«Отандық өнім сөреден неге ысырылды?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 9 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 9 қазан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев VIII KazEnergy Еуразиялық форумына қатысу үшін келген Испания Корольдігінің экс-Премьер-министрі Хосе Мария Аснарды қабылдады. Әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамытудың негізгі аспектілері мен екі елдің бизнес-қоғамдастығы арасындағы өзара іс-қимыл аясын кеңейтудің келешегі талқыланды. Бұл материал «Бизнес-қоғамдастық байланысы артады» деген тақырыппен берілді. Сонымен еліміздің бас газетінде Мемлекет басшысының бірқатар қабылдаулары жайындағы материалдарды оқи аласыздар.

«Елордада академик Рахманқұл Бердібай ағамыздың сөзімен айтсақ, «...бас қаласы Уфаны үш өзен: Ақ Еділ, Қара Еділ, Көк Еділ қоршай ағатын» Башқұртстан мемлекетінің мәдени күндері өтпекші. Ол кеше Бейбітшілік және келісім сарайында, нақтылай түссек, Түркі академиясына рухани құндылықтың бастауы саналатын кітап тапсыру рәсімімен ашылды»,-деп жазады еліміздің бас басылымы бүгінгі санындағы «Үш Еділ елі - елордада» деген мақалада.

***

«Айқын» газетінде «Отандық өнім сөреден неге ысырылды?» деген мақала оқырман назарына ұсынылды. Ресей мен Беларустің ауыл шаруашылығы өнімдерінің отандық тауарларды басқа түгіл, өз нарығымызда-ақ ысырып жатқандығы ресми мойындалды.
Үкіметтің кешегі отырысында АШМ басшысы Асылжан Мамытбеков «Кеден одағы бойынша әріптестеріміздің қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері Қазақстанға кірер кезде-ақ бірқатар артықшылықтарға ие болатындығын» мәлімдеді. Бұған дейін халық қалаулылары ресейлік-беларустік азық-түліктің арзан болуы кесірінен, қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілетсіз болып қалып жатқандығын айтып, дабыл қаққан. А.Мамытбековтың байламынша, «одақтастарымыз» табиғи-климаттық жағдайлар есебінен ұтып кетіп отыр: «Атап айтқанда, Қазақстанда астықты облыстардағы жауын-шашынның орташа жылдық нормасы шамамен 300 миллиметрді құраса, ал біздің әріптестерімізде ол 2-3 есе көп! Топырақтардың құнарлылығы, өнім бергіштігі тұрғысынан да жағдай сондай: егер бізде бонитеттің орташа балы 37-ге тең болса, ал оларда екі есе дерлікке артық. Нәтижесінде, мысалға, жүгері шығымдылығы Беларусте шамамен әр гектарынан 250 центнерден айналады, ал Қазақстанда орташа есеппен, небары 112 центнер ғана».


Осы басылымның жазуынша, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында VIII Еуразиялық «KAZENERGY» форумы өз жұмысын бастады. Бүкіл әлемнің мұнай-газ саласы көшбасшыларының басын қосқан осынау жаһандық жиын аясында «Еуразия» халықаралық жобасының тұсауы кесілді. Бұл жоба «Қазақстанның геологиялық барлауының жаңа мүмкіндіктерін» ашуға бағытталған. Форумға Қазақстан көшбасшысы арнайы құттықтау хат жолдаған екен. Онда Президент Н.Назарбаев Қазақстанның «энергетикалық саладағы өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты» жақтайтындығын атап көрсетеді. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, «Еуразия» жобасының тұсауы кесілді» деген мақаланы қараңыздар.

***

«Алаш айнасы» басылымында шаруашылықтарға қолдау көрсету мәселесін арқау еткен «Астықты жинап болған соң берілетін субсидияның керегі қанша?» деген мақала берілген. Ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қаржылай қолдау әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Біздің елде де егін шаруашылығы субсидиялатыны белгілі. Дегенмен Қазақстанда егін шаруашылығын субсидиялау тәртібіне диқандар қарсы. Өйткені бұл қайтарымсыз көмек қаржы ұсақ шаруашылықтардың қолына, әдетте, тие бермейді, ал онсыз да мүмкіншілігі мол ірі агрофирмаларға бюджет қаржысын беру тиімсіз. Екіншіден, бұл ақша орақты аяқтап, барлық астықты қамбаға құйып алған соң ғана сол жиналған өнімнің көлеміне қарай берілетіні дұрыс болмай тұр. Ал нағыз қаржы қажет көктемгі егіс, күзгі орақ кездерінде берілмеген көмектің бұл кезде диқандарға керегі де шамалы. Осы жайтты жақында Қызылжарда шаруалармен кездескен Сенат депутаттары мойындап отыр.


«Тараз қаласында этномәдени орталық ашылмақ. Бұл жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын болады. Идея авторына 10 миллион теңге несие берілді. Қолөнерші Захира Мырзахметова бұрыннан-ақ ұлттық киім тігіп, қыз жасауын жасаумен айналысады. Отбасылық бизнестері өрге домалап келеді. Қазақылығы басым өңірде қыз ұзату, үйлену тойы, сүндет той, қысқасы тойдың түрі-түрі толастаған емес. Соған орай сұраныс та артып келеді»,-деп жазады «Алаш айнасы». Бүгінгі жастар үйлену тойында ұлттық нақышта киінгенді құп көреді. Сондықтан да әдемі зерленген, төгіліп тұрған ұлттық киімге тапсырыс берушілер қатары күннен-күнге артуда. Сондай-ақ, қыз ұзататындар жасау жабдығын бір жерден көтере сатып алғанды қолай көреді. Бұл жайында «Этномәдени орталық ашылмақ» деген мақалада жарияланды.

«Алаш айнасы» газеті бүгінгі санында «Жапониядағыдай еңбекке, тазалыққа баулу үшін мектепте еден жууды оқушыларға жүктеу керек пе?» деген сұрақты мамандардың қызу талқысына салып отыр. Әр елдің бала тәрбиелеу тәртібі әртүрлі. Мысалы, түріктер балаларын туа сала еңбексүйгіштікке үйретеді, ағылшындар перзенттерінің болашақта өз-өзіне сенімді болып өсуі үшін үнемі мақтап отырады деген сияқты тағысын тағы. Ал Жапонияда патриоттар мен нағыз еңбексүйгіш азаматтарды тәрбиелеу үшін мектепте өздері отыратын сынып бөлмелерінің еденін жуу жүктелген. «Соңғы кездері мұндай тәртіпті біздің елдегі мектептерге де енгізу керек деген пікірлер жиі айтылып жүр. Алайда баласының еден жуғанын қолдайтын ата-ана кем де кем. Сондықтан бұл мәселеге қатысты қоғамдық пікір екі жақты. Бірі - еңбек еткеннің зияны жоқ десе, енді бірі - бұл жүйе балалардың еңбек күшін пайдаланып, ақша үнемдеу деп біледі»,-деп жазады басылым.

Соңғы жаңалықтар