Отанның қорғаны да, ұйытқысы да - ӘЙЕЛ!
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын көктемнің алғашқы шуақты күндерімен Әйелдер қауымының мерейлі мерекесі де бірге келеді. Көктем мен әйелдің арасындағы ұқсастық та осыдан туындаса керек. Өйткені, көктем де әйел де жер бетіндегі ізгіліктің, нәзіктік пен кеңдіктің көрінісіне ұқсайды. Сондықтан да, 8 наурыз - әлемдегі ең асыл жандардың ең жарқын, ең ерекше мерекесі. Айта кетерлігі, нәзік жандылардың ерекше мерекесі бір ғасырдан астам уақыт бойы дүние жүзінің 80-нен астам елінде, сол секілді Қазақстанда да жоғары деңгейде аталып келеді. Бұл күн әйелдерге зор құрметпен қарауды қанға сіңдіріп, оларға айрықша ізет көрсету, лайықты деңгейде құттықтау дәстүрі жағымды әдетке айналды.
Шындығында, әйел - отбасының ұйытқысы, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. «Әйел - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген де соны білдірсе керек. Осындайда Мемлекет басшысының: «Әйел шексіз құдірет иесі. Тарих тағылымында ең айтулы өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалады», - деген сөзі еске оралады.
Қазіргі заманда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни, әйел азаматтар тек отбасы төңірегінда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеп жатыр. Сонау қиын-қыстау жылдарында елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз. Олардың соңғы уақытта қоғамдық жұмысқа етене араласуы байқалып, саяси қызметтерде өсуі бекіді, мемлекеттік қызметтерде де нәзік жандылардың салмағы айтарлықтай артып келеді. Мемлекет ісінде жоғары, жауапты қызметтер атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен ерекшелініп қана қоймай, Отанымыздың жетістіктеріне де тың дем беруде.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда Қазақстанда кәсіпорын басшыларының жалпы санында әйелдердің үлесі 39 пайызға жеткен екен. Жақында ғана ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова соңғы кездері әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамытуға көп көңіл бөліне бастағанын айтқан болатын. Мәселен, қазіргі таңда Қазақстанда 1 млн. 656 мыңға тарта кәсіпорын басшылары болса, соның ішінде 656 216-сы әйелдер екен. Ал Астана мен Алматы қалаларында бұл көрсеткіш 50 пайыздан асты. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің бизнесінде нәзік жандылар белсенділік танытып отыр. Бұған бір жағынан мемлекеттік қолдау да өз септігін тигізіп келеді. Мәселен, Л.Рамазанованың сөзіне қарағанда, әйелдер кәсіпкерлігін ынталандыруға 1,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл қаржы іскер әйелдерді қолдауға елеулі көмек болып табылады.
Тоқтала кететін жайт, Тәуелсіздік алған күннен бері Қазақстанда мақсатты түрде гендерлік саясат сауатты жүзеге асырылып келеді. Мұның арқасында әйелдерге өздерінің кәсіби және шығармашылық әлеуеттерін жүзеге асыратындай толық мүмкіндіктерге жол ашылды. Дәл осы бағыттағы мемлекеттік саясатқа Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та ұдайы мән беріп, ана мен баланың әлеуметтік қорғалуына, отбасы құндылықтарының бірінші кезекте қаралуын назарға алып, осы мәселелерді ұдайы қолдап келеді. Бұған Мемлекет басшысының еліміздегі түрлі салаларда абыройлы қызметімен көзге түсіп жүрген нәзік жандыларды құттықтауы да дәлел. Елбасының 8 наурыз қарсаңындағы дәстүрге айналған «Көктем шуағы» атты салтанатты қабылдауы биыл да болды. Онда Қазақстандағы әртүрлі мамандық иелері - сала басшылары, әскери қызметкерлер, бизнесмендер, дәрігер, мұғалімдер, мәдениет қайраткерлері болды. «Араларыңызда көпбалалы аналар, бизнес өкілдері, әскерилер, ғалымдар, дәрігерлер, педагогтар, мәдениет пен спорт қайраткерлері, журналистер бар. Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды. 25 жылдағы барлық жетістіктеріміз сіздердің белсене атсалысуларыңыздың арқасында ғана мүмкін болды. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Елбасы Осы нәзік жандылар үшін жоғары міндет - ана ретінде дүниеге бала әкеліп, ұрпақ тәрбиелеу міндеті екеніне назар аударды. Яғни, әйелдердің еліміздің ең өзекті мәселесі - демографияны көтеруге де қосып жатқан үлесі зор. Елбасының айтуынша, әйелдің басты парызы ана болу. Ал Қазақстанның аналары бұл парызды абыроймен атқарып келеді. Мәселен, Тәуелсіздіктің 25 жылында 7 миллиондай кішкентай қазақстандық дүниеге келген. Елімізде әрбір сағат сайын 45 немесе жылына 400 мың бала жарық дүние есігін ашады екен. Орайы келгенде еске сала кетейік, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда, 1 ақпандағы көрсеткіш бойынша Қазақстанда халық саны 17 миллион 693,5 мың адамға жеткен екен. Бұл ретте халық ең көп шоғырланған аймақ Оңтүстік Қазақстан облысы болса, содан кейінгі орындар Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарының үлесінде. Халық ең аз шоғырланған аймақтарға Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары жатады. Дегенмен, соңғы жылдары аталған өңірлерде де демографиялық оң ахуал қалыптаса бастаған.
«Осының бәрі береке мен ертеңгі күнге деген сенімнің арқасында болып отыр. Қазақстанның болашағы - жаңа ұрпақ. Биыл мен баланы қорғаудың кепілі ретінде Қазақстандағы бала құқығы жөніндегі уәкіл туралы Жарлыққа қол қойдым. Отбасы күнін мерекелеу және «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық конкурсын өткізу дәстүрге айналды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан бөлек, Елбасы Қазақстанда соңғы 10 жылда бала туғанда берілетін жәрдемақы - 6,3 есе, бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін жәрдемақы 4 есе өскеніне назар аударды. Сонымен қатар, қазіргі таңда елімізде көпбалалы жарты миллион отбасы мемлекеттік жәрдемақы алып отыр. «Аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік келісімшарттар арқылы атаулы көмек беруге 1,5 миллиард теңге бөлінеді. Мен қоғамның, әрбір отбасының амандығы тікелей әйелдің аман-саулығымен байланысты екенін әрдайым айтып келемін», - деді Мемлекет басшысы.
Шындығында, Елбасы айқындаған мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі әйелдердің әл-ауқатын жақсартумен негізделеді. Әлемде дағдарыс дауылы басылмай тұрса да, елімізде береке мен тыныштық бар. Бұл тұрғыдан алғанда да аналардың тұрақтылыққа қосар үлесі зор екені белгілі. Соған сәйкес, мемлекеттік «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» бағдарламасы және басқа бағдарламалар да әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға мән беріп отырғаны белгілі.
Түйіндей айтқанда, әйел қоғамның тірегі, мемлекет дамуының тұғыры. Тәуелсіздік жылдарында тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда әйелдер қауымының үлесі зор болған болса, ендігі күні де елдік саясаттың осы бағытында мемлекет те нәзікжандылардан ұдайы қолдауға сүйенеді. Өйткені, Елбасы айтпақшы, ел болашағының барлығы, тыныштық пен тұрақтылық саясатының өзегі де әйел азаматтарының қолынан өтеді.