Өткен жылға қарағанда биыл қазынаға түсетін салықтық кірістер 2,6 пайызға азаяды
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің деректері бойынша, 2009 жылы ел қазынасына түсетін салықтық кірістер былтырғы жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға аз болады деп күтілуде.
Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында Салық комитеті төрағасының орынбасары Толғанай Ботақанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Әлбетте, бұл жаңа Салық кодексі қағидаттарының кемшілігі немесе кінәсінен емес. Түсімнің азаюы макроэкономикалық көрсеткіштердің төмендеуі мен салықтық ауыртпалықты жеңілдетудің есебінен болмақ. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында шығынға ұшыраған шағын және орта бизнестің қатары көбеюде. Ең басты себеп осында жатыр»,- дейді Т.Ботақанова. Салық комитеті төрағасының орынбасары төлем қабілеті жоқ немесе жабылып қалған бұндай бизнес объектілерінің нақты саны әлі жоқ екендігін және олардың статистикасы тоқсандық қорытынды жасалған тұста дайын болатындығын айтты.