Өткен жылы шығарылған өнімнің физикалық көлемі 10 пайызға артты
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Өткен жылы шығарылған өнімнің физикалық көлемі 10 пайызға артты.
Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Әсет Исекешев мәлім етті.
Өткен жылы Елбасының тапсырмасымен 5 жылдық индустриялдық бағдарлама іске асырыла бастағанын еске салған ол: «Алғашқы нәтижелер оң деп санауға болады», - деді.
Ә.Исекешевтің атап өтуінше, 2010 жылы басымдық берілген салалар бойынша мастер-жоспарлар мен даму бағдарламалары дайындалды. Олардың аясында шамамен 50 жүйелік шаралар мен қолдау құралдары ұсынылады. Сондай-ақ инвесторларды тарту үшін 400-ден астам жобалар айқындалған.
«Жалпы, атқарылған жұмыстың арқасында өнеркәсіпте оң динамиканы көруге болады. Өткен жылы шығарылған өнімнің физикалық көлемі 10 пайызға артты. Ал өндірілген өнім көлемі 18,4 пайызды құрады», - деді министр.