Өткен жылы елімізде аса қауіпті 15 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жүргізілген жұмыстардың арқасында еліміздегі криминогендік жағдай айтарлықтай оңалды.
None

Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жоммарт Тоқаевқа 2022 жылы атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аса қауіпті 15 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталып, олардың 56 басшысы және белсенді мүшелері ұсталды. 1 100-ден астам қару, 598 граната және 31 860 оқ-дәрі заңсыз айналымнан шығарылды. Тәркіленген қарудың жартысына жуығы қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған»,-деді Ермек Сағымбаев.

Сондай-ақ ол келтірген мәліметтерге қарағанда, жыл бойына есірткіге қарсы 130 операция жүргізілді, 1,3 тонна әртүрлі есірткі тәркіленді. Шетелдік серіктестермен бірге 96 халықаралық және өңірлік есірткі жеткізу арнасы жойылды.

Синтетикалық есірткі өндірісімен айналысқан 28 зертхана жойылды. 32 заңсыз көші-қон арнасының жолы кесіліп, оларды ұйымдастырушыларға қатысты 12 қылмыстық іс қозғалды.

Осыған дейін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің өткен жылы 3 террорлық актіге дайындық кезеңінде тосқауыл қойылғанын жаздық.


Соңғы жаңалықтар