Отандық жүк тасымалдаушылар үш елге рұқсатты онлайн рәсімдей алады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық тасымалдаушылар енді Әзербайжан, Түркия және Қырғызстан аумағында халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшін электрондық шетелдік рұқсат бланкілерін онлайн рәсімдей алады, деп хабарлайды egov.kz.
elicense.kz порталында шетелдік рұқсат бланкілерін алуға болатын бағыттар тізімі кеңейтілді. Қазақстандық жүк тасымалдаушылар енді Әзербайжан, Түркия және Қырғызстан аумағына кіруге арналған электрондық рұқсаттарды онлайн рәсімдей алады.
Шетелдік рұқсат бланкісі (ШРБ) — қазақстандық тасымалдаушыға белгілі бір шет мемлекеттің аумағында жүк тасымалдауға құқық беретін құжат. Мұндай рұқсаттар мемлекеттер арасында екіжақты негізде алмасылады.
Қызметті Қазақстан Республикасында тіркелген және халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсаты бар көлік құралдарына ие заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер пайдалана алады.
Рұқсат алу үшін elicense.kz порталында авторизациядан өтіп, «Көлік» бөліміне кіру керек. Одан кейін «Халықаралық қатынаста жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдауды тұрақты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына шет мемлекеттің аумағына (аумағынан) кіруге (кетуге) рұқсат беру» қызметін таңдап, ұйым мен көлік құралы туралы деректерді толтырып, бағытты және бланк санын көрсетіп, мемлекеттік бажды төлеп, өтінімге қол қою қажет.
— Қызмет көрсету мерзімі — 2 жұмыс күні. Дайын рұқсат elicense.kz порталындағы Жеке кабинетке жіберіледі. Бланктің жарамдылық мерзімі — 30 күн. Қызмет құны — бір бланк үшін 1 АЕК, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Транскаспий дәлізі арқылы жүк тасымалы 3,5 есе өскенін жазғанбыз.