Отбасының кірісі мен шығысы есептеледі: АӘК жаңа тәртіппен тағайындалады

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 16 маусымнан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау мен төлеудің жаңартылған қағидалары күшіне енеді.

Атаулы әлеуметтік көмек: кімдер алады және қалай тағайындалады
Фото: Kazinform

Тиісті бұйрыққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі биыл 30 мамырда қол қойды. 

Жаңашылдықтың мақсаты — жүйені дәлірек әрі әділ ету. Енді көмек тағайындау кезінде өтініш берушінің кірісімен қатар шығысы да ескеріледі. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, аталған шаралар мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтарды анықтап, көмекті нақты мақсатты топқа бағыттауға мүмкіндік береді.

Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері туралы барлық қажетті мәлімет электрондық үкімет арқылы автоматты түрде сұралады. Азаматтық мәртебесі мен тіркеу орнынан бастап көлік, жылжымайтын мүлік, депозиттер, банк қарыздары, еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістерге дейінгі мәліметтер мемлекеттік органдардың дерекқорынан алынады. Тіпті банк карталары арқылы жүргізілген шығын да есепке алынады.

Сонымен қатар, асырауындағы жандардың оқуы, еңбек етуі, алименттің тағайындалуы, отбасы мүшелерінің еңбекке жарамдылығы мен біліктілігі де тексеріледі.

Ведомствоның ақпаратынша, аталған қадам әлеуметтік көмекті тек мұқтаж жандарға тағайындау үшін жасалып отыр. 

Еске салсақ, бұған дейін атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі өзгеретіні туралы хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар