«Өте ме Құрманбексіз келер күндер...»: Айтыскер Жамалхан Қарабатырқызының әріптестерін жоқтауы

Жамалхан Қарабатырқызының жоқтаулары
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Жоқтау дауыс айту деп те аталады. Қазақ халқының әдеп-ғұрпында адам қайтыс болғаннан бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылады. Жоқтау – өлеңдік ұйқас пен жазылатын, айтылатын өлімге бағытталған, махаббатқа толы, философиалық толғанысы қамтылған, автордың қайғылы түрде терең сезіммен еске алуын білдіретін лирикалық өлең-жыр.

Қазіргі уақытта ұмыт болып бара жатқан сол дәстүрлі жоқтау жырларын жалғастырушылардың бірі, Қытайдағы айтыс өнерінің көрнекті өкілі Жамалхан Қарабатырқызы еді. Біз бүгін айтыскер ақын Жамалханның тек айтыс өнерінің жалғастырушы ғана емес, қазақтың жоқтау жырларын да жаңғыртушы болғаны туралы жазылған ақын Кәдірхан Қизатұлының «Жамалхан Қарабатырқызының айтыстағы әріптестерін жоқтауы» деген тақырыптағы мақаласын ұсынамыз.

***

Жамалхан Қарабатырқызы 1941 жылы 29 ақпанда ҚХР-ның Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін ауданының Жайыр тауында дүниеге келген. Ол – Шынжаңдағы қазақтардың айтыс өнерінің көшін бастаушы тұлғалардың бірі. Жамалхан Қарабатырқызы – Қытай мемлекеттік фольклор қоғамының, Мемлекеттік аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының мүшесі, Іле Қазақ автономиялы облысының Халықтық саяси консультативтік кеңесінің тұрақты мүшесі міндеттерін атқарған. Сонымен бірге ақын ауыз әдебиеті және оның кейбір түрлерін зерттеуге ден қойған. Атап айтқанда, «Айтыс және менің әріптестерім», «Бердіхан қандай ақын», «Ауыз әдебиетіндегі әйелдердің орны», «Көркемдік пен шешендік», «Жоқтаулар нені айтады?», «Айтыстың мінезі», «Бесік жырының белгісі», «Ауыл әуендері», «Жыр нөсері», «Жарты әлемнің жарық жұлдыздары», «Ақындар айтысы» (2 том) және «Қазақ қолөнершілігі» секілді көптеген сын-зерттеу еңбектерінің авторы. Ақын 2022 жылы 2 шілдеде өзінің туған жері Дөрбілжін ауданында 82 жасында дүниеден өтті. 

Жамалхан Қарабатырқызының жоқтаулары
Фото: Kazinform

Жамалхан Қарабатырқызының 60 жылға жуық айтыс сапарында көптеген айтыскермен айтыссада, ұзаққа қатарласып шапқан бәйгедей табандап айтысқан үш әріптесі болды. Олар Бердіхан Абайұлы, Жұмағали Құйқабайұлы, Құрманбек Зейтінғазыұлы еді. Өмірде сыйлас дос, сахнада қарымды қарсылас болып өткен үшеуі де өкінішке қарай Жақаңнан бұрын өмірден өтті. Қасындағы сенімді серіктерінің бәрінен айырылған майдангердей жалғызсыраған Жамалхан ақын сол қадірлі әріптестерінің азалы күнінде күңірене жоқтау айтқанына көптеген замандасы куә болды.

Ең әуелі 1990 жылы 7 наурызда Жамалханның төл әріптесі Қытай қазақтарына белгілі айтыскер Бердіхан Абайұлы 49 жасында науқас себебінен қайтыс болды. Бұл хабарды естіген Жамалхан бірнеше жора-жолдастарын ертіп Бекеңнің ауылына жетеді. Анадайдан ағыл-тегіл жылап келе жатқан Жақаңа жұрт жарыла жол беріп, Бердіханды не деп жоқтар екен дегендей құлағын түріседі. Сонда Жамалхан ақын былай деп жоқтады:

«Қайғылы келер жылауға,

Қайғысыз келер сынауға.

Ақыннан қалған ұрпақтар,

Халіңді келдім сұрауға.

Атанға артар жүгімді,

Тайлаққа қайтып артайын.

Бекеңе айтар сөзімді,

Басқаға қайтып айтайын.

Алашқа таныс арысым,

Туған ең елдің бағы үшін.

Майданнан бірге қайтушы ек,

Көтеріп елдің намысын.

Еліңде жүрген ерке едің,

Сөзімді бастар серке едің.

Қанатым едің самғатар,

Қайғының күйін шертейін.

Тағдырға салған көнерміз,

Орныңды кіммен теңерміз.

Күллі әлем сыйған кеудеңді,

Көрге сап қалай көмерміз...»

Осылай басталған жоқтау біразға дейін жалғасты.

Қаралы жиынның басқарушысы жерлеу рәсімінің уақыты болып қалғанын ескертіп, Жақаңа соңғы рет әріптесімен қоштасуын өтінеді.

Ж.Қарабатырқызы талай жылғы айтыстағы әріптесі Бердіханмен қоштасу өлеңін оқыды:

«О, менің ақын Бекем, қайран Бекем,

Мына жұрт айтыс ашқан майдан ба екен,

Өзіңмен тізе қосып бірге айтыспай,

Дәриға-ай, көріс айтып қайдан кетем.

Ақ жарқын мінезің-ау, аңқылдаған,

Дауысың тұр, құлағымда саңқылдаған.

О, шіркін есіл, сабаз қайран ақын,

Той көрсе, топты көрсе тартынбаған.

Мен келіп тірі отыр ең кеше ғана,

Қаумалап жан-жағыңнан неше бала.

Өмірден сансыз ақын тусадағы,

Өзіңдей дарынды боп өсе алама.

Сен сонда қарсы алып ең ұйықтамай,

Ыңқылдап төсегіңді тұйықтамай.

Түсінген күллі әлемді қайран жүрек,

Жатасың бір үңгірге сыйып қалай», - деп өнер сапарын ұзақ жыл бірге арқаласқан айтыскердің келте ғұмырына кейістік білдіреді.

Жоғарыдағы жоқтауға назар салсаңыз, «Атанға артар жүгімді, тайлаққа қайтып артайын» деп Бекеңнің айтыстағы орнын биік бағалайды. Сондай-ақ өзінің де осынау өнер биігіне шығуына қатарлас болып бірге самғаған ағылескер әріптесінің келте ғұмырына өкініш білдіреді.

Тіпті, оның алтын сақтаған сандықтай сегіз қырлы, бір сырлы кеудесін жер қойынына тапсыруға қимастық сезімін білдіріп қиналады. Иә айтыс өнері сынды асыл мұраны бірге көтеріскен серігінен орта жолда айырылу Жамалхан үшін оңай болмаған еді.

***

2011 жылы 9 қаңтар күн жексенбі еді. Жаймен тұрып телефонымды енді ғана қолыма ала бергенімде безілдей жөнелді. Көтерсем, аудандық саяси кеңестің кеңсе меңгерушісі Мәукен Рақымбайұлы екен, ол Қытай қазақтарына танымал айтыскер ақын Құрманбек ағаның кеше кеште қайтыс болғаны туралы хабар келгенін айтты. Бұл тосын хабардан соң ойыма келгені талантты айтыскер ақын Құрманбектің айтыс өнеріндегі ұзақ жылдық әріптесі Жамалхан Қарабатырқызына арнайы телефон соғып көңіл айту болды.

Ертесінде Шыңжаң халық радиосының «Гәкку» атты бағдарламасында қобыздың мұңлы сарынымен басталып, іле-шала айтыс өнерінің ақсақалы атанған Құрманбек Зейтінғазыұлының қайтыс болғаны хабарланды. Соңынан Құрекеңнің өмір мен өнер жолына аздап шолу жасай келіп, дарынды ақынның сырқат меңдеткен соңғы сәтте жазған «Елге сәлем» деген қоштасу сипатындағы өсиет өлеңін оқыды. Осыдан кейін Құрекеңнің айтыстағы ұзақ жылдық әріптесі Жамалхан Қарабатырқызының өзі оқыған жоқтау өлеңін ұсынылды.

«Қос Шіңгіл не күйдесің, не көрдіңдер,

Өтеме Құрманбексіз келер күндер.

Қасқайған қара өлеңнің қара нарын,

Апарып қай белеске шөгердіңдер.

Оу, қайран әріптесім, дүлдүлім-ай,

Қалайша жыр керуені тынды бұлай.

Киелі қара өлеңнің тауы құлап,

Айтыстың арқа-белін сындыруы-ай.

Жапанда жалғыз қалған күйге кіріп,

Үн-түнсіз еңіредім үйде отырып.

Қалдырып, сахнасын, салтанатын,

Кеткені-ай «ақ шапаны» сүйретіліп.

Қалғандай өзім жалғыз елден бұрын,

Қашқақтап ауызымнан келген жырым.

Құрманбек емес бүгін қаза болған -

Сезіндім сөз әкесі өлгендігін.

Опасыз өте шықты жалған мына,

Өлмейді шын ақыннан қалған мұра.

Көтеріп зіл қайғыны тұр-ау бүгін,

Құрманбек көп ұстаған сары домбыра», - деген қоштасу өлеңін оқыды Жамалхан Қарабатырқызы.

Осыдан төрт күн өткен соң Тарбағатай аймағының уәлиі (әкімі – авт.) Мәнен Зейнелұлының ұйымдастыруымен Тарбағатай аймақтық жазушылар одағынан, әкімшілік мекемесінен, Дөрбілжін аудандық мәдениет саласынан және Жақаңның бірнеше шәкірттері бар екі машинамен бір нөкер болып ақын Құрманбектің ауылы Шіңгіл ауданына қарай жол тарттық. 800 шақырымнан астам алыс жолды артқа тастап қас қарая қос Шіңгілге жеттік. Хабарласып күтіп тұрған аудан басшылары алдымыздан шығып, «Ұзақ жолдан шаршап келдіңіздер» деп қонақасын берген соң, қонақ үйге орналастырды. Ертесі таңертеңгі шайдан соң аудан орталығындағы Құрекеңнің отбасындағылар мен туыс-туғандарына ертіп барды. Қадірлі әріптесінің қатар отырған үш ұлын көргенде Жақаң жәй сәлемдесіп өтпей, Құрекеңнің кенже ұлын аналық бауырына баса дауыстап:

«Не күйде тұрсың қарғам-ай,

Опасыз мынау жалған-ай.

Елу жыл мұра сүйреген,

Шаң жұқпас қайран тарлан-ай.

Әкесіз күнді басыңа,

Баянсыз тағдыр салғаны-ай.

Арманын жалғап ұрпаққа,

Бір күнде ғайып болғаны-ай», - деді ақын.

Ақын сыртқа көп аялдамай, үйдегі әйелдерге қарай жол алды. Жоқтаудың көкесі осы жерде болды.

Жақаң үйдегі көрісуін Құрекеңнің жарты ғасыр бірге өмір кешкен жары Кәшімхан апайдан бастады:

«Отырсың құрбым бүгіліп,

Дүниеден мынау түңіліп.

Қадірлі қайран құрбым-ай,

Алдымнан шығар жүгіріп.

Дүние деген баянсыз,

Сұм жалған екен айалсыз.

Аңқылдақ еді-ау Құрекең,

Көңілі кірсіз, қаяусыз.

Аз ғана күнге көңілің,

Өсетін жалған осы ма?

Бақ пенен сорды белшеңнен,

Кешетін жалған осы ма?

Опасыз жалған дүние,

Десетін жалған осы ма?

Қайтіп бір келмес қасыңа,

Қайғы бір түсті басыңа.

Ажалдан хабар келген соң,

Қаратпас ішкен асыңа.

Армансыз кеткен тарланға,

Аһ ұрып құрбым жасыма», - деп толастай бергенде Жақаңды Құрекеңнің үлкен қызы Нұршат бас салып әкесінен айырылып қалғанын шағына айтып көрісе кетті:

«Мінгендей атым торқасқам,

Тобынан ұзақ жол басқан.

Жиналып жұрты жатса да,

Орныңыз тұрды толмастан.

Жан әкем еді кемелді ой,

Өмірі тұтас өлең ғой.

Жолыңды апа көп күттім,

Әкемді ертіп келердей.

Келмеске әке бет бұрдың,

Өлеңнен дауыл соқтырдың.

Тең тартқан жүкті тарланның,

Сыңары қайда деп тұрмын.

Көлеңкең кетіп басымнан,

Көзімнің жасын төктірдім.

Өзіңді көріп жан апа,

Келгендей әкем боп тұрмын...», - деп біразға жалғасқан Нұршаттың жоқтауы естіген жұрттың сай сүйегін сырқыратты.

Осындайда жаның езіліп тұрып, жақсылардың артында жүйелі жоқтау айтатын ұрпақтың болғанына да шүкірлік етіп, іштей жұбаныш табады екенсің.

Нұршат жоқтауын айтып болғанша аналық мейіріммен құшағына қысып үнсіз егіліп тұрған Жамалхан апамыз ақынның қызы толастай бергенде:

«Жылайын Нұршат өзің деп,

Ақыннан қалған көзім деп.

Ескі көздер кеткен соң,

Кімге де жүрер сөзім деп.

Ашылып айтар сырым-ай,

Бұлт шалмаған нұрым-ай.

Күллі қазақ баласын,

Тербетіп тұрған жырым-ай.

Көп ішінде көсемім,

Той төрінде шешенім.

Аямай елден білгенін,

Құйып бір өткен нөсерім.

Қадірлі қайран құрбым-ай,

Сайраған таңға бұлбұл-ай.

Аралап талай ел-жұртты,

Салдық пен сауық құрдың-ай.

Білмегенді білгізген,

Кеудеңе қалам ілгізген.

Қормалың қайдан табылар,

Көлеңке сай мен жүргізген.

Асқарда тауың тірегің,

Бірегей туған біреуім.

Бірегей әкең көз жұмып,

Езілді-ау қарғам жүрегің» деп толастаған еді. Бал тілімен екі ақынды да сүйіндіріп, батасын алған жас та талантты айтыскер қыз Жәмиға Дәулетқызы Жақаңмен көрісті әрі қарай іліп әкетті:

«Көтерген ауыр тоғанақ,

Екі арыс едің қазақтың.

Өнерің өлмес болса да,

Өмірің екен аз-ақ күн.

Қия алмай атам ел-жұртын,

Сарғайып жатты санап күн.

Алтайдың елін апатай,

Жолыңа неге қараттың?

Ақорда елің ақ түңлік,

Өнерде едің аққу жұп.

Бірінен міне айырылдық,

Жанардан міне жас сырғып.

Ойлашы апа ұстазын,

Жоқтаған шәкірт нақ мұңлық.

Алтайдың елін кеш апа,

Тостырмай соңғы сапарға,

Жер қойынына тапсырдық...», - деген Жәмиғаға Жамалхан апамыз былай деп қарымжы қайтарады:

«Жылаймын күнім сен десем,

Аруақтан ұят келмесем.

Ауырмай ішім тұрар ма?!

Анықтап хабар бермесең.

Ақынның мынау текті елі,

Болмаңдар маған өкпелі.

Жерлемей-ақ жетер ем,

Шіңгілге болдым өкпелі.

Аққудың қалды сыңары,

Емілде еді деп тұрағы.

Айтайық деп шалдары,

Серісі мен салдары.

Айғай салса көп пе еді.

Жар басында шынармын,

Сел соққанда сынармын.

Қатарым түгел аттанып,

Жыр көлінде сыңармын.

Тәңірдің салған ісіне,

Қиында болса шыдармын.

Керуеннің басы ед ту алған,

Көргенде жұрты қуанған.

Өлкенің бүкіл ақыны,

Артынан көштей шұбалған.

Соның да бәрі ғайып боп,

Көзіңді сүрттің жылаудан.

Жылама қарғам Жәмиға,

Әкесіз қызды ел тани ма.

Құрекең мұнда болмаса,

Сендерге өнер дари ма.

Білімді кісі білмеске,

Иілуден ари ма,

Жарқырап тұрған маңдайдың,

Кетуі-ай сыймай пәниға».

Жамалхан ақын бір сөзінде жоқтауда да айтыс бар деуші еді. Міне, осы жолғы жоқтауда Жәмиға мен Жақаңның бір-біріне сұрақ қойып, жауап қатысуы, жоқтауда да айтыс болатынын дәлелдегендей болды.

***

Жамалхан апамызбен айтыстағы енді бір әріптесі Жұмағали Құйқабайұлы еді. Жұмағали жоғарлап оқыған әрі көкірегін толтырып тоқыған білімді ақын болған еді. Ол Қытайдың Тарбағатай аймағының мәдениет саласында басшылық қызметтер атқарған.

Жүкең жұлып алма сөздің жүйрігі еді. Тарбағатай көлемінде қазірге дейін «Жұмағалидың жұлыпалмалары» деген тапбермеде тауып айтылған өлең тіркестерін көптеген айтыс жанкүйерінің аузынан естуге болады. Замандас әріптесі болған соң Жақаңмен де көп айтысқан, әзіл өлеңдері де баршылық еді. Оның барлығы Жұмағалидың «Мың бұлақ» атты екі томдық жинағында толық қамтылған болатын.

Жүкең 1996 жылы 22 наурызда 58 жасында науқастан өмірден озады. Алпысқа да жете алмай қалған қадірлі замандасының қазасы Жамалханға да ауыр тиеді. Ақынның аңырап қалған отбасына барғанда Жұмағалидың жұбайына:

«Бірге өткен есіл шақтар-ай,

Басыңнан өтер тоқтамай.

Жарқырап тұрған жұлдыздың,

Мезгілден ерте аққаны-ай.

Аңқылдап шығар құрбымның,

Аруақ болып жатқаны-ай.

Орны қалды аңырап,

Тұрармыз қалай жоқтамай.

Өзің деп Гүлнар жылайын,

Басыңа түсті уайым...», - деп жақтаған еді.

Өнер жолындағы сапарласы Жұмағалидың қазасына күңіренген күй кешеді де, соңында былай деп өлең жазады:

«Ащы мұңба кернеуі өзегімнің,

Айтыңдаршы біледі себебін кім?

Қобалжиды жүрегім әлде неге,

Жайсыз боп тұр көңілім неге бүгін.

Сақтап келген ұлтымның мұрағатын,

Сарайыңда сарқылмас тұрады ағын.

Туған жердің тұлғасын сілкіндіріп,

Бір биіктің естідім құлағанын.

Ажал жетсе кеудеңнен тынысты алар,

Қан тамырың, кілеткаң құлыпталар.

Қайран Жүкең көшті деп дүниеден,

Кеңістікті шарлады суық хабар.

Намысың нар, тұлғаң тау, асқақ ақын,

Намыссыздар кәріңнен жасқанатын.

Өлеңменен үйірген дырау қамшың,

Көкенайдай еліңді басқаратын.

Арғы жақ шақырдыма аламанға?

Не жөнің бар асығыс аттанатын.

Жүкең, Бекең өркеші Орқашардың,

Екеуің емес пе едің қос қанатым.

Кешіп жүрген мамырлап өнер көлін,

Сусыны едің сусаған көрерменнің.

Әлім жетпес амал не Жаратқанға,

Сөзім өтсе қолымнан берер ме едім.

Өлең тиеп келместің кемесіне,

Өлмес мұра қалдырдың ел есіне.

Құлазуда жоқ емес, өкпе тағы,

Мені жалғыз тастаған жел өтіне.

Алашқа аты таныс қайран тұлға,

Енді артына бет бұрып айналсын ба?

Өмір ғой бұл таусылмас сағынышы,

Қатарында жүргенде ойлансын ба?

Ауыздығын шайнаған айлық жолда,

Көкбестіні көсілткен майдансың ба?

Өлмес өлең қалдырдың кейінгіге,

Дүние тұрмағанмен қаз-қалпында.»

Осы жоқтау жырын оқып отырсаңыз Жақаңның қатарлас әріптестерінің мезгілсіз қазасына қабырғасы қайысып «Әттең Тәңірге сөзім өтпейді-ау, сөзім өтсе екеуің үшін алдына өтініш етіп барар едім» деп, өнердегі достарына деген ерекше құрметін білдіреді. Енді бірде «Екеуің жыр майданына жалғызсыратып мені тастап кеттіңдер» деп бақилық болған әріптестеріне баяғы көңілмен назын да білдіреді.

Қандай достық, қандай қимастық десеңізші. Қарап отырып бірін-бірі демеп жүрген, жебеп жүрген тұрғыластардың іштарлықтан құлан таза аулақ, тек өнерге деген ортақ құштарлық пен бір-біріне болған шынайы құрмет пен достықты ғана көресің. Сосын толқисың, риза боласың, бізде солай болсақ деп армандайсың.

Иә Жамалқан, Құрманбек, Бердіхан, Жұмағалилар да бір дәуірде туып, бір өнерді қуған, достықтары жарасқан, бір-бірімен бағы асқан қазақтың маңдайына біткен біртуар талантты тұлғалары еді ғой! Өмірге бір мезгілде туды, өнерді бірге қуды, бақиға ертелі-кеш аттанып, есімдірі бірге аталып тұрды.

Жамалхан Қарабатырқызы бір өлеңінде былай деп толғаған еді:

«Жылады деп сөкпеңдер жылағанды,

Кім Тәңірден қайғыны сұрап алды.

Қиын емес күлдіру мың адамды,

Оңай емес уату бір адамды.

Жылау тынса өмірдің мәні тынар,

Жылаудың да өзіндік шабыты бар.

Көңіліңнің көлкіген көк тұманы,

Көзіңізден сел болып ағытылар».

Тарихтағы өмірден өткен жақсыларға не бір айтулы тұлғаларға айтылған, жазылған жоқтаулар ұлттық рухани құндылығымыздың қасиетті бір тармағы деп есептесек, Жақаңның бұл жоқтаулары сол мұрамызды өзінің дара стилімен қайта жаңғыртып еді. Бұл мақалам есті оқырманға ортамыздан жоғалып бара жатқан бір мұғжизалы мұрамызды қайта бір еске түсірері хақ.

Соңғы жаңалықтар