Ойласқан тірлік олқы соқпайды - Нұрмахан Оразбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1934 жылдан жарық көріп, арасында бір жабылып, 1955 жылы қайта жарық көре бастаған уақыттан бері «Қазақ әдебиеті» газетін үзбей оқып келе жатқан Нұрмахан Оразбеков өз сөзінде «Қазақ әдебиетін» алғаш бозбала шағында оқығанын айтады. Газетпен бірге есейіп, осы газеттен журналистік үлкен сапарға аттанған қаламгерден газеттің кешегісі жайлы жылы естелік пен бүгінгі мәселелері туралы әңгімелеп беруін өтінген едік...

Ойласқан тірлік олқы соқпайды - Нұрмахан Оразбеков

- Оқырман сізді журналист, баспагер ретінде біледі. Естуімізше, аз уақыт болса да, «Қазақ әдебиеті» газетінде де істеген көрінесіз. Бүгінде жарық көре бастағанына 80 жыл толып отырған газетпен қалай таныстыңыз, оған жұмысқа қалай келіп жүрсіз?

- Тоғызыншы класты бітірген жылдың жазында мал баққаным бар. Әкей «Заготскот» деген мекеменің қойшысы еді, шілдеге қарай ауырып қалды. Әлгі мекемеде екі адам ғана жұмыс істейді. Әкемді айттым ғой, бастығы колхоздардың ет жоспарымен өткізетін малын қабылдайтын Ыдырыс Оспанов дейтін жігіт. Соғысқа қатысып, бір аяғынан айрылып қайтқан адам. Сол айтты: «Каникулға шықтың ғой, әкеңнің орнына біраз уақыт мал бақсаң қайтеді» деп. Келістім. Азын-аулақ ақша төлейтін болды. Қой-ешкі, сиырды қалай баққанымды айтпай-ақ қояйын. Комсомол мүшесіміз, газетке жазыламыз ғой. «Лениншіл жасқа». Содан «Қазақ әдебиеті» газеті шығады деген хабарды оқып қалдым бір күні. «Мектеп кітапханасын ғана емес, аудандық кітапхананың да бәрін бітірген» деген дабыраға іліккен бозбаламын ғой. «Лениншіл жасқа» қоса, оған да жазылайын деп ұйғардым. Жарты жылға. Өйткені келесі жазда мектеп бітіремін ғой. Солай істедім де. Жаңа жыл келді. «Лениншіл жас» уақытында келіп тұрады, «Қазақ әдебиеті» жоқ. Күнде поштаға барамын, еститінім: «Келген жоқ». Күндердің күнінде келді-ау. 14-қаңтарда шығыпты. Кейін естідім, аудан (шағын еді) бойынша «Қазақ әдебиетіне» жазылған мен ғана екенмін. Онда жарияланып тұратын туындылар туралы айтып жатпайын, әдеби сын өрісін жиі жайлайтын үш ағамыз - Баламер Сахариев, Рахманқұл Бердібаев, Қаратай Құттыбаев. Солардың ілтипатына ілігіп, жылы лебіз естіген ақын-жазушыларды оқығымыз келеді. Оқимыз да.

Күндердің күнінде «Әдебиет және искуство» журналына Рахаңның (Біздің мектепте үш-төрт жыл мұғалім, аз уақыт директор болған) бір мақаласы жарияланды. Бұрынғыларынан мүлдем басқа сарын. Қала балаларының қазақ тілін білуі жайында «Қаладағы әже мен немере не ымдасып, не тілмаш арқылы түсініседі» деген ойын осы күнге дейін ұмытпаймын. Орысы жоқ ауылда өскен бізге бұл сұмдық. Қайта орысша оқуға, үйренуге ұмтыламыз. Рахаң көтерген мәселенің немен аяқталғанын көзқарақты оқырман біледі...

Ал өз басымның «Қазақ әдебиетіне» келуім күнделікті тіршіліктің ықпалы. Төртінші курсты бітірерде үйленгем. Жаз өтіп, бесінші курстың сабағы басталар шақта Сайын Мұратбеков жолығып қалды. Университетке бірге түсіп, бірге оқығанбыз. Бір жылдан ба, екі жылдан ба кейін «үйленетін болдым» деп сырт оқуға ауысып кеткен. «Келдім, облыстық газетке орналастым» деді. Өз жағдайымды мен де айттым. «Енді саған жұмыс керек қой. Бізде бір корректорлық орын бос секілді. Кәкеңе (Кәкімжан Қазыбаев) айтайын», - деді. Екі-үш күннен кейін орналастым. Жұмыстың аты жұмыс, міндетіңе жауапкершілікпен қарасаң атың жүреді.

1962-ші жаңа жыл жақындап қалған. Әбіш Кекілбаев жолғып қалды. Бір факультетте, бір курстамыз, бірақ бөлімшеміз бөлек. Сондықтан күнде көріспейміз. Оның үстіне мен сабақ аяқтала жұмысыма кетем, оны ертерек бітірсек, кітапханаға тартам, диплом жұмысына дайындық. «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа тұрдым. Редактор да, басқалар да жаңа. Сенің сурет түсіретінің бар еді ғой, бізге фототілші керек көрінеді, мақұл десең, бастықтармен сөйлесіп көрейін», - дейді. Мақұл дедім. «Мақұлымның» да себебі бар. Облыстық емес, республикалық газет, оның үстіне күнде шықпайды, аптасына бір рет. Демек, іссапарға жөнелтетін болса, ауыл жаққа да жол түсуі мүмкін, диплом жазуға дайындалуға, жазуға да қолайлы. Не керек, қаңтардың екісінде фототілші болып шыға келдік. Бірақ фотоаппаратым ит жылғы ФЭД, басқа саймандарым да жоқ, қол қысқа. Редакция тарапынан ол жағынан көмек болмайтын сыңайлы. Қысқасы, фотоөнерден алдыма жан салмадым дей алмаймын. Тікелей бастығым, редакцияның жауапты хатшысы Әбілмәжін Жұмабаев ағамыз дауыс көтеру дегенді білмейтін, аса бір инабатты адам екен. Кейде бір журналдардан өзіне ұнаған суреттерді көрсетеді, онысы «осылай түсірсең» деген тілегі.

Редакторымыз Жұмекең (Жұмағали Ысмағұлов) біздің тірлікке араласпайды. Орынбасары Ғафу ағамыз ашық-жарқын, аңқылдаған адам. Бөлім меңгерушілері Ғаббас Жұмабаев, Әбірәш Жәмішев, Әділбек Абайділданов, әдеби қызметкерлер Ізтай Мәмбетов, Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, арнаулы тілші Жайсаңбек Молдағалиев жаймашуақ әзілден әріге баспайды. Фотосуреттен тау қопарып тастайтын түрім жоқ, сондықтан жазып та тұрам. Өткен жылы Өскеменде практикада болғанда Лениндік сыйлықтың лауреаты, балқытылған мырышты шағын қалыпқа өздігінен құятын, карусель секілді айналғанда өздігінен түсіріп, әрі қарай конвейермен қоймаға кететін қондырғы ойлап тапқан Иван Иванович Котовпен сұхбаттасқаным бар еді, бірақ ол кезде жазып үлгере алмағам. Сол азамат туралы очерк жазып едім, Әбілмәжін ағамыз бірінші бетке салып қасқайтыпты. Балаларды қорғау халықаралық күніне арнап жазған публицистикалық мақаланы Әділбек ағамыз тіл жағынан тәп-тәуір түзетіп, ішкі беттің етегіне түгел салдырған, Әбірәш ағамыз ілгерірек жылдары жазылған фельетондарды бір қотанға үйірген жаңа жинақты қолыма ұстатып, рецензия жаздырған, ол да жарияланды. Азын-аулақ этюдтер, тағы бірдеңелер жарық көрген. Қысқасы, оза шауып, қара үзіп кетпесем де, жаза алардық қауқарым барын сезген болу керек, «Диплом алғасын аудандық газетке кетем» дегенімді естіген Ғафу ағам:

- Екінші жарты жылдықта штат көбейтіледі деген әңгіме бар, бір әдеби қызметкер орны саған тиер, - деп қалған. «Қазақ әдебиетінде» мен тындырған тірлік осы ғана. Кейінгі жылдары да тиіп-қашып бірдеңелер жариялап жүрдік қой, оны қоя тұрып, бір айқайдың дерегін айта кетейін. Оспанхан Әубәкіровтің, «Қазақ әдебиетінде» алғаш рет қой деймін, үш-төрт сықағы бір нөмірде жарияланған. Соларды «Социалистік Қазақстан» аямай айыптады. Редакцияда соған байланысты жиналыс болды. Әйтсе де редактор сынға жауап қайтарға тиіс. Қайтарды да. Сондағы «Жауапты хатшы міндетін уақытша атқарып жүрген коммунист Ғ.Жұмабаев ешкіммен ақылдаспай жариялап жіберді» деген сөйлем ұнамай, «коммунист» дегенді атап көрсетпесе болмай ма екен деп келесі ілездемеде ренжи айтқаным бар. Мұны мен сол кезде әрбір баспасөз органына қандай бақылау болғанын ескерту үшін ғана айтып отырмын.

- Қазақ журналистикасының бүгінгі кем-кетігі мен қоғамдағы рөлі туралы не айтар едіңіз?

- Баспасөздің, журналистің жауапкершілігі дейтіннің байыбына біз әлі тереңдеп бойлай қоймаған секілдіміз. Құдайға шүкір, азды-көпті облыстық, республикалық баспасөзді басқардық қой, сонда менің қызметкерлерге шегелеп айтатын бір ескертпем болатын. «Мына дүниеде мыңдаған мамандық бар. Солардың дені өз шаруасы үшін өз саласында ғана жауап береді. Ал журналистика бүкіл қоғам алдында жауапты. Осыны ұмытпаңыздар» дейтінмін. Аржағы: қоғамда жақсы да, жаман да нәрселер жетіп артылады, кез-келген қоғамда, демек жақсысын жақсылап, бірақ даурықпай, жаманына тереңірек сүңгіп, одан арылу жолын сілтей білу керек деген сөз. Әсіресе, екіншісі. Қоғамның кінараттан арылуына септесу, мұрындық болу қоғамға қызметтің көкесі сол.

Осы жағынан алғанда «Қазақ әдебиеті» шүкіршілік, көштен қалған жоқ. Талайдан озық деп те ұялмай айтуға болады. Сан алуан мәселелер қозғалып жатады. Әрине, әдебиет газеті болған соң сол жағын көбірек сөз қылғаны әбден мақұл. Қоғамдық проблеманы нақты көркем шығарманы талдай отырып та қозғауға, талдауға болады. Бір мысал: «Әдебиет және искуство» журналының 1953 жылдың тамыз айғы нөмірі шығар, «Қайнар» атты хикаят (авторы Жәрдем Тілеков) жөніндегі әлгінде тілге тиек болған Рахаңның рецензиясы жарияланған еді. Сондағы бір ой - шығарма адам туралы емес, қой туралы деген байлам болатын. Мектебіміздің күні кешегі директоры болғандығынан ба, әйтеуір шұқшия оқығанбыз.

Әлгінде айттым ғой деймін - алуан пікірлер беріледі деп. Өздеріңіз Отан соғысы туралы пікірлері, көзқарастары бар мақалаларды жарияладыңыздар ғой. Бұл - дұрыс. Тақырыптан ауытқып кетті ғой демеңіз - бір мысал келтіре кетейін. 1971 жылы Бауыржан Момышұлымен сұхбаттасқаным бар. Сонда «Баукеңнің прокурор екі адамды ату турады шешім шығарғанда, өзінің оны бекітпегенін айтып қалған еді. Сонда Бауке, өзіңіз сотсыз, прокурорсыз-ақ бір адамды атқызып жібергенсіз ғой, енді неге сол үкімді қолдамадыңыз» дегенім бар. Баукең алара қарап: «Дурак, есть обстановка и обстоятельства. Мен атқызғанда біз Мәскеудің түбінде, өлсек те қорғап өлеміз деген кез. Екіншісі біз жау жеріне жеткен, ертең жеңіске жететініміз ақымаққа айқын болған кез. Атылмаса, ертең сол жеңіске үлес қосады. Адам өмірі - бәрінен қымбат» деп еді. Жағдайды байыптай, бағалай білудің үлгісі осы. Ғалымдарымыз осы принциптен айнымауы керек қой деп ойлаймын. Өз ойымша, бір жақты көзқарас - ғылымның дұшпаны.

Осылардан туындайтын бір тұжырым - баспасөздегі, ақпарат құралындағы сан алуан пікірлерді, ғалымдар оқтын-оқтын жиналып, бір пікірге тоқтағаны дұрыс ақ. Бірақ сондай қадам әзірге байқалмайды.

Тағы бір нәрсені айта кетейін. Ғалым болсын, журналист болсын айтарының дәлдігін жақсылап анықтап алсын. «Қазақ әдебиеті» ме, басқасы ма есімде қалмапты (жас ұлғайғанда ондайыңыз бола береді), бір ғалым тіл туралы, оның ішінде сингармонизм, яғни дыбыс үндестігі туралы жаза отырып, Нәзір Төреқұлов «парламент» сөзін енгізді дегенге саятын ойын білдіріпті. Олай емес, тіліміздің сингармонизм заңына бағынатыны туралы арнайы мақала жазған адам. Ол тілге енетін сөзіміз сингармонизм заңына бағынады, «парламент» сөзінің алғашқы екі буыны жуан дауысты, үшіншісі жіңішке дауысты дыбыстан. Қазақ тіліне соның французша «парлиман» сөзін алған жөн деген пікірді қадап айтқан. Біздің баспасөзде, амал қанша, бұрмалап берілген пікірлер әлі де бірталай.

- Тағы бір сұрақ...

- Қалқам, сұрақтың көп болуы ой пышыратады. Осымен доғарғанымыз абзал шығар...

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.