Өз елімнің Туын көтерейін деп атажұртқа оралып едім - Эсмигуль Куюлова
ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін дзюдодан әйелдер арасында сынға түскен Эсмигуль Куюлова жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті.

«Бұл менің бірінші Олимпиадам болғаннан кейін Парижге жоғары көңіл-күймен келіп едім. Бұл қарсыласымды ұтамын деп ойлағанмын. Басында ұпай жіберіп алдым. Ары қарай ұтуға уақыт таршылық етті», — деді Куюлова.
Соынмен қатар, Өзбекстаннан елге оралғандағы басты мақсатын да айтып берді.
«Дзюдоның әліппесін Өзбекстанда үйрендім. Әбиба Әбужақынова екеуміз де Өзбекстанда тудық. Ол елге менен бұрын кетті. Кейін маған „сен де келіп алсайшы, Қазақстан өз еліміз ғой» деді. Араға бірер жыл салып Әбибадан кейін мен де елге оралдым. Атажұртқа келудегі басты мақсатым — өзбектің туын емес, қазақтың туын көтеру. Өзбекстанда жүре бергенде Олимпиаданы көрер ме едім, көрмес пе едім, білмеймін. Бірақ, қазақ елінің, ата қонысымының атынан келген алғашқы Олимпиада ойынымда, алғашқы белдесуімде ұтылып қалғаным өкінішті болды. Енді алда, 3 тамыз күні командалық сайыста татамиге қайта шығамын», деді спортшы.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін ерлер арасында Абылай Жұбаназар да алғашқы белдесуінде ұтылып қалған болатын.