Өткен айда республикада инфляция деңгейі 0,2 пайыз болды

АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат - 2009 жылғы тамыз айында Қазақстан Республикасында инфляция 0,2 пайызды құрады,

Өткен айда республикада инфляция деңгейі 0,2 пайыз болды

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігіне сілтеме жасап.

 Агенттіктің хабарлауынша, өткен айда азық-түлік тауарларға бағалар 0,5 пайызға төмендеді, ал азық-түлік емес тауарларға - 0,8 пайызға, ақылы қызметтерге - 0,6 пайызға артты.

Тамызда азық-түлік тауарлар нарығында бағалар картопқа - 7,7 пайызға, жаңа піскен көкөністерге - 5,9 пайызға, жемістерге - 2,8, шикі сүтке - 1,2, жұмыртқаға - 0,8, нан, жармалар мен қантқа - 0,2 және ұнға 0,1 пайызға төмендегені байқалды. Бағалардың қымбаттауы күріш пен кофеге - 1,1 пайызға, өсімдік майына - 0,6 пайызға, алкогольді ішімдіктерге - 0,5 пайызға, балыққа және ет өнімдеріне - 0,2 пайызға тіркелді.

Жеке гигиеналық тауарлардың бағасы 0,3 пайызға, киім мен аяқ киім - 0,5, медициналық препараттар - 0,9, кітаптар мен газеттер - 1,2 және кеңсе заттарының бағасы - 4,4 пайызға артты. Сондай-ақ бензин 5,8-ге және дизель жанар майы 0,7 пайызға қымбаттады.

Сонымен қатар, теміржол жолаушылар көлігі қызметтерінің бағасы 1 пайызға, денсаулық сақтау - 0,9, білім беру - 0,7 және мәдениет - 0,3 пайызға қымбаттады. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер электр энергиясына (2,7 пайызға) мен ыстық суға (1,1) өссе, үлестіру жүйелерімен жеткізілетін газ керісінше - 0,5 пайызға арзандады.