Өткен жылы Павлодар облысында үш үшем және 85 егіз дүниеге келген

Аймақта жалпы 12840 сәби дүниеге келген, бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 0,4 пайызға төмендеген. Бала туудың жалпы коэффициенті 1000 тұрғынға шаққанда 17,2 сәбиді құрайды. Жаңа туған сәбилердің ең жоғары көрсеткіші, 2011 жылғыдай, Баянауыл ауданында - мың тұрғынға 20,7 сәбиді құраса, ең төменгі көрсеткіш Железинка ауданында - 15,4. 2012 жылы 6607 ұл мен 6233 қыз бала дүние есігін ашқан немесе 106 ер балаға 100 қыз баладан келеді.
Жаңа туған нәрестелердің 44,2 пайызы - отбасының тұңғыштары. Сәбилердің көпшілігі (76,9%) заңды некеде тұрған аналардан туған, бұл 2011 жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға жоғары.
Былтыр ер балалар арасында ең көп таралған есімдер Ерасыл, Нұрәлі, Мансұр, Артем, Даниил, Кирилл болса, қыздарға Аружан, Ясмин, Мәлика, Милана, София, Анастасия есімдері көп қойылған.
Ер балалардың арасында Байсангүр, Сократ, Эльхан, Әлсаид, Радмир сияқты сирек кездесетін есімдер болса, қыздарға Лунара, Ақселеу, Апполинария, Атика сияқты сирек есімдер қойылған.
Ұлты бойынша сәбилердің басым бөлігі, яғни 58,2 пайызы қазақ болса, орыстар - 28,6; украиндар - 4,3; немістер - 3,8; татарлар - 1,8; белорустар - 0,5; молдавандар - 0,4 пайыз, ал басқа ұлт өкілдері 2,4 пайызды құраған.