Отырар қалашығынан XIII-XVIII ғасырларға тиесілі құнды жәдігерлер табылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысындағы Отырар қалашығында археологиялық қазба жұмыстары барысында XIII-XVIII ғасырларға жататын тарихи нысандар мен құнды жәдігерлер анықталды.
Отырар қалашығында Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожа бастаған топ археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.
Қазба жұмыстары Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің қолдауымен жүзеге асты.
Ғалымның айтуынша, зерттеу жұмыстары биыл маусым айының басында басталған. Нәтижесінде бес құрылыс қабатына жататын археологиялық кешендер анықталды. Жоғарғы қабаттардан тұрғын және шаруашылық бөлмелері, қыш күйдіретін пештер мен қыш төселген көшелер аршылса, төртінші құрылыс қабатынан Отырар тарихында алғаш рет дахма үлгісіндегі ұжымдық жерлеу орны табылды.
Ал ең төменгі, бесінші қабаттан Алтын Орда кезеңіне жататын мешіттің қабырғалары мен оған жалғасқан тау тастарынан төселген көше аршылды.
– Биылғы далалық зерттеу барысында Отырардағы көне мешіт қабырғалары табылды. Керамикалық материалдарға қарағанда бұл нысан XIII-XIV ғасырларға жатады. Ғимарат алдына ірі тау тастарынан төселген көше салынған. Оның бір бөлігі күйдірілген кірпіштен қаланған текпішекке ұласқан. Мұндай көлемдегі таспен көмкерілген көше Отырарда алғаш кездесіп отыр, – деді Мұхтар Қожа.
Оның айтуынша, қазба барысында ғимарат терезесіне арналған сырлы панджара, сиясауыт бөлігі, есік немесе қақпа топсалары сияқты бірқатар құнды жәдігер табылған.
Археологтардың мәліметінше, мешіт маңынан 50-ге жуық адамның сүйегі анықталған. Антропологиялық сараптамадан кейін сүйектер қайта жерленеді.
Қазіргі таңда мешіттің бір бөлігі ғана ашылған. Ғалымдар қазба жұмыстары толық аяқталған жағдайда нысанның тарихи маңызы арта түсетінін атап өтті. Сонымен қатар тас көшені зерттеу арқылы оның бағыты мен айналасындағы сауда орындары немесе қоғамдық алаңдардың орналасуы анықталуы мүмкін.
ХҚТУ Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD, қауымдастырылған профессор Бағдәулет Сыздықовтың айтуынша, қазба барысында Отырардың халықаралық сауда байланыстарын көрсететін қытай өрнегі бар қыш ыдыстардың сынықтары, қытай теңгесі және Алтын Орда хандары атынан соғылған теңгелер табылған.
– Ерекше олжалардың бірі – жазуы бар жүзік. Орта ғасырларда мұндай жүзіктер мөр қызметін атқарған. Бұл – Отырар қазбаларында алғаш анықталған жәдігерлердің бірі. Жазу «Әл-Мағди» немесе «Әл-Мүлік» деп оқылып отыр, – деді ғалым.
Бағдәулет Сыздықовтың айтуынша, бұл аумақта 2025 жылы жүргізілген қазба жұмыстары барысында Отырар қаласының рабад бөлігінен бірнеше тұрғын бөлме аршылып, олардың екеуінен михраб анықталған.
Сондай-ақ тұрғын үйлерден сыпалар, тандыр ошақтар, қоймалар мен діни-ғұрыптық элементтер, ал санитарлық бөлмелерден бадраб шұңқырлары мен санитарлық керамика табылған. Бұл ортағасырлық Отырарда тұрмыс мәдениеті мен санитарлық жүйенің жоғары деңгейде дамығанын аңғартады.
– Ескерткіштің мерзімін нақтылау үшін тандырдан алынған ағаш күлі Түркиядағы зертханада радиокөміртектік әдіспен зерттеліп, тұрғын үйдің VIII ғасырдың ортасына жататыны анықталды, – деді Бағдәулет Сыздықов.
Археологтардың айтуынша, қазба барысында табылған зооморфты тұтқалы ыдыстар, оймыш өрнекті қақпақтар, шырағдандар, хумдар мен құмыра сынықтары Соғды, Ташкент, Ферғана және Жетісу ескерткіштерінде кездесетін археологиялық материалдармен ұқсас келеді.
Зерттеушілер анықталған археологиялық кешеннің туристік әлеуеті жоғары екенін жеткізді. Тас төселген көше мен баспалдақты жол ортағасырлық қаланың сәулеттік келбетін көрсетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта нысанды сақтау мақсатында консервациялау және қорғау жұмыстары қолға алынған.
Жобаға қазақстандық мамандармен қатар шетелдік ғалымдар да атсалысты.
Атап айтқанда, Ұлыбританиядағы Кембридж университеті Король колледжінің археологы, PhD доктор Кэти Кэмпбелл ғылыми зерттеулерге қатысты. Сонымен қатар жоба орындаушысы, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай жетекшілік ететін ғылыми топ отандық және шетелдік архив материалдарын жинақтап, кешенді тарихи-археологиялық талдау жүргізіп жатыр.
Ғалымдар бұл қазба жұмыстарының қорытындысы бойынша қыркүйек айында Ұлыбританияның Кембридж қаласында өтетін халықаралық ғылыми конференцияда таныстыруды жоспарлап отыр.
Бұған дейін Түркістан облысындағы Үшбастөбе қалашығында Қаңлы дәуірінің құнды жәдігерлері табылғанын жазған едік.