Отандық тауар өндірушілердің цифрлық реестрі ашылады: Мәжілісте заң жобасы қаралмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте депутаттар бастамасымен енгізілген тауарлардың шығу елін анықтау мәселелері жөніндегі заң жобасы қаралып жатыр. Бұл өзгерістер әділ отандық өндірушілердің өмірін айтарлықтай жеңілдетіп, алаяқтық әдістерін жояды деп болжануда. Заңдағы басты жаңалықтар туралы Kazinform тілшісіне Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева айтып берді.

Екатерина Смышляева
Фото: Мәжіліс

— Екатерина Васильевна, бұл заң жобасы еліміз үшін қаншалықты маңызды және тәсілдерді өзгерту шешімі неге дәл қазір қабылданды ?

— Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында отандық өндірісті қолдау тәсілдерін жаңғырту қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, СТ-КЗ сертификаты мен Индустриялық сертификаттың орнына қазақстандық тауарлар реестрін әзірлеп, енгізу тапсырылды. Алдағы күндері Мәжілісте бірінші оқылымда қаралатын заң жобасы жаңа тәсілді іске асыруға құқықтық жағдай жасайды.

Отандық өндірушіні қолдау кез келген елдің экономикасын тұрақты дамытудың маңызды элементі саналады. Бұл тек жаңа жұмыс орындарын құруға, ұлттық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етіп қана қоймай, экономикалық тәуелсіздікті нығайтып, тұрақты салықпен де қамтамасыз етеді. Асылында, бұл тұтас ел бойынша нақты жұмыс істеп тұрған мыңдаған кәсіпорындарға қатысты. Қазақстан үшін жаһандық экономикалық сын-қатерлер жағдайында және экономиканы әртараптандыруға ұмтылуда бұл мәселе айрықша өзекті.

Оған қоса, біз бөлінген қаражаттың барлық уақытта көзделген мақсаттарға жұмсалмайтынын көріп отырмыз. Аталған отандық өндірушілердің саны көп болғанымен, мұның экономикалық көрсеткіштерге, кәсіпорын жұмысшыларының әл-ауқатына қалай әсер ететінін көре бермейміз. Тіпті, дүкен сөрелерінде Қазақстанда жасалған тауарлардың біз күткен көлемі жоқ.

Тауардың Қазақстанда шығарылғанын растайтын қазіргі механизмдердің бірқатар кемшілігі барын мойындау керек. Қазір үш түрлі сертификат қолданылады: СТ-КЗ сертификаты, Индустриялық сертификат және экспорттық сертификат. Оның барлығын «Атамекен» ҰКП береді.

СТ-КЗ сертификаты тауардың ел ішіндегі құндылық үлесін, жергілікті материалдар мен өндіріс шығындарының көлемін көрсетеді. Бұл тауардың құны, өндіріс шығындары, шикізатты сатып алу құжаттары және басқалары арқылы есептеледі.

Индустриялық сертификат өндірушінің өндірістік қуатын, яғни, жылына шығара алатын тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің көлемін көрсетеді. Бұл өндірістік желіні талдау негізінде беріледі.

Ал экспорттық сертификаттар кедендік жеңілдіктер алу немесе импорттаушының сұрауы бойынша беріледі.

Сертификаттардың өзі әдетте арзан, бірақ оларды алуға қажетті сараптама қымбатқа түседі. Бұл процестерде адами фактордың ықпалы жоғары, айқындық пен жеделдікке қатысты мәселелер бар. Сертификаттарды беру кезінде бұзушылықтардың көп болатыны анықталды. Әсіресе олардың жиі импорттық тауарларға, жоқ компанияларға, көлемдерді асыра көрсетіп берілгенін көрсетті. Жалпы айтқанда, «сертификаты бардың бәрі отандық тауар емес».

Мұндай бұзушылықтарды тек кәсіпорынды бағалау процестерін автоматтандыру және бюрократиялық рәсімдерді қысқарту арқылы жоюға болады. Қазіргі тәсілдер өз уақытында заманауи және оңтайлы болған шығар, бірақ бүгінгі цифрландыру деңгейінде оны пайдалану тиімсіз.

Мәжілісте талқыланып жатқан модель отандық тауар өндіруші мәртебесін растайтын жалғыз құжат болуын – реестрде тіркелуін көздейді. Реестрге қосылу үшін кәсіпкер өтінім беруі керек. Бірінші кезең толық цифрлық форматта өтеді, ал екінші кезеңде – өндірісте орындалатын технологиялық операциялардың саны бойынша бағалау жүргізіледі. Бүгінде екі кезеңді өткізетін базаны салалық мемлекеттік органдар әзірлеп жатыр. Әр өндіріс саласы үшін 2000-нан астам технологиялық операция әзірленіп қойды.

— Қазір Үкімет пен депутаттардың өндірушілерді бағалау процесіне цифрлық шешімдерді енгізу бойынша үлкен жоспарлары бар. Бұл реестрді құруға қалай көмектеседі ?

— Елімізде цифрландыру қарқыны жоғары болғандықтан көптеген бизнес-процестерді енді қағаз жүзінде елестету қиын. Цифрланған қатынастар жүйесінде біздің бизнес субъектілерінің деректерін объективті критерийлерді қалыптастыруда пайдалануға болады. Жиналған деректер ашық және сенімді қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Отандық тауар өндірушілердің реестрі жүйесін іске асыру аясында негізгі элемент ретінде математикалық модельге негізделген цифрлық верификация болады. Бұл әдіс кәсіпорындарды реестрге қосу үшін іріктеудің ашықтығы мен объективтігін қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге цифрлық верификация тек реестрге қосу кезеңінде ғана емес, өндірушінің реестр критерийлеріне сәйкестігін бақылаудың негізгі құралы болады. Бұрынғы сертификат беру моделінде оны ұсынылған құжаттарға сүйене отырып алуға болатын, кейін ол таңдау параметрлеріне сәйкес келмеуі мүмкін еді. Бізде өндіріс «тоқтап тұрса да» қазақстандық өнім ретінде шетелдік тауарлар партиясы әкелінген мысалдар бар. Бұл жағдайда өндірістің бар-жоғы мен жұмыс істеп тұрғаны туралы критерийлер тұрақты түрде жиналатын болады. Бұл жүйе жылына бір рет тиісті аналитикалық ақпаратты шығарады, осы деректер негізінде сын-қатерлер бағаланады.

Бұл адами факторды, сыбайлас жемқорлықты барынша жоюға мүмкіндік береді. Кәсіпкердің құжат жинауға және түрлі сараптамаларға жұмсайтын уақытын қысқартады. Өйткені деректердің барлығын дерлік жүйе автоматты түрде жинайды. Процесс те іс жүзінде тегін болады. Алгоритммен келісу қиын, ал ақпараттық жүйелердің деректерін бұрмалау мүмкін емес.

— Бір жағынан, адами факторды азайту — жақсы нәрсе. Екінші жағынан, мүлдем адамсыз қалай болмақ? Қайткенмен, машинаға толық сенім жоқ. Цифрлық верификация туралы толығырақ айтып бере аласыз ба ?

— Цифрлық верификация (скоринг) – кәсіпорындарды объективті бағалау үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері мен машиналық оқыту алгоритмдерін пайдаланатын талдау құралы. Әзірге ондаған көрсеткіш анықталды. Математикалық модельді оқыту кезеңінде көрсеткіштердің саны мен түрлері, олардың салмақ коэффициенті өзгеруі мүмкін.

Қазіргі уақытта өзгермелі көрсеткіштер – электр энергиясына жұмсалатын шығындар, жинақтаушы бөлшектерді сатып алу, қоршаған ортаға шығарылатын эмиссиялар және бсқалары анықталуда. Жалпы, бұл көрсеткіштерді үш топқа бөлуге болады: салық деректері, еңбекақы қорлары бойынша деректер және коммуналдық қызметтер. Олардың барлығы кәсіпорынның жұмыс істеп тұрғанын тікелей немесе жанама түрде көрсетеді.

Дегенмен, алгоритм 100% дәлдікке кепілдік бермейді және оған шешім қабылдауды толық сеніп тапсыруға болмайды. Сондықтан заң жобасында оның нәтижелерін адам арқылы, дәлірек айтқанда, апелляциялық комиссия арқылы даулауға мүмкіндік қарастырылған. Қажет болған жағдайда салалық министрлік өндірістің технологиялық процестерін, құжаттарын және бейнематериалдарын қосымша талдай алады.

— Цифрлық құралдың сипаттамасына қарасақ, модель көптеген деректерді, соның ішінде жеке мәліметтерді, салық құпияларын пайдаланатын сияқты. Оларды қорғау жағы қалай және мұндай тәсіл қолданыстағы заңнамаға қайшы келмей ме ?

— Бұл туралы кәсіпкерлер алаңдамаса да болады. Жүйе өзінің деректер көлемімен тек уәкілетті әкімші арқылы жұмыс істей алады. Мысалы, салық құпиясына қолжетімділік Мемлекеттік кірістер комитетінде, ал еңбек саласындағы деректерге қолжетімділік – Еңбек министрлігінде бар. Қолжетімділікті кеңейтуге рұқсат жоқ және бастапқы деректер өзінің сақталған жерінен тысқары шықпайды. Алмасу тек скоринг нәтижелері арқылы жүзеге асырылады. Жеке деректерге қатысты барлық келісім алу рәсімдері сақталады және оларды қорғау шаралары қабылданады.

— Заң қабылданған жағдайда отандық өндірісті мемлекеттік қолдау шаралары көбейе ме ?

— Мемлекеттік қолдау шараларын көбейту немесе олардың құрылымын өзгерту – заң жобасының мақсаты емес. Дегенмен, мемлекет өз өндірістерін қолдап келе жатқанын және жалғастыратынын тағы да атап өткім келеді. Бұл туралы Президент әрдайым айтып келеді, өйткені бұл елдің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігі мәселесі. Бірақ біз тәртіп орнатып, кім шынымен отандық өндіруші екенін, ал кім сенімге селкеу түсіріп, алдап жүргенін анықтамайынша, өз бюджетімізден өзге экономикаларды асырап, өсіруді жалғастыра береміз. Бұл бюджеттің өте тиімсіз пайдаланылуы екенімен келісесіз ғой.

Заң қабылданған жағдайда мемлекет цифрлық шешімдер арқылы кәсіпорындардың қызметін жүйелі түрде бақылап, әділетсіз әрекеттерге жол бермейді. Сол кезде жалған кәсіпорындарға түспейтін қолдау көлемі адал өндірушілерге бағытталады. Жалпы көлем ұлғаймауы мүмкін, бірақ қолдау шараларын көрсету тиімділігі артады.

Бұл ретте кәсіпкерлермен де келісемін: тек негізгі реттеуші модельді дайындап қана қоймай, оны жүзеге асыру маңызды. Сондықтан негізгі заңмен қатар біз оған қатысты заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді де қарастырып, талқылап жатырмыз, бірақ олар әлі де «шикі». Дегенмен, реестрді жүргізу сапасы мен өндірушілеріміздің жағдайы Үкіметтің тиімді жұмысына тікелей байланысты болады.

Соңғы жаңалықтар