«Отандық банктерден капиталын арттыруды талап ету экономикалық тұрғыдан қауіпті» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 24-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен астықты өлкеде болып егін алқабында агроқұрылым басшыларымен кездескенде, биыл да биік меже алынатындығына үлкен сенім білдірген еді. Сонда Қызылжар өңірінің диқандары кемі 4 миллион тонна астық жинауға сөз берген болатын. Олар сертке сай серпін танытып, берген уәделерін абыроймен орындап шықты, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Елімізде нан болады!» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, 3,9 миллион гектар алқапқа өсірілген егінді шашпай-төкпей жинап алу толық қамтамасыз етілді. Гектар берекесі 10,5 центнерден айналып, 4,2 миллион тонна алтын дән қамбаларға жөнелтілді. Оның 90 пайызы 3 сыныпты құрайды. Астық тапсыру әлі жалғасуда. Келер жыл өнімі үшін 546 мың тонна тұқым құйылып алынды.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сессиясының Мыңжылдықтың даму мақсаттарына арналған жалпысаяси пікірсайысы отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөйледі. Ол өз сөзінде бүгінде әлемдік қоғамдастық үшін өткір проблемалар болып тұрған энергетикалық дағдарыс пен ғаламшарымызда қолайсыз климаттық өзгерістердің қауіп-қатері артып отырғандығына тоқталды. Сондай-ақ осынау аса өткір проблемаларға байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның осы мінберінен 2012 жылы өтетін Орнықты даму жөніндегі бүкіләлемдік саммитте талқылау үшін жаһандық энергия-экологиялық стратегия дайындау туралы ұсыныс білдіргендігін атап өтті. Бұл стратегия энергия-экологиялық проблемаларды шешуге, оны инновациялық тұрғыдан толықтыруға ықпал етеді.
Кеше өткен Мәдениет министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед саланың стратегиялық даму жоспарының іске асырылу барысы және алдағы кезеңге қойылатын міндеттері жайында баяндап, Елбасының тапсырмасымен алдағы үш жылдық мерзімге арналған жұмыс жоспары бойынша жыл басынан бергі атқарылған іс-шаралардың бірсыпырасына егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Мәдениеттің жетістігі көп, жетер биігі одан да асқақ» деген мақала жарық көрді. «Сала қызметкерлерінің алдында тұрған айтулы міндеттің бірі елордада өтетін ЕҚЫҰ саммиті шеңберіндегі концертке, сондай-ақ қатысушылар мен қонақтарға мәдени бағдарламалар ұйымдастыруға қатысты десек, 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына Қазақстанның төрағалық етуіне дайындық жұмыстарына байланысты "ТМД елдеріндегі исламның рөлі" атты халықаралық конференция ұйымдастыру мен өткізу мәселелері туралы алғашқы жұмыс кеңесі қазанның басында өтетіні мәлім етілді», деп жазады басылым.
***
«Петр мен Павлдың атынан айырылғысы келмейтіндер Қазақстанда қазақтардың арасынан шығуда. Және қатардағы қазақ емес, биліктегісі! Кеше Жоғарғы палатаның жалпы отырысынан шыққан сенатор Тасбай Симамбаев журналистерге Петропавлдың атын «Қызылжар» деп өзгертуді «әлі ерте» деп санайтынын жария етті», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Жарасбайдың жарасымды мәлімдемесін Сенатор Симамбаев бұзды» деген мақалада. Басылымның атап өтуінше, Мәжіліс депутатының мәлімдемесін ести сала, Т.Симамбаев телефонды қолға алып, аймақтағыларға қоңырау шалып, әлгі мәселе жөнінде тілдесіпті. Ал естігенінен есінен айырылмағанымен, төбе шашы тік тұрғанға ұқсайды. Оның айтуынша, облыстағы басқа ұлттар «кейбір жерлерге, шіркеулерге жиналып», қала атауын ауыстыруға қарсылық білдірмекші екен! Тіпті қол жинап жатқан жұрт та бар көрінеді.
«Алла сөзі таңбаланған нәресте». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарық көрген мақалада Тараз қаласының тұрғындары Наталья Бойцова мен Михаил Астраханцевтердің отбасында осыдан бір ай бұрын дүниеге келген ұлдары Богданның білегінде түсініксіз белгілер пайда болғандығы жайында жазылған. Уақыт өте келе олар ол белгілердің арабша «Алла» және «Мұхаммед» деген жазулар екендігіне көз жеткізіп отыр. «Алдымен Алланың мұндай кереметіне сене қоймадық. Имам бұл екі жазуды «Алла» және соңғы пайғамбар «Мұхаммед» деп тәржімалап берген соң ғана ойлана бастадық. Алла әмірі мен шапағатының дәл біздің отбасымызға түскеніне таңғалдық. Себебі менің де, жолдасымның да әулетінде ислам дінін ұстанушылар жоқ, болмаған да. Десек те, бәрін көруші, білуші, естуші Алланың ықыласын дәл біздің шаңырағымызға төккені бізді ерекше қуанышқа бөлейді», - деп ой бөліседі басылыммен сәбиің анасы Наталья Бойцова.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Республикалық білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыру институтының директоры Бақтияр Смановпен арадағы сұхбат «Білім беру ісіне мемлекеттік деңгейде мән берілуі тиіс» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол «дін дегеніміз - соқыр сенім емес, рухани білім. Ол қоршаған ортаны, төрткүл дүниені танып-білудің, оны меңгерудің құралы, жалпы, адамзат мәдениетінің құрамдас бөлігі. Дін - діни сана, діни наным-сенім, діни ұйымдардан тұратын рухани-әлеуметтік жүйе. Ал «Дінтану» пәні - біздің рухани байлығымыздың қайнар бастауы, елдік тұтастығымыздың негізгі іргетасы саналатын ілімді меңгертуді көздейді. Сондықтан мұндай пәннің оқулығын жазуға аталған мәселеден хабары мол, діни үдерістерді жақсы білетін, дінтанудан мамандығы бар адам қатысқаны абзал», дейді.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловпен арадағы сұхбат «Отандық банктерден капиталын арттыруды талап ету экономикалық тұрғыдан қауіпті» деген тақырыппен жарияланды. Қаржы саласына қатысты өрбіген екеуара әңгіме барысында депутат «біздегі микроқаржылық ұйымдар өте бытыраңқы, жұмыстары баршаға бірдей айқын емес. Нарықтағы ұсынатын несиелерінің орташа пайыздық сыйақылары - шамамен айына 3-5 пайыз, яғни жылына есептегенде 60 пайызға дейін жетеді. Бұған қоса мұндай ұйымдардың көпшілігі қарыз бергенде 10 пайызға дейін комиссиялық ақы алады. Келісімшарттары да қарыз алушы үшін өте тиімсіз, іс жүзінде адамды қанауға бағытталған. Ал микронесиенің түпкі идеясы - қарапайым халықты қолдау. Олай болса, біздегі микронесие ұйымдары да осы мақсаттан ауытқымауы тиіс», дейді. Сұхбаттың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның жұма күнгі нөмірін жіберіп алмаңыз.
Ал осы басылымның «Ой-көкпар» айдарында «Тәжікстан секілді бізде де діни кадрларды шетелде даярлауға тыйым салу керек пе?» деген сауал талқыға түскен. Осыған жауап берген дінтанушы Ершат Оңғаров «менің ойымша, мемлекетіміздің, ұлтымыздың қауіпсіздігі үшін діни кадрларды шетелде даярлауға тыйым салатын кез жетті. Оң-солын танып үлгермеген жастарымыз шетелге білім алу мақсатымен барғанымен, өзге ойлы ағымдардың жетегінде кетіп алу фактілері кездесіп жатыр», десе, бұл пікірге қарсы шыққан «Болашақ» республикалық қозғалысының төраға орынбасары Дәурен Бабамұратов «жастардың шетелдік діни оқу орындарында білім алуына бірден тыйым салу, ең біріншіден, біздің мемлекетіміздің ұзақ мерзімді стратегиясына қайшы келетін дүние. Біз авторитарлық басқарудағы Солтүстік Корея немесе Түрікменстан сияқты томаға-тұйық мемлекет емеспіз», депті.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше елордада «Қазақстан Республикасында ақпаратқа қол жеткізу: жағдайы мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, алқалы жиынға қатысушылар азаматтар мен мемлекеттік институттардың ақпараттық байланыстарының тиімді моделін құру мәселелерін талқыға салған. «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңес, ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссия, Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму бағдарламасы, Ұлыбритания елшілігі және еліміздегі Интерньюс Нетуорк пен ЮНЕСКО халықаралық ұйымдары ұйымдастырған аталған шара жайында басылымның бүгінгі нөмірінен егжей-тегжейлі оқи аласыздар.