Отарда комаға түскен сарбаз: әскери қызметшіге қатысты сот үкімі шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы гарнизонындағы әскери сотта Отарда сарбазды ұрып, жансақтау бөліміне түсірген кіші сержантқа қатысты сот үкімі шықты.

Алматы гарнизонының әскери сотында Т-ға қатысты билікті асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. (ҚК-нің 451-бабының 1-бөлігі)
Сотта анықталғандай, 2024 жылдың маусым айында сотталушы Т. жеке құрамды басқара отырып, әскерге шақырылған сарбаз Ә.-нің ішінен әдейі соққы жасап, оның денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Бұл әрекет арқылы айыпталушы оның абыройын таптап, үстемдігін көрсетуді көздеген.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, тергеу хаттамаларымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденді. Сотталушы өз кінәсін мойындамады.
Жәбірленушінің өкілдері судьядан айыпталушыны заңның барынша қатаңдығымен жазалауды және материалдық шығынды өтеуді сұрады.
— Әскери сот әскери қызметші Т-ны кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, сот жәбірленушінің пайдасына 2 млн-нан астам теңге материалдық шығын өндірді, — деп хабарлады Алматы гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Жамбыл облысында сарбаз жансақтау бөліміне түскен еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаздың комаға түсуіне қатысты мән-жайды зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті.