Отшашуға қатысты қауіпсіздік пен заң талаптары бойынша нені білу керек

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа жылдағы отшашулар мен петардалар ең қауіпті дәстүрлердің бірі саналады. Жыл сайын күйік шалу, ампутация және қауіпсіздік ережелерін бұзуға қатысты ондаған жағдай тіркеледі. Сонымен қатар, пиротехниканы заңсыз сату немесе оларды рұқсат етілмеген жерлерде пайдалану оқиғалары да қосымша қауіп төндіреді. 

Отшашуға қатысты қауіпсіздік пен заң талаптары бойынша нені білу керек
Коллаж: Kazinform/ Canva

Петарда мен отшашуларды дұрыс пайдаланбау салдарынан кей кезде қайғылы оқиғалар болып жатады.

Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті кейінгі үш жылда өңірде Жаңа жыл мерекесі кезінде үш өрт болғанын хабарлады. Мамандардың айтуынша, отшашу кезінде ірі өрттерден басқа, киімнің өртенуі немесе ауыр жарақат алу жағдайлары да болуы мүмкін.

Петардадан ауыр жарақат болады

Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, Жаңа жылды атап өту кезінде 18 жастан 25 жасқа дейінгі жастар негізгі тәуекел тобында тұр. Олар негізгі қауіпсіздік шараларын елемей, отшашуларды күмәнді жерлерден сатып алып жатады. Осының салдарынан ауыр жарақат алу деректері болған.

— Бізге аяқ-қолын қатты жаралап, ампутация жасаған науқастар келеді. Көбінесе, саусақтарын қатты жаралайды, — дейді жоғары санатты травматолог Дилшод Салиев.

Бұл тұрғыда дәрігерлер соңғы жылдары жағдайдың біртіндеп жақсарып келе жатқанын айтып отыр. 10 жыл бұрын Жаңа жылды тойлау кезінде травматологияға 100-ден астам адам түскен болса, бүгінде бұл көрсеткіш айтарлықтай азайған.

Сол уақытта шамамен 40 науқас ауыр жарақат алып, саусақтарынан немесе қолынан айырылып жататын.

— Қазір бұрынғыдай емес. Менің байқауымша, пиротехниканың өзі қауіпті болып бара жатқанына қарамастан, мұндай жағдайлар жыл сайын азайып келеді, — деді дәрігер.

Дегенмен, қолда жарылған петарда мүгедектікке алып келетіні түсінікті. Мұндай жарақаттардан кейін адамның ағзасына елеулі зиян келуі мүмкін. Қатты күйік салдарынан көзінен айырылған жастар болған.

Әсіресе, балалардың отшашулардан жарақат алу жағдайлары алаңдатады. Травматологтың айтуынша, ата-аналар балаларының қандай қауіпті петарда ұстап жүргеніне назар аудармайды. Бұл ретте 29-31 желтоқсан аралығында және 1 қаңтар түнде медициналық көмек сұрап, қоңырау шалатындар дәстүрлі түрде көп болады. Осы кезеңде жедел жәрдем бөлімшелерінің жұмыс жүктемесі жоғарылайды.

Травматолог алғашқы медициналық көмек көрсету ережелеріне ерекше тоқталды. Қатты қан кету жағдайында оны мүмкіндігінше тез тоқтату керек, яғни жгут салу керек немесе басқа да мата түрін пайдалануға болады. Дәрігерлер жараға күл және басқа да таза емес материалдарды пайдалануға болмайтынын ескертті. Бұл өз кезегінде екінші рет инфекцияға және гангренаға әкелуі мүмкін.

Егер жарақат ауыр болса, науқасты өз бетіңізше тасымалдау қауіпті. Осындай жағдайда жедел жәрдем шақыру қажет. Бірақ 31 желтоқсанда жедел жәрдем қызметіне шамадан тыс жүктеме түсетінін де ескеру керек. Өйткені бұл күні дәрігерлер жылдам келмеуі ықтимал.

Толық ампутация жағдайында, яғни жұлынып қалған саусақты ауруханаға бірге алып келу керек.

Дилшод Салиев
Фото: Дилшод Салиевтің жеке архивінен

— Стационарда микрохирургтер кезекшілік етеді. Егер жұлынған саусақ күйіп қалмаса және оны қайта жалғауға мүмкіндік болса, біз міндетті түрде тиісті операцияны жасаймыз, — деп түсіндірді Дилшод Салиев.

Мәселен, кесілген саусақты мұз салынған ыдыспен салқын жерде тасымалдау керек. Мұндай мүмкіндік болмаса, қыста қарға ораса жеткілікті. Егер отшашу көзге тиіп кетсе, онда жараны жылы сумен шайып, таңғыш салып, мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгінуі керек.

Отшашуды қайда және қандай жағдайларда сатуға болады?

Сапалы өнімдерді сатып алу жарақат алу қаупін азайта алады, бірақ толық қауіпсіздікке кепілдік бермейді. Соған қарамастан, көптеген қазақстандық ақша үнемдеу үшін күмәнді өнімдерді сатып алып жүр.

отшашу
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Осы орайда қадағалаушы органдар отшашуларды пайдалану әрі сату саласына ерекше назар аударып жүр. Қазақстанда пиротехникалық заттарды сату лицензияланған қызмет түріне жатады. Ал бұл салада талаптар сақталмаса, жыл сайын тексерулер мен рейдтер өтеді.

Полицияның мәліметінше, азаматтық пиротехникалық заттарды сатуға тек ішкі істер органдары берген лицензиямен ғана рұқсат етіледі.

Қанат Құрманалиев
Фото: Жамбыл облысы ОКҚ

— Сауда тек арнаулы стационарлық бөлшек сауда орындарында ғана рұқсат етіледі. Бұл ретте өнімді сақтау және есепке қою талаптары қатаң орындалуы керек, — деді Жамбыл облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы Қанат Құрманәлиев.

Оның айтуынша, жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында ішкі істер органдары отшашулардың заңсыз саудасын тоқтатуға бағытталған алдын алу шараларын ұйымдастырады.

— Былтыр 479 рейд жүргізіп, заңсыз сатудың 147 жағдайын анықтап, 3482 пиротехникалық өнімді тәркіледік, — деп нақтылады полицей.

Биыл Жамбыл облысында «Пиротехника» алдын алу операциясы екі кезеңде жүріп жатыр: 5-12 желтоқсан және 20 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында. Осы кезеңде полиция базарлар мен реттелмейтін сауда орындарына рейдтер жүргізеді.

пиротехника
Фото: Жамбыл облысы ПД

— Пиротехника өнімдерін заңсыз сату және пайдалану үшін әкімшілік жаза қолданылады. Тұрғындарды мұндай өнімдерді тек лицензияланған сауда орындарынан сатып алуға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз», — деді Қ. Құрманәлиев.

Атап айтқанда, Кәсіпкерлік басқармасы отшашулар мен петардаларды заңды түрде сату үшін кәсіпкерлер алдын ала рұқсат алуы керек екенін ескертті.

— Өтініш пен құжаттар электронды түрде беріледі. Уәкілетті мемлекеттік органнан лицензия алу үшін «электрондық үкімет» порталы арқылы өтініш беруіңіз керек», — деп түсіндірді басқарманың сауда және сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің басшысы Бақытжан Орынтаев.

Бұл тұрғыда құжаттар пакетіне өтініш, заңды тұлғалар немесе жеке кәсіпкерлер үшін құрылтайшы құжаттарының көшірмелері, бөлшек сауда орны туралы ақпарат, пиротехникалық өнімдерге сәйкестік сертификаттары, сондай-ақ қауіпсіз сақтау талаптарын растау кіреді.

Сонымен қатар, мемлекеттік баж төленуі тиіс, оның мөлшері қызмет түріне және заңнама талаптарына байланысты.

Басқарма өкілінің айтуынша, техникалық және өрт қауіпсіздігі талаптарына ерекше назар аударылады.

— Сатылатын өнімдер ЕАЭО-дағы пиротехникалық құралдардың қауіпсіздігі туралы техникалық регламентке сәйкес келуі тиіс. Кәсіпкерлер пиротехниканы сақтау және сату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті, — деп атап өтті Б.Орынтаев.

Бақытжан Орынтаев
Фото: Бақытжан Орынтаевтың жеке архивінен

Ведомство мәліметінше, рұқсатсыз сату, сондай-ақ сертификатталмаған немесе қауіпті болуы мүмкін өнімдерді сату әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-бабында 25 АЕК (2025 жылы 98 300 теңге) айыппұл қарастырылған.

Алайда, пиротехниканы пайдалану кезінде де заңды бұзу деректері кездеседі. Егер отшашуды рұқсат етілмеген жерде (ғимараттарда, кіреберістерде және балкондарда) атқан кезде, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабына сәйкес 20 АЕК (2025 жылы 78 640 теңге) сомасында айыппұл салынады.

Сонымен қатар, дәстүрлі түрде түн ортасында салют ату ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабындағы талаптарға қайшы келеді (тыныштықты бұзу). Онда сағат 22:00 мен 9:00 аралығында шу шығарғаны үшін 5 АЕК (2025 жылы 19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Жаңа жылды тойлау кезінде қандай фейерверктер үшін айыппұл салынатынын түсіндірген еді.

Соңғы жаңалықтар