Өткен жылы шағын және орта бизнес бойынша 170,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілді - Ақмола облысы
КӨКШЕТАУ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының деректері бойынша өткен жылы шағын және орта бизнес саласында 170,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілген.
Қазіргі таңда облыс көлемінде кәсіпкерлік саласында 24,7 мың нысан есепке алынған. Белсенді кәсіпорындардың 24,5 пайызы көтерме және бөлшек саудаға, көлік пен тұрмыстық техникаларға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына бейімделсе, 18,9 пайызы - ауыл, орман және балық шаруашылығында, 16,9 пайызы - құрылыста, 11,1 пайызы өнеркәсіп жүйесінде тірлік қылуда. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарына дейінгі мәліметтер бойынша облыс аумағында 4 601 шаруа қожалығы тіркеліп, оларда 10,7 мың адам жұмысқа тартылып отыр.