10:54, 10 Мамыр 2009 | GMT +5
Отансүйгіштік сезімді қалыптастыруда соғыс және еңбек ардагерлерінің ерлігін насихатаудың рөлі өте зор ? Сұлтан Жиенбаев
АЛМАТЫ. Мамырдың 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің саны жыл сайын 10 пайызға азайып келе жатыр. Олардың соғыс пен еңбек майданында жасаған ерлігі қоғам тарапынан өз бағасын алды ма? Біз осы сұраққа жауап іздеп Алматыда құрылған әйгілі 100-ші жеке қазақ атқыштар бригадасының соғыс ардагері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаевты әңгімеге тартқан едік.

- Сұлтан ата, мереке құтты болсын. Халқымыздың қаһарман қызы Мәншүк Мәметовамен соғысқа бірге аттанып, бір бригадада майдандас болдыңыз. Әңгімемізді Мәншүк туралы естеліктен бастасақ?-Соғыс басталған кезде Мәншүк Алматыда мединститутта оқып жүрген екен. Күндіз оқуын оқып, кешке халық комиссариатында жұмыс істейтін ол ел басына қиын күн туған кезде «мені соғысқа жіберіңдер» деп өтініш жазады. Алған мақсатынан қайтпайтын табандылығын байқаған соң комиссариаттағы бастықтар 6-шы арызынан кейін амалсыз өз келісімін беруге мәжбүр болып, біздің 100-ші жеке қазақ атқыштар бригадасына жіберді. Мен ол кезде Мәншүкті танымайтынмын. Соғысқа аттанар кезде вокзалдағы қоштасу рәсімінде дәрігерлермен сөйлесіп тұрған кезде көрдім. - Бригадада қыздар көп болды ма?- Майдан шебінде ұрысқа араласқан қыздар бірен-саран ғана болды. Олар соғысқа негізінен медбике боп қатысты. Мәншүк те алғашқы кезде медбике боп жаралылардың барлығына көмектесіп жүретін. Сондай өткір қыз болатын. Ешуақытта ештеңеден қорықпайтын. Оған өзім жараланған кезде көзім анық жетті. Маңдайымнан сүйіп, «Сұлтанжан, айналайын жылдамырақ қайт. Бізге қиын болады» дегенін кейін кітапқа да енгіздім. Бейшара мені аман қалдырып, өзі Нева қаласындағы ұрыста қайтыс боп кетті. Бұл шайқасқа мен де қатыстым. Кейінгі кезде «пулеметке барам, писарь боп отырмаймын» деп, ешқайсысына көнбей алдыңғы шепке сұранып жиі-жиі өтініш жазып жүрген. «Осы соғыста халық жауының балалары өзін көрсете алса ақтайды деп естідім. Әкемді ақтау үшін соғысқа барам» дейтін. Әкесі 1937 жылы қамауға алынып, халық жауы деп атылып кетіпті. Соғыста Кеңес Одағының Батыры атағына бірнеше рет ұсынылып, ол тек қайтыс болғаннан кейін ғана берілді. Мәншүктің жерлеу рәсіміне бүкіл бригада қатысты. - 100-ші жеке қазақ атқыштар бригадасының құрамында болған майдангерлердің қазір қаншасы арамызда жүр. Айта аласыз ба?- Біздің басшылық құрамындағылардың 90 пайызы қазақтар еді. 5 мың майдангердің соғыстан тек 500-і аман оралды. Қазір бүкіл республика бойынша олардың 32-сі ғана қалды. Олардың жетеуі Алматыда тұрады. Олар - Қасымбеков, Кереев, Изатов сияқты майдандастарым. Комиссарымыз академик Сақтаған Бәйішев болды. Закарин деген университет ректоры бізбен бірге қатысты. Қаржы министрі де қатысты. Бегалин деген Мәншүктің киносын түсірген режиссер қатысты. Бригададан 6 Кеңес Одағының Батыры шықты. Қатарымыз жыл сайын кеміп бара жатыр.
Мәншүктің 85 жылдық тойын жасадық. Сонда Неваға арнайы делегация барды. Ол кезде Оралда Қырымбек Көшербаев әкім болатын. Телефон соғып, хатыңызды алдық деп шақырды. Мен Премьер-министр И. Тасмағамбетовке хат жазғам. Қызымыздың 80 жылдығын тойлауымыз керек, ондай қызды ұмытуға болмайды деп. -Ағайын-туыстары бар ма екен?-Алматыда әкесінің қарындастары тұрады. Өзінің әке-шешесі ерте қайтыс боп кеткен. Неваға барып, зиратына гүл қойып, сол жерде митинг болды. Онда үлкен ескерткіш бар. Зиратының басынан гүл кетпейді екен. Халық біз үшін құрбан болған деп жақсы көреді. Онда Мәншүктің атында арнайы көше де бар. -Жалпы 1941-45 жылдары ұрыста қазақтар қалай соғысты.
Қазір кейбіреулер орыстар қазақты алға салып, содан біздің шығынымыз көп болды дегенді айтып жүр. Бұған қалай қарайсыз? -Ерлік жағынан біздің қазақ жастары соғыста өздерін көрсете білді. Ол туралы талай кітаптарда жазылып жатыр. Панфилов дивизиясында Б. Момышұлы өзін қалай көрсетті, екі дүркін Совет Одағының батыры болған Талғат Бигелдинов шықты, одан басқа шығыста мұсылман ешкім жоқ. Әлия мен Мәншүк сияқты екі қыз басқа мемлекеттерде болған жоқ. 100-ші бригадада бірде-бір солдат кейін қашқан жоқ. Мәселен Жеңістің 50 жылдығы кезінде Мәскеуге қазақстандық делегацияны бастап бардым. Оған Ресей, Украина, Белорусия мен Қазақстаннан ғана делегациялар қатысты. -Өткен ғасырдың аяқ кезінен бастап Сталиннің өмірі мен қызметі қайта қаралып, оған жаңаша баға бере бастағандар арасында сын жиі естіліп жүр. Бұл туралы сіздің жеке көзқарасыңыз қандай?-Сталин үшін деп соғыстық, шабуылға бардық. Әрине ол кісінің кемшіліктері болды. Бірақ ол кісі басқармағанда соғыста біз жеңе алмайтын едік деп ойлаймын. Соның мықтылығымен, әбүйірімен жеңдік. Оны барлығы құрметтейтін. Қорқады деп айта алмаймын. Қорықпасқа да болмады. Дегенмен ол туралы бірде-бір генерал жаман сөз айта алмайды. Мен өзім Сталинді бір-ақ рет көрдім. Соғыс бітіп, Мәскеудегі Қызыл алаңда үлкен парад болғанда соған қатысқам. Сонда жақын жерден көрдім. Ол өзі қарапайым адам болған. Байлыққа қызықпаған. Үстіндегі костюм-шалбары, шинелі мен аяғындағы аяқ киімінен басқа ештеңесі болмаған. - Балтық бойы елдерінде бұл жеңіске деген көзқарас жыл өткен сайын төмендеп келе жатыр... Сіздің пікіріңіз?-1942 жылы Калинин майданында болдық. Сонда жанымызға эстон дивизиясы келді. Менің байқағаным, олар соғыста белсенді емес. Бәрі бір-біріне қарап, барғысы келмей тұрғанын байқадым. Шабуыл кезінде де біз алға озып кеттік те олардың көбі артта қалып қойды. Олардың бұл соғысқа деген көзқарасындағы алшақтық сол кезде де байқала бастады. Осыған қарамастан, кейін соғыс біткен соң Үкімет оларға өзге республикаларға қарағанда қай жағынан болса да көңілді көбірек бөлді. Бұл туралы бірде КСРО Сауда министрі Суровтың өзінен де сұрадым. Ол Балтық жағалауындағы елдер бұрын жақсы тұрды, онда осы қарқынды төмендетпеу керек дейтін. Сондай-ақ Қазақ республикасы төрағасыңың орынбасары боп жүргенде бұл елдерге бардым. Бізді жақсы қарсы алғанмен, орыстарды жек көретінін аңғармау мүмкін емес еді. Ол кезде қазақты білмейтін. Қазақтың аты тәуелсіздіктен кейін және Елбасы Нұрекеңнің арқасында ғана шықты ғой. Мен шынын айтқанда, оларға разы емеспін, тарихтан бас тартқанына.- Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде олардың кейбіріне КСРО да басқыншылық жасаған жоқ па?- Бұған баға беру маған қиын. Саясаттан аулақтап, зейнетке шыққаныма 25 жыл болды. Соғыста біз жеңдік қой. Ол баршамызға ортақ жеңіс деп есептеймін. Елбасы бір баяндамасында «егер сіздер жеңісті қамтамасыз етпегенде біз қазір болмайтын едік. Сіздерге мереке кезінде ғана емес, барлық уақытта көңіл бөлуіміз керек»,- деді. - «Ұлы Отан соғысы демей, Екінші дүниежүзілік соғыс деп атау керек» деген көзқарасқа қалай қарайсыз? -Оған өз басым келіспеймін.
- Қазақтардың соғыста көрсеткен ерлігі өз әділ бағасын алды ма?-Соғыста ешкім батыр атану үшін ерлік жасамайды. Бірақ олардың көрсеткен қаһармандығы өзгелерге үлгі-өнеге болды. Өз серіктері үшін өз кеудесін отқа да, оққа да тосқандар көп болды, осы ерлігі үшін бірден батыр атағын беретін. Осыған қарамастан, оларға да, көзі тірі өзге батырларға да лайықты атақ-дәреже берілмеді. Жасыратыны жоқ, орыстарда біраз іштарлық болды. Қазақтардың арасында дарынды офицерлер аз болған жоқ. Бауыржан Момышұлы сондай сом тұлғалардың бірі еді. Оған көзі тірісінде атақ та, шен де берілген жоқ. Алайда оны ел-жұрт бағалап жүр. Ол жағынан кемшілік жоқ. Тек жүйелі мемлекеттік насихат аз. Соғыс және еңбек ардагерлерінің ерен ерлігі туралы түсірілген көркем фильмдер мен драматургиялық және әдеби шығармалардың аздығы соның айғағы. Шынын айтқанда үгіт-насихат жұмысына Ардагерлер кеңесі де аса көңіл бөліп жатқан жоқ. Оны көбейту керек. Жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, отаншылдық сезімін қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстар жүйесіз жүргізілуде. Бұл - ұмытылуға тиіс емес Жеңіс күні. 26 мың ардагер бар. Жыл сайын 10 пайызға азаюда. Шығыста бізден артық қаһарман жоқ, Хиуа Доспановаға да атақты кейін берді. Қазір біздің армия жаман емес, қай жағынан болса да. Біз соғыс болмасын дейміз. Д. Ахметов үлкен жұмыс істеп жатыр. Талай оқу жиынында болдым, бізде бәрі бар. Отансүйгіштікті күшейтуге көңіл бөліп, үлгі болу керек. Мен үйдің жалғыз баласы едім. Мен кеткенде бәрі жылап қалды. Құдайға шүкір, аман келдім, қазір 6 немере 10 шөберем бар. Елге сыйлымын. «Парасат», «Құрмет» орденін алдым.