Өз әріптесіне пышақ салған қылмыскер құрықталды - ІІМ

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Ақмола облысының Криминалдық полиция қызметкерлері «Көкшетау минералды суы» АҚ-сының күзетшісін өлтіру қылмысын ашты.

Өз әріптесіне пышақ салған қылмыскер құрықталды - ІІМ

Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

Оның хабарлауынша, ақпан айының басында аталған кәсіпорынның аумағында 25 жастағы күзетшінің зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті табылған болатын. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері осы қылмысты пайдакүнемдік мақсатпен жасаған 21 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Бұрын осы кәсіпорында жұмыс істеген ол кәсіпорынның сейфінен ақша ұрлау мақсатында экспедитор болып жасырынып кірген. Алайда ол жерден ақша таппай, кеңседен шыққан кезде күзетшіге тап болған. Олардың арасында жанжал туындап, нәтижесінде қылмыскер күзетшіні пышақпен өлтірген. Одан кейін жәбірленушінің рациясы мен жеке заттарын ұрлап, бой тасалаған. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде.