Өткен жылы ОҚО-да 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылды
Бұл туралы сейсенбіде «Нұр Отан» партиясы жақтаушыларының форумында ОҚО бойынша «Нұр Отан» ХДП сайлауалды штабының төрағасы Ұласбек Сәдібеков мәлім етті.
Ол сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау әрі қарай өз жалғасын табатынын атап өтті. «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы 2609 жобаны қаржыландыра отырып, 3506 адамды жұмыспен қамтамасыз етті», - деп атап өтті Ұ. Сәдібеков. Оның айтуынша, индустриялық карта аясында 28 жоба жүзеге асты. Сондай-ақ бір жыл ішінде аймақта 56 білім беру және 53 денсаулық сақтау нысаны салынды. 320 мың адам тұратын 70 ауыл таза ауызсумен қамтамасыз етілді. ОҚО-ның ауылдары мен қалаларындағы коммуналдық су шаруашылығының қызметі 236 техника бірлігімен толықты. 35 ауылға табиғи газ жеткізіліп, 1 147 километр жол жөнделді.
Сонымен қатар өткен жылы Шымкентте жеңіл атлетті манеж (жабық алаң), тәуелсіздік саябағы ашылып, 1200 көрерменге арналған цирк және 497 спорттық алаң салынды.