17:05, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Өткен жылы елімізде 240 мыңға жуық жұмыс орны құрылды
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2008 жылы елімізде 238,2 мың жұмыс орны және 10 мыңға жуық әлеуметтік жұмыс орны құрылды.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің былтырғы жылдың қорытындысына арналған алқа мәжілісінде таратылған баспасөз баянында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өткен жылы 216,6 мың адам жұмысқа орналастырылды, бұл жұмысқа осы мәселе бойынша өтініш бергендердің 87,3 пайызын құрайды. 26,4 мың жұмыссыз адам даярлау және қайта даярлау курстарын аяқтады. 100,7 мың адам қоғамдық жұмыстарға қатысты», делінген баспасөз баянында. Алқада министр Бердібек Сапарбаев жастар жұмыссыздығын қысқарту үшін көптеген өңірлерде жастар практикасы қолданылғанын атап өтті. «Осы акцияға қатысқан оқу орындарының 40 пайыздан астам түлектері жұмысқа орналастырылды. Мыңға жуық бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, оның қорытындысы бойынша 27 мың адам еңбекпен қамтылды», деді ол. Өндіріс серпінділігін талдайтын және еңбек рыногындағы ахуалға әсер ететін ведомствоаралық жұмыс тобы компаниялармен жұмыс берушілердің еңбек заңнамасында көзделген шараларды барынша пайдануға бағытталған 102 меморандумға қол қойған.