Отбасы банк ипотекаға қабылданатын үйлерге қойылатын талаптарды өзгертті
АСТАНА. KAZINFORM – Отбасы банк кепілге қабылданатын тұрғын үйлерге қатысты талаптарды жаңартты. Енді бетон және керамзитбетон негізіндегі панельді үйлердегі пәтерлердің пайдалану мерзімі бұрынғыдан 10 жылға ұзартылды, деп хабарлайды Отбасы банк.
Бұған дейін мұндай үйлердегі пәтерлер үйдің пайдалану мерзімі 50 жылдан аспаған жағдайда ғана кепілге қабылданатын. Енді бұл мерзім 60 жылға дейін ұзартылды.
– Енді Отбасы банк кепілге бетон және керамзитбетон негізіндегі панельді үйлердегі пәтерлерді, егер кредиттік өтінім берілген күні үйдің пайдалану мерзімі 60 жылдан аспаса, қабылдайды. Бұған дейін бұл мерзім 50 жыл болатын, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар банк СИП-панельдерден салынған жеке тұрғын үйлерді де кепілге қабылдай бастады. Мұндай үй құрылыс салушыдан сатып алынуы және кредиттік өтінім берілген күні пайдалануға берілгеніне 5 жылдан аспауы қажет.
СИП-панельден салынған тұрғын үйге бірқатар талап қойылады. Атап айтқанда, СИП-панельдердің сәйкестік сертификаты болуы тиіс. Үйдің іргетасы суға төзімді материалдардан – темірбетон плиталардан, бетоннан немесе бут тасынан салынуы қажет.
– Үйдің ішкі және сыртқы әрлеуі толық аяқталып, барлық қажетті инженерлік коммуникациялармен – сумен, жылумен, кәріз және электр желілерімен қамтамасыз етілуі тиіс, – деп түсіндірді банктен.
Жаңа талаптар Отбасы банк арқылы ипотекалық несие рәсімдеу кезінде кепілге қабылданатын тұрғын үйлердің аясын кеңейтеді.
Айта кетейік, алматылықтарға тұрғын үй маңынан бір автотұрақ орны тегін беріледі.