Өткен жылы заң бұзушылықтары үшін құқық қорғау саласының 2 мың 235 лауазымды тұлғасы жауапқа тартылған

АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Прокурорлар уәкілетті органдардың жедел іздестіру шараларының заңдылығы мен тиімділігіне байланысты 4,5 мың тексеру жүргізген.
None
None
Бұл жұмыстар барысында анықталған заң бұзушылықтар үшін құқық қорғау органдарының 2 мың 535 лауазым иесі жауапқа тартылды. Бұл мәліметтермен бүгін Бас прокуратурада облыс прокурорларының қатысуымен өткен алқа мәжілісінде көтерілген мәселелер жөнінде баяндаған Бас прокурордың орынбасары Рақымбек Мамырбаев таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, тексерулер барысында заңсыз іздестіру жүргізуді тоқтату туралы 300 қаулы енгізілген. «Бұл да аз көрсеткіш емес. Алайда бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жандандыра беретін боламыз. Бұны алқа мәжілісінде Бас прокурор да тапсырды» деді Р.Мамырбаев. Сондай-ақ оның сөзінше, 2008 жылы республика соты 57 мың 934 адамға қатысты 47 мың 246 қылмыстық іс қараса, прокурорлар аппеляциялық және қадағалау тәртібімен 2 мың 226 адамға қатысты сот үкімдеріне наразылық келтіріп, істі тоқтатқан. «Прокурорлардың наразылығы бойынша 32 адамға қатысты заңсыз және негізсіз ақтау үкімдері жойылды. Ал еліміздегі бас бостандығынан айыру орындарына жыл бойына 2 мың 563 тексеру жүргізіліп, 4 мың 250 заң бұзу фактісі анықталды. Олардың 890 фактісі сотталған және тергеу кезінде қамауға алынғандардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қатысты болып отыр. Осыған байланысты 1 мың 500 прокурорлық ықпал ету актісі енгізіліп, 19 сотталған азамат пен қылмыстық атқару жүйесінің 3 қызметкеріне қатысты 21 қылмыстық іс қозғалды. Мұнда да жемқорлық әрекеттеріне қатысты қылмыстар анықталды. Осыған орай, олардың алдын алу үшін Бас прокурор қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берді. Оған сәйкес, биыл біз осы сала бойынша тексерулерді күшейтуіміз керек» деді Бас прокурордың орынбасары.
Соңғы жаңалықтар