Отандық тарих Исламмен байланысын ешқашан үзген емес - Бас мүфти
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет бастаған қонақтар Қарағанды қаласына келді. ҚМДБ мәліметіне қарағанда, облыс әкімі Әбілғазы Құсайыновтың жеке қабылдауында болған дінбасы әкімдік ғимаратында облыс басшысының ұйымдастыруымен қала және аудан әкімдері, облыстық құқық қорғау органдарының жетекшілері мен өңірге қарасты бас имамдардың бас қосуымен өткізілген жиынға қатысты.
Өз кезегінде жиында дінбасы ел халқының 70 пайызы ұстанатын Ислам дінінің рухани этикалық талап-ережелері мен адалдық, әділдік турасындағы тұстарына тоқталды. Асыл дінімізді ардақтай отырып, мақсаттас, мүдделес Отандастарымызды алда тұрған ізгі де асқаралы міндеттерді жүзеге асыруды көздеген ынтымақ пен бірлікке үндеді. Радикалдық, экстремистік бағыттағы жатжерлік Ислам атын жамылған әлдекімдердің жымысқы тапсырмасымен мұсылман жұртшылығының арасына жік салғысы келетін адасқан бауырларымызды бөлінбеуге, Отан, ел, дін мұраты жолында бірлесе қызмет етуге шақырды.
«Қазір дінді өз пайдасына қарай бұрмалап, наным-танымдарды шатастырушылар көптеп кездеседі. Біз көтеріп отырған көкейкесті мәселе көршілес елдерде де күнтәртібінде тұр. Біз өз жеріміздің тыныс тіршілігімен сусындаған отандық медреселер мен жоғарғы оқу орындарын ашып діни мамандарды көптеп тартумен аталған кемшіліктерді тоқтата аламыз. Әрине, бұған сабыр мен уақыт керек. Отандық тарих Исламмен байланысын ешқашан үзген емес, тіпті Ислам дәстүрлерінсіз қазақ мәдениетін елестете алмаймыз. Сол себепті әр кезде Ислам біздің рухани дамуымыздың негізгі ұйытқысы болып келді және де солай бола бермек», - деп түйіндеді сөзін Бас мүфти.