Отанымыздың соңғы 15 жылдың ішінде қол жеткізген жетістіктердің барлығы - Конституцияның заңнамалық базасында қабылданған нақты әрекетінің жемісі - Елбасы
СТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Конституция - мемлекеттің демократиялық дамуының негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуы өтті. Шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналып отыр,
деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметінен. Конференцияға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде, Президент, Отанымыздың соңғы 15 жылдың ішінде қол жеткізген жетістіктердің барлығы бұл - Конституцияның заңнамалық базасында қабылданған нақты әрекетінің жемісі екенін атап көрсетті.
- Ата заңымызда нақты заң тілінде барлық қазақстандықтарға түсінікті жалпыға ортақ құндылықтар қамтылған. Бұл - достық пен келісімде жүз қырық этнос, қырық алты діни бірлестік өмір сүріп жатқан қасиетті Қазақстан жерінің біртұтастығы, бұл - жынысына, нәсіліне, ұлтына, дініне, тіліне қатысты және басқа да ерекшеліктеріне орай кемсітушілікке тыйым салынғандық. Осы негізде басты Конституциялық қағидаттар - бейбітшілік, тұрақтылық, бүкіл халық үшін экономикалық даму қамтамасыз етіледі», деді Н. Назарбаев өз сөзінде.
Президент, сондай-ақ Қазақстанның ТМД елдері арасында алғашқы болып посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ салық, зейнеткерлік реформаларын жүзеге асырғанын атап көрсетті. Ұлттық экономикамызға жүз миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Тек жаңа жиырма бірінші ғасырдың жеті жылы ішінде біздің экономикамыз екі еселенді. Бұнымен қоса, соңғы он бес жылда жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім жеті жүз доллардан сегіз мың долларға дейін, яғни он бір есе артты.
Тіпті көптеген елдердің даму қарқынын бәсеңдеткен әлемдік дағдарыс жағдайында да, Қазақстанның экономикасы оң серпінін жоғалтқан жоқ. Қазір елімізде қуатты экономикалық өсім жанданып келеді. Бәсекеге қабілетті кәсіпорындар ашылуда, жаңа жұмыс орындары құрылуда.
- Біздің мемлекетіміздің әлеуметтік сипаты туралы конституциялық қағидаттар жаһандық экономикалық дағдарыс салдарымен күрес барысындағы қиын кезеңде де толық көрініс тапты. Ең бастысы, қарапайым адамдарға көмек көрсетілді, деп атап көрсетті Елбасы өз сөзінде.
Президент жиналған қауымды келе жатқан мерекемен құттықтап, оларға табысты еңбек тіледі.
Халықаралық конференция барысында, сондай-ақ құқықтық мемлекеттің және азаматтық қоғамның институттарын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Халықаралық заңгерлер одағының «Фемида» жоғары заңгерлік сыйлығы тағайындалғаны мәлім етілді. Фемиданың мүсінін Халықаралық заңгерлер одағының төрағасы Андрей Требков табыс етті.