Отаршылдыққа қарсы шыққан Оспан батыр - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикадағы басылымдарда 3 сәуір, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Әр жерде өтіп жататын, түрлі деңгейдегі ғылыми мәжілістерде, Оспан батыр туралы сөз бола қалса, оның кіммен, не үшін соғысқанына байланысты сұрақтар алдымыздан жиі шығады. Солардың бір парасы: «Оспан кіммен майдандасып, қалай батыр атанды?», «Оспанның басты жауы кім? Ол коммунистік қызыл Қытаймен майдандасты ма? Әлде гоминдаңшыл Чан Кайшимен соғысты ма? Жоқ әлде, Шығыс Түркістан ұлттық әскерімен қырқысты ма?», «Оспан кімге арқа сүйеді? КСРО-ға ма? АҚШ-қа ма? Әлде Моңғолияға ма?», «Оспан жаңа құрылып жатқан Шығыс Түркістан Республикасымен қандай қарым-қатынаста болды?» деген рәуіште болып келеді. Қарап отырсаңыз, мұның бәрі шынында да өте күрделі сұрақтар. Сондай-ақ, Оспан туралы айтылып жүрген әр алуан әңгіменің туындауына да осы сұрақтарға әркімнің әрқалай жауап беруі мұрындық болып келеді.бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Отаршылдыққа қарсы шыққан Оспан батыр» атты мақаласында жазды.
Мақала авторы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлының мәліметінше, Шыңжаңның билік басына алғаш келіп, жартылай патша болып 17 жыл (1912-1928 жж.) дәурен кешкен Яң Дзыңсин де, одан кейін бұл таққа бес жыл (1928-1933 жж.) қонжиған Зинь Шужэн де, он бір жыл (1933-1944 жж.) отырған Шың Шицай да халықты қанау жағынан бірінен-бірі асып түсіп отырды. Әсіресе, 1937 жылдан бастап «Шыңжаңдағы жапон тыңшыларын», «троцкийшілдерді» (анығында түрікшіл, исламшыл, ұлтшыл элитаны) қырып-жоюға келгенде Шың Шицай Сталиннен асып түспесе, кем соққан жоқ. Ресми деректерге қарағанда, 1937-1942 жылдар аралығында қандықол Шың Шицай тұтас өлке бойынша 100 мыңнан астам адамды тұтқындап, оның 4000-нан астамын сан алуан хайуандық қинаумен өлтірген. Осы көрсетілген санның дені елдің игі-жақсылары, халық көсемдері, ақын-жазушылар мен молда-имамдар еді.
Міне, осындай іштей де, сырттай да әбден пісіп-жетілген саяси-әлеуметтік жағдай Қытайдағы жергілікті халықтарды қолына қару алып ұлт-азаттығы үшін атқа қонуға мәжбүр етті. Әсіресе, қазақтар шоғырлы қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Іле өңірінің түкпір-түкпірінен жаппай қарулы көтеріліске шыға бастады. Мәселен, 1940 жылы Көктоғай, Шіңгіл ауданының қазақтары көтерілген болса, 1941 жылы оларға Қаба-Сауырдағы бауырлары үн қосты. Одан кейін Шәуешек, Толы, Дөрбілжін, Сауан-Манастықтар атқа қонды. Араға жыл салып барып Әкбар, Сейіт батырлар бастаған Іле қазақтары аса ауқымды да кешенді көтерілістерін бастап жіберді. Осы көтерілістер, ХХ ғасырдың белортасында бес жылдай (1944-1949 жж.) өмір сүрген әйгілі Шығыс Түркістан Республикасының (ШТР) құрылуына негіз болған ұлт-азаттық көтерілістердің басы еді.
Жалпы, Оспан батыр туралы айту әрі оңай, әрі қиын. Оңай болатын себебі, Оспан батырды білмейтін Алаш баласы кемде-кем. Бұл тұрғыдан келгенде «Оспан батыр» деген бір ауыз сөздің өзі-ақ жеткілікті сияқты. Ал қиын болатын себебі, Оспан өмірі, оның ерлігі, тағдыры секілді іргелі тақырыптар шағын әңгіменің аясына қалай ықшамдасаң да сия қоймайды. Оспанды айту үшін, ол өмір сүрген кезеңдегі тарих сахнасына шығып, 4-5 жыл өмір сүрген ШТР-ды аттап өте алмайсың. Дей тұрғанмен, біздің мақсат, оқырманға Оспанның өмірі мен ұлт-азаттық күрестегі еңбегінен қысқаша мәлімет беру болғандықтан, сол төңіректе ғана сөз өрбітуге тура келеді, дейді автор.
Оның осы пейіліне берді ме, Лондон Олимпиадасында қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин, Светлана Подобедова, Мая Манеза және Зүлфия Чиншанлоға қарсылас шақ келмеді. Олар небір марқасқалардың белін бүктірген зілтемірді тізелері дірілдемей, білектері майыспай бағындырған сайын әріптестерін айнала жүгіріп, қолын шапалақтаған бас бапкердің «қылығы» әлем журналистерінің сүйікті тақырыбына да айналған. Ал оның бұл «еркелігіне» отандастары - қазақстандықтардың Бейжің Олимпиадасы кезінде-ақ көзі үйренген. Өйткені, оның қуанғаны отандастарының қуанғаны, отандастарының қуанғаны оның отбасының қуанғаны болатын. «Ол» деп жұмбақтаған кейіпкеріміздің кім екенін өздеріңіз де біліп отырған шығарсыздар. Ол - кәдімгі Алексей Геннадьевич Ни. Бұл туралы «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы «Отандас» атты мақалада жазылған.
Мақалада бапкердің балалық шағынан бастап, өсу жолына дейін егжей-тегжейлі баяндалады. Бүгінде Алексей Ни басқаратын арыстан жүрек алыптар әлем рейтингі бойынша Қытай командасынан кейінгі екінші орында тұр. Бірақ біздің Алексей болашақта Қытай мен Ресей командасын да артқа тастайтынына сенімді. Бүгінде шетелдіктер де қазақ ауыр атлеттерін құрметтейтін, олардан үйренетін болған. Қазақ елінің зілтеміршілері Кеңес өкіметі кезінде де мықты болған. Олимпиада чемпионы атанған Юрий Зайцев, Виктор Мазин, Анатолий Храпатый - бәрі қазақстандықтар.
Биыл күзде Астана қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтеді. Оған қатысуға қазірдің өзінде 100-ден астам ел тілек білдіріп отыр. Ал 2015 жылғы әлем чемпионаты АҚШ-тың Хьюстон қаласында болмақ. Рио-де-Жанейро алдындағы шешуші айқастың тағдыры да осында шешілмек. Қасиетті Әулиеата жерінде дүниеге келіп, қазақтарды әлем жұртшылығына танытып жүрген корей ұлтының өкілі Алексей бауырымызға Рио-де-Жанейро Олимпиадасында да қазақтарды алақайлай қуантатын ақ жаңбыр табыстар тілейміз, дейді мақала авторы.
***
«Британия билігінің сарапшылары доңыз еті мен одан дайындалған шұжықтан Е гепатиті жиі шығатынын және оны жұқтырған адамдар жыл сайын мыңдап көз жұмады деп дабыл қағып отыр», - деп жазады «Айқын» газеті muslim.kz сайтына сілтеме жасап.
Жыл сайын 65000-ға тарта адам жеткілікті деңгейде термикалық өңдеуден өтпеген доңыз етінен әзірленген тағам түрлерінен Е гепатитін жұқтыратынын арнайы жүргізілген зерттеу көрсетті.
Сарапшылар шұжық өнімдерінің 10 пайызынан бауыр ауруын тудыратын әрі аяғы ауыр әйелдерді өлімге апарып соқтыратын қауіпті вирус табылуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Елуді еңсерген адамдардың гепатит вирусын жұқтыру қаупі тіпті жоғары. Зерттеу нәтижесінде доңыз етінің 85 пайызында гепатит вирусы болатыны анықталды.
Украинаның «Днепр» клубының ойыншысы Джаба Канкава өзінің әріптесін аман алып қалды. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санында жазды.
«Днепр» мен «Динамо» Киевтің арасында Днепропетровскіде өткен ойынның 22 минутында «Динамоның» жартылай қорғаушысы Олег Гусевпен соқтығысып қалған ойыншы ауыр жарақат алды.
Қақпашының тізесі Гусеевтің жақ сүйегіне қатты тиіп, ол жерге оңбай баспен құлаған. Сөйтіп оның жақ сүйегі қарасып қалған, сонымен қатар, қатты соққыдан Гусеевтің тілі ішке қайрылып кеткен. Оның ес-түссіз жатқанын көрген Джаба Канкава жүгіріп келіп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Ол екі қолымен футболшының қарысып қалған жағын ашып, дем алуына мүмкіндік берген. Содан кейін ғана барып, Олег Гусев есін жинаған.
«Ол құлаған сәтте мен оның жанында болдым. Сондықтан тезірек көмек көрсетуге ұмтылдым. Мұндай жағдай Грузия құрамасында ойнап жүрген уақытта да кездескен. Сондықтан осындай тосын сәтте қалай істеу керектігін білемін», - дейді Джаба Канкава.
«Джава Олегтің жағын ашуға күш жұмсап жатты. Мен оны жанымен жатқызып, тілін қайтадан орнына келтіруге тырыстым,- дейді екінші ойыншы Артем Федецкий. - Олегтің тілін қатты тістеп алғаны білінді. Біздің жедел көмек көрсетуіміздің арқасында ол аман қалды». Сөйтіп қос футболшы алаңдағы қарсыласы әрі әріптесі Олег Гусеевті осылай аман алып қалған көрінеді.
***
Индонезия басшылығы Тынық мұхитының шығыс бөлігіндегі жер сілкінісінен пайда болған толқын елдің жағалауына жетуі мүмкін деп дабыл қағуда. Бұл туралы «Экспресс-К» газеті бүгінгі санында жазып отыр.
Билік азаматтарға жағалауға жақындамауға кеңес беріп отыр. Ал Тынық мұхиттық цунами туралы ескерту орталығы тынықмұхиты аумағына ешқандай қауіп төніп тұрмағандығын, алайда Гавай аралдарына сақтық шараларын жасауды ескерткен.
Айта кетейік, 8,2 баллдық жер сілкінісі кеше Тынық мұхитының Чилимен түйісетін жерінде болған. Чили, Эквадор, Коста-Рика елдері үшін цунами дабылы қағылып отыр. Ал Оңтүстік Американың жағалауына толқындарының биіктігі 2 метрден асатын цунами келіп жеткен. Соңғы мәліметтер бойынша, Чилидегі жер сілкінісінен 5 адам мерт болған.