Өткен жыл батысқазақстандық ғалым А.Қыдыршаев үшін жемісті болды

ОРАЛ. 3 қаңтар. ҚазАқпарат - Өткен жыл Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Педагогикалық ғылымдары академиясының академигі Абат Қыдыршаев үшін жемісті болды.

Өткен жыл батысқазақстандық ғалым А.Қыдыршаев үшін жемісті болды

Өмірдің елу деген бір белесіне шыққан батысқазақстандық ғалым Еуропалық ғылыми-өндірістік палатасының (Мәскеу қаласы) Еуропалық алтын медалімен, сондай-ақ сапа жөніндегі дипломымен (Diplom di Merito) марапатталды. Бұл жоғары награда ғалымның ғылым жолындағы табыстары мен жоғары сапалы кәсіби педагогикалық қызметі үшін берілді. Абат Сатыбайұлы БҚМУ-да (бұрынғы Орал педагогикалық институтында) аздаған үзілістермен 1990 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Сонымен қатар жуырда Алматы қаласындағы Ұлттық ғылыми кітапхана жанындағы «Ғылым ордасы» баспасынан «Қазақстан ғалымдарының биобиблиографиясы» сериясының жалғасы ретінде А.Қыдыршаевқа арналған көрсеткіш те жарық көрді. Биобиблиографияға ғалымның өмірі, қоғамдық және педагогикалық қызметін сипаттайтын мәліметтер, оның еңбектері және ол туралы әдебиеттер енгізілген.