Өткен үш айда Қазақстан мен Австрия арасындағы сауда айналымы 719 млн. долларды құрады
Бұл туралы бүгін Қазақстан-Австрия бизнес форумы барысында Қазақстан Машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы, Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда Қазақстан мен Австрияның екіжақты ынтымақтастығы сындарлы диалог қағидаттарына, өзара сенімге негізделіп отыр. Қазақстан Австриямен әріптестік бағытында ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұр. Сонымен бірге, Қазақстан мен Австрияның 2010 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы сауда айналымы 719 млн. долларды құрады. Бұндағы экспорт 693 млн., импорт 25 млн. долларға тең болып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 14,5 есеге артқанын білдіреді», деді М. Пішембаев.
Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні Қазақстанның машина жасау саласында 1 мың 435 кәсіпорын қызмет етеді, бұлардың ішіндегі 70-ке тарта кәсіпорын ірі кәсіпорын санатына жатады. Сонымен бірге, Қазақстанда машина жасаудың мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік, тау-кен металлургиялық, электротехникалық және қорғаныс өнеркәсібі секілді қосымша салалары дамыған.