осы міндеттерді сапалы орындасақ, Әділетті, Қуатты, Таза және Озық Қазақстанның қалыптасуына жол ашамыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтағанын жазған едік.