«Ойран 17 қазанда бола ма?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 3 қазан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар еліміздің Азия Даму банкінен қарыз алуы және психикалық бұзылушылықтардан зардап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеу мәселелеріне қатысты заң жобаларын қарады. Бұл туралы «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы «Тұрғындар тілегі ескерілуі тиіс» деген мақалада айтылады.

Басылымның жазуынша, алдымен күн тәртібіне сәйкес «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 3 Дәліз жолын реконструкциялау жобасы / «Шымкент - Ташкент» жол учаскесі/ / «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізіне кіреберіс/) ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Аты айтып тұрғандай, Келісім Азия Даму банкінің Қазақстанға «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль дәлізі шеңберінде «Шымкент - Ташкент» жол учаскесін дамыту үшін қарыз беруді көздейді.

125 миллион долларлық қарыз елімізге 4 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда 16 жылға беріліп отыр. Пайыздық мөлшерлеме LIBOR+0,6 пайызға тең. Ал Қазақстан Үкіметінің бірлесіп қаржыландырылуы 22 миллион АҚШ долларынан аспайды. Ел бюджетінің қаржысы құрылыс жұмыстарын бірлесіп қаржыландыруға және салықтарды төлеуге жұмсалады деп күтілуде. Жоба бойынша Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шымкент пен Ташкент арасындағы жолдың 36,7 шақырымын реконструкциялау қолға алынады.

Сондай-ақ, құрылысты қадағалаудың және күзет шараларын іске асырудың сыртқы мониторингі жөнінде қызметтер көрсету үшін қолдау қарастырылған.

Жоба жұмыстары 2015 жылы аяқталады деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыру еліміздің көліктік әлеуетін дамытуды қамтамасыз етіп, халықаралық дәліздің қазақстандық бөлігінде қозғалыс қарқынын айтарлықтай арттырады. Бұл өз кезегінде транзиттік жүктердің айналымын және барлық деңгейдегі бюджеттердің кірістерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Осы ретте депутаттар өз пайымдарын да ортаға сала кетті. Мысалы, Шалатай Мырзахметов жолдың екі жағына қоршаулардың қойылуы, мал айдап өту орындарының санын арттыру және қысқы тайғаққа қарсы технологиялық жетістіктерді ескеру қажеттігін атап көрсетті. Ал Рауан Шаекин тұрғындар тілегі сол жоба жүзеге асырылып жатқанда ескерілсе деген өтінішін жеткізді. Осылайша, талқыдан өткен заң жобасы мақұлданды.

«Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамы жүргізген «Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ іс-әрекетіне қатысты тексеру жұмыстарының нәтижесінде «Айгерім» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің банктің бірқатар қызметкерлері мен олардың туған-туыстары арасында бөлініске түсіп кеткені туралы дерек дәлелденді. Бұл туралы Nur.kz порталына сілтема жасап, «Егемен Қазақстан» хабарлап отыр.

«Иә, расында да Парламент Мәжілісі депутатының (Нұрлан Жазылбеков - ҚазТАГ) «Қазақстан Тұрғынүйжинақбанкі» акционерлік қоғамының іс-әрекетіне байланысты мәлімдемесінен кейін холдинг жедел комиссия құрды. Ол 2013 жылғы 25 маусымнан 17 шілдеге дейінгі кезеңде тиісті тексеруін жүргізді.Тұтастай алғанда, депутат сауалында келтірілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнамаларды бұзу фактілері анықталған жоқ», - деп хабарлады «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамының басқарушысы Айбатыр Жұмағұлов ҚазТАГ тілшісіне», - делінген басылымда.

Сонымен бірге, оның мәліметі бойынша, «Айгерім» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің банктің бірқатар қызметкерлері мен олардың туған-туыстары арасында бөлініске түсіп кеткені туралы дерек дәлелденген болып шықты.

«Атап айтқанда, «Айгерім» тұрғын үй кешенінен тұрғынжай сатып алу пулына А.А.Бөлегенованың (банктің Алматы филиалының директоры А.М.Бөлегеновтің зайыбы) қатысқаны, сондай-ақ, Ч.А.Тілеубергеновке (А.А.Бөлегенованың бауыры) пулға қатысу құқығын беру фактілері анықталды», - деп атап көрсетті ұлттық холдингтің басқарушысы.

Басылымның жазуынша, холдинг басқарушысы А.Жұмағұлов, сондай-ақ, тұрғындардың әлеуметтік жағынан әлсіз бөлігін пәтердің кезегіне қою жергілікті атқарушы органның - бұл жағдайда Алматы қаласы тұрғын үй департаментінің құзырында екенін ескертіп өтеді. «Ал банк қызметкерлерінің әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған тұрғындар есебінен жеңілдетілген тәртіппен пәтер алып кеткен жағдайлары анықталған жоқ», - деп атап көрсетті ол.

***

Ұлттық банк төрағасы қызметінен Григорий Марченконың «отбасылық жағдайына байланысты» доғарысқа кетуі сарапшыларды таңдандыра қоймапты. Оның орнына бұрынғы вице-премьер Қайрат Келімбетовтің келуі олар үшін «тосын сый» болды, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында.

Басылымның жазуынша, Ұлттық банк төрағасы лауазымында екі мәрте болып, соңғы рет осы орында төрт жылдай тапжылмай отырған Марченконың осы жолғы кетісін сарапшылардың бір бөлігі зейнетақы реформаларымен тікелей байланыстырады. Әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын көтеру бастамасын елге түсіндірудегі «реформатордың» жұмысын маусым айында Мемлекет басшысы сынға алған. Осыдан кейін бас банкирдің аяқ астынан демалысқа кеткендігі мәлім болған. Сондықтан бұл жолғы оның отставкасында зейнетақы реформаларының «үлкен үлесі» бар екенін айтқан депутат Владислав Косарев. Сенатор Қуаныш Айтаханов та осындай ойда. Депутат «мәселеге терең байыппен бармай, зейнетақы қорында ақша жоқ, мәселені осылай шешеміз деген» қаржыгердің қызметтен кетуін оң санайды. Марченконың кейбір мәселелерді «терең зерделемей, айта салатын» ерекшелігінің де болғандығын еске салады.

Досым Сәтпаевтың сөзіне қарағанда, Марченконың отставкасы туралы алып-қашпа әңгіме былтырдан бері толассыз айтылып келеді. «Тіпті оның орнына кім келетіндігі де талқыланған. Әйтсе де Қайрат Келімбетовтің Ұлттық банк төрағасы қызметіне келуі көбірек таңданыс тудырды» дейді саясаттанушы. Себебі бұған дейін белгілі экономистің сәл биігірек, яғни Үкімет басшысы деңгейіне жоғарылайды деген болжамдар болыпты. «Ұлттық банк төрағасы болу - мәртебелі лауазым, бірақ оны мемлекеттік иерархия тұрғы­сында жоғары деуге келмейді» дейді сарапшы. «Оған қоса, банк Алматыда орналасқан, ал біздің шенеуніктер Ақордаға жақынырақ болғанды қалайды». Осы тұрғыдан алғанда,Келімбетовтің бұл «жүрісі»сауалдар туғызатынын айтады саясаттанушы.

Ұлттық банк басшысы ауысқаннан банк жүйесінде күрделі өзгерістер бола қоймайтындығын топшылайды Досым Сәтпаев. Себебі «бұл қаржы институтының қызметі Мемлекет басшысы арқылы құпталады. Ұлттық банк соңғы жылдары Қазақстанда, әсіресе, банк және қаржы жүйесін реттеу мен қадағалау тұрғысында өзінің ықпалын күшейтті. Бәлкім, Ұлттық банктің қоғам, мемлекеттік органдармен қарым-қатынасындағы саясаты «жұмсаратын» шығар» деп пайымдайды сарапшы.

АҚШ бюджеті әлі заңдастырылған жоқ. Президент Обама ұсынған жобаны сенат үш рет мақұлдап, конгреске жіберсе де конгресс оны осымен үшінші рет кері қайтарды. Бұл туралы «Айқын» газеті «Ойран 17 қазанда бола ма?» деген мақаласында жазады.

Бұл жолы тек денсаулық сақтауды сақтандыру жөніндегі Барак Обаманың сайлау алдындағы бағдарламасына ғана қарсы болмай, конгресмендер, сонымен бірге елге келушілерді заңдастыру туралы жаңа бағдарламаны да бюджеттен алып тастау қажет дегенді үзілді-кесілді айтып шықты. Ескерте кетейік, Барак Обама осы уақытқа дейін елде заңсыз жүрген мигранттарды заңдастырсақ, мемлекетке 1 триллион доллардың көлемінде пайда келеді деген болатын. Демек, конгресмендер пайданы да қажет етпей тұрған секілді. Назар аударатын бір тұс, Барак Обама бұл жолы конгресс қандай жоба ұсынса да қабылданбайды деп шықты. Бір қызығы, бұған дейін елдің қаржы министрі Дж.Лью былай деген болатын: «Егер 17 қазанға дейін елдің бюджеті заңдастырылмаса, АҚШ техникалық дефолтқа ұшырап, үкімет жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады». Конгрестің соңғы қайтарымынан кейін Дж.Льюдің бұл сөзін бүкіл сарапшылар, саясатшылар және БАҚ өкілдері жарыса айта бастады. Осыған жауап ретінде Барак Обама тағы мынадай мәлімдеме жасады. Егер «Ел бюджеті сенат ұсынғандай жобада қабылданбаса, НАСА жұмысын тоқтатады». Бұл шамасы негізінен әскери өнеркәсіп кешенінің негізгі иелері болып саналатын республикашыл конгресмендерге ел шегетін зардаптың қайда тірелетінін нақты ескерту шығар. Иә, ел бюджеті бекімесе, үкіметтің жұмысын тоқтату конгресмендер үшін қанша жерден қажетті болса да, олар ешқашанда НАСА жұмысын тоқтатуын қаламайды. Әзірше Обама қолындағы «көзір» осы ғана.

«АҚШ алпауыттарының шындап іске кіріскенін іші сезген болуы керек, бұдан аз ғана бұрын Иран президентімен кездесіп, әңгімелескен Барак Обама өткен дүйсенбіде «Иранның ядролық бағдарламасына қарсы әскери ықпал ету мәселесі күн тәртібінде бар» дегенді мәлімдеп шықты. Осының алдында ғана, яғни президенттер кездесулерінен кейін мәлімдеме жасаған АҚШ мемлекеттік хатшысы Дж. Керри былай деген болатын: «Иранға санкция 2-3 айдың көлемінде күшін жоюы мүмкін». Әрине, Керри Обаманың келісімінсіз мұндай мә­­­лімдеме жасай алмайды. Демек, АҚШ президенті өзінің бастапқы ойынан бас тартқаны былай тұрсын, Кук-Клукс-Клан тобының сахнаға шығуынан кейін «әлемдік жендет» рөлін ойнауға әзірлігін білдірген дейміз бе қалай?

Қалай болғанда да демократ, бейбітшілік жолындағы Нобель сыйлығының иегері Барак Обама қазір қиын жағдайда қалғандай. Шиеленісті мәселе қалай дамиды, оны уақыт көрсетер. Ал біз оқиға қалай дамыса да АҚШ ешқандай пайдаға шықпайды, тек өзін де, өзгелерді де дағдарыстар батпағына батыра түседі дегенді ашық айтамыз», - деп жазады басылым.

Соңғы жаңалықтар