Өткен жылы елордада 45 жасырын ойынхананың қызметі тоқтатылды

Бұл туралы бүгін аталмыш департаменттің баспасөз хатшысы Толқын Нәбиева мәлім етті.
Ол келтірген мәліметтер бойынша, заңсыз ойынханалармен күрес бағытында 45 жасырын ойынхананың қызметі тоқтатылып, 301 ойын автоматтары мен 12 покер столдары және 10 рулетка тәркіленген.
«Сонымен қатар қалада 9 ойынхана ұйымдастырған К.К.Бейсембеков пен Р.К.Бейсембековке қатысты қозғалған қылмыстық істер аяқталды. Аталмыш азаматтар ұйымдастырған ойынханаларда электронды рулеткалар мен ойын автоматтары болған және онда ақша тігіліп, құмар ойындар ойналған. Олар сонымен қатар жасырын ойын казиносы, покер картасы мен рулеткаға арналған столдар қойған. Осы орындарды тексеру барысында 15 миллион теңге мен 2 мың еуро, 1,5 мың АҚШ доллары көлемінде қолма-қол ақша табылды»,-деді баспасөз хатшысы.
Оның сөзіне қарағанда, сот үкімімен К.К.Бейсембеков 1 жылға бас бостандығынан айырылып, Р.К.Бейсембеков шартты түрде 1 жылға бас бостандығынан айырылды.