«Отбасы капиталы»: Депутат әр төртінші балаға 5 мың доллар төлеуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында елдегі демографиялық ахуалды «Отбасы капиталы» бағдарламасы арқылы жақсартуды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform.

«Елімізде 550 мың көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған 107 мың отбасы бар. Олардың жартысынан көбі баспанасыз.
Біріншісі, денсаулығына қосымша қаражат қажет, екіншісі, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын жасауымыз керек. Бізде қаншама аналар балаларын жетектеп не үй ала алмай, не бала еміне ақша таппай жүр.
Қазіргі біздің елімізде болып жатқан мәселелердің барлығы осы жоқшылықтың кесірінен. Қаншама ата-аналар осылай табыс табу үшін бірнеше жұмыста істеп балаларын үйде қараусыз қалдыруға мәжбүр», - деді депутат.
Сондай-ақ, ол 32 жылда Қазақстан халқының саны 4 миллионға ғана өскенін проблема өтіп көтерді.
«Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары отбасында төртінші бала туғанда немесе отбасыда ерекше бала болса, 5 000 АҚШ доллары, яғни 2 млн 300 мың теңге мөлшерінде «Отбасылық капитал» бағдарламасын іске қосуды ұсынады.
Бұл капитал үш бағытта жұмсалуы жоспарланады. Бірінші, үйсіз жүрген отбасыларымыз баспаналы болу мүмкіндігі пайда болады. Екіншісі, білім ала алмай жүрген көпбалалы отбасынан шыққан балалардың арманы орындалады. Үшіншіден, бұл қаражатты отбасылар балаларының денсаулығын жақсартуға қолдана алады.
«Отбасылық капитал» сияқты мемлекеттік қолдаудың мұндай жүйесін енгізу елімізде халық санын айтарлықтай арттырады және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қай жағынан болса да нақты көмек болады», - деді Гаухар Танашева.