Отырарда отандық өндірушілердің көрмесі өтті

Аталмыш шара «Отандық өнімді қолдаймыз!» тақырыбындағы жастардың флэшмобымен басталды. Ширек ғасырлық егемендігімізді ұлықтау, отандық өнім өндіруші шағын және орта бизнес өкілдерін халыққа кеңінен насихаттау, жергілікті өнімдердің брендін қалыптастыру мақсатында өткен шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов қатысып, сала өкілдерін құттықтады. Құттықтау сөзінде «Қазақстанда жасалған өнімдер халықтың көз алдында тұруы тиіс. Ауданымыздағы отандық және ауданымыздың тауар өндірушілердің өнімдері тұрған сөрелерге "Қазақстанда жасалған" деген белгі қойылып отыр. Осылайша, біз жергілікті өнімдерге қолдау көрсетудеміз. Отандық өндірушілердің тауарын сатып алғысы келетін азаматтарға бұл өте қолайлы. Барлық отырарлықтарды қазақстандық тауарларды сатып алуға шақырамын» деген аудан басшысы аталған шаралар арқылы еліміздің, ауданымыздың экономикасына үлес қосуға үндеді.
Мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жиын барысында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ кәсіпкерлерге аудан әкімі арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сый-сияпаттар табыстады.