«Отандық туризм шетелдіктер үшін тартымды ма?» - баспасөзге шолу

***
«Бітімгершіл күштер - БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен енгізіліп, текетіреске түскен жақтардың арасына түсіп немесе текетірес аяқталған соң бейбіт өмірдің орнауына көмек беріп, араағайындық ізгі ниетті істер атқаратын қарулы күштер. Сыртқы саясатта аймақтық және әлемдік бейбітшіліктің сақталуы мен қауіпсіздіктің орнауын тілеп, маңызды бастамалар көтеріп жүрген Қазақстан жағы да мұндай игілікті істерден шет қалмай, 1993 жылдан бері араағайындық қызметке белсенді түрде араласып келеді. Ал Қазақстанның бітімгершіл күші - «Қазбат» 1993 жылы БҰҰ шешімімен Ауғанстан-Тәжікстан шекарасының есірткі тоқтаусыз ағылатын ең қауіпті бөлігін күзетуге енгізіліп, 2001 жылға дейін қаншама тонна залалдың халықтар арасына тарауының жолын кесті және қаншама лаңкестік әрекеттерді іске асырмады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Басылымның жазуынша, еліміздің даңқын асырып жатқан бітімгершіл күштеріміздің, жалпы бітімгершілік қызметке қатысушылардың әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілуін қолдайтын арнаулы заң әлі күнге қабылданбаған. Олардың іс-әрекеті Конституция мен «Қазақстанның Қорғаныс және Қарулы Күштері туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдармен ғана реттеледі. Бұларда тек, әскери қызметшілерге қатысты әлеуметтік қорғалу мәселелері қарастырылған. Ал бітімгершілік қызметтерге әскерилермен қатар, азаматтық тұлғалар және басқа да мемлекеттік органдар қызметшілерінің тартылуын аталған заңнамалар қамтымаған. Мақала тақырыбы: «Бітімгершіл болса, бітіспес жау жоқ».
Мәскеуде орналасқан «Россия сегодня» ақпарат агенттігінің мультимедиялық баспасөз-орталығында Ресей халықтары Ассамблеясының және Ресей ғалымдары академиясы Шығыстану институтының қамқорлығымен «ТМД кеңістігіндегі этносаралық қарым-қатынастар: Ресей мен Қазақстанның тәжірибесі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Ұлттық саясатымыз - өзгелер үшін үлгі» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, іс-шараны бастау сөзінде Ресей халықтары Ассамблеясының төрағасы Светлана Смирнова Қазақстанда мемлекет пен этномәдени бірлестіктер арасында өзара табысты қатынастардың ерекше тәжірибесі қалыптасқанын айтты. Сондай-ақ, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы ресейлік әріптес Ассамблеядан бұрын құрылып, оған үлгі көрсетіп келе жатқанын атап көрсетті. Оның пікірі бойынша, Ассамблеяны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі басқаратыны осы ұйымның қоғамдағы ерекше маңыздылығын айғақтайды. *** «Туризм саласы өзінің тұнып тұрған табиғатымен және тарихи нысандарымен әлемдік тарихқа қол созуға жарап қалды. Жақында италиялық киногерлер елге келіп кетті. Олар елден аттанарда әлемді инфрақұрылыммен де, қолдан жасалған ас та төк сән-салтанатпен де таңдандыру кешегі күннің еншісінде екенін, бүгінгі әлемге техниканың қолы жетпеген тұмса табиғаты ғана таңдандыратынын айтып, біздің жер туралы деректі фильм дайындауға уәде беріп кетті. Арадағы келісім бойынша, сол елдің спутниктік телеарналары арқылы әлемге танытылмақ», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Отандық туризм шетелдіктер үшін тартымды ма?» деген тақырыптағы мақаласында.
Басылымның жазуынша, мамандар «Қазақстан аумағында туризмнен тапқан табыстың 20 пайызын салық ретінде төлеу міндетті» дегенді айтады. Бұл турфирмалардың іс-әрекетін тығырыққа әкеліп тірейді. Қазақстандағы туризммен, негізінен, орта және шағын кәсіпкерлік саласындағы кәсіпкерлер айналысатыны белгілі.
«Бүгінде дүниежүзі бойынша, туризм саласынан ел бюджетіне түсетін қаржы мұнайдан түсетін табыстан кейінгі екінші орында тұрғанын ескерсек, бұл саланы дамыту бүгінгі күннің талабы екені даусыз. Дегенмен, халықаралық туризм саласындағы жоғары мөлшердегі алым-салықтардың отандық туризмнің бағын байлап тұрғанын жоққа шығаруға болмайды. Елімізде туризмді насихаттау жұмыстары жүргізілмей отыр деу күмәнді. Жұмыстар жүргізілді», - деп жазады мақала авторы.