Өз ісімді ұрпақтарым жалғастыратынына сенемін – фермер Сәлімбай Мәдиев

фермер
Фото: С. Мәдиевтің жеке мұрағатынан

Ауыл шаруашылығы саласын өрге бастыру үшін не істеу керек? Ауылды сақтап қалудың жолдары қандай? Міне, осы сауалдар төңірегінде Kazinform тілшісі Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы шаруа қожалығының басшысы Сәлімбай Мәдиевпен сұхбаттасқан еді.

- Сәлімбай Абылайұлы, ауыл шаруашылығы саласында көптен бері еңбек етіп келесіз. Осы саланың бейнеті мен қиындықтары, ерекшеліктері жөнінде не айтасыз?

- Мен көзімді еңбекпен аштым. Теректі ауданы Алғабас станциясында туып-өстім. Әкем өмір бойы теміржолшы болды. 1969 жылы мектеп бітіргеннен кейін «Трудовик» ұжымшарында тракторшы болдым. Атақты малшы Мұқай Дүйсеновтің үйінде жатып, мал бақтым. Мен кереуетте, өзі жерде жататын. Содан мал қарауға оятады. Өгіздерді бордақылап, тапсыратын.

1970 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетіне түсіп, инженер-механик мамандығын алып шықтым. Қайтадан өз ауылыма барып, еңбек еттім. 1984 жылы Мичурин атындағы ұжымшарға ауысып келіп, сонда 14 жыл бойы бас инженер болдым.

1998 жылы «Мәдиев» шаруа қожалығын құрдым. Бастапқыда тек егін шаруашылығымен айналыстық. 2002 жылдан бастап мал өсіруді қолға алдық. Әуелі сиыр сауып, сүтін өткізіп көріп едік. Оның қиындықтары көп болды, сүт тез ашып кетеді. Сондықтан етті бағыттағы ірі қара өсіруге көштік. Мысалы, 200 аналық малдан 180-дей бұзау алып, соны бордақылаймыз. 400-дей қойымыз бар. Алайда қиындықтар да жоқ емес.

Ең алдымен, Теректі облыс орталығы Орал қаласына жақын аудан болғандықтан, жер тапшы. Қожалықтың 7300 гектардай жері болса, соның басым көпшілігіне егін егіледі. Жер егіннен босағаннан кейін соған мал жаюға тырысамыз. Қазіргі кезде біз ғана егін шаруашылығымен айналысамыз. Құмақсай ауылдық округінде 12 шаруашылық болса, басқаларының бәрі егінді қойып кетті.

Екіншіден, жасыратыны жоқ, ауылда тұратындар азайды. Өйткені, қаладағы жағдаймен салыстыруға келмейді. Мысалы, қалада жер алып, үй салсаң, оны екі есе бағасына өткізе аласың. Ал ауылда үй салсаң, шығынның 20-30 пайызын да ақтамауы мүмкін және өз бағасына сата да алмайсың. Әркім өзінің болашағын ойлайды, жақсы жерде тұрғысы келеді. Әлеуметтік мәселелер тағы бар.

Біздің Құмақсай ауылы Теректіден 30, қаладан 35-40 шақырым қашықтықта орналасқан. Мен 14 жыл бойы аудандық мәслихаттың депутаты болдым. Сол кезде су, газ, жол мәселесі шешілген жоқ еді, 3 қабатты мектеп ғимараты әбден тозып тұрды. Әуелі мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Содан кейін 2009 жылы газ құбыры тартылды. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы арқасында ауыз су келгеніне сегіз жыл болды. Төрт жыл бұрын жолға асфальт төселді. Соған қарамастан, қазір ауылда 720-750-дей тұрғын қалды. Еңбекке жарамды адамдардың көпшілігі қалада жұмыс істейді. Таңмен таксимен барып, кешке қайтады.

зко
Фото: С. Мәдиевтің жеке мұрағатынан

- Иә, ауылда егін баптап, төрт түлік мал өсірудің оңай еместігін білеміз. Осы орайда механизатор, мал дәрігері, малшы секілді кадр мәселесі қалай шешіліп отыр? «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына байланысты не айтасыз?

- Менің ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткеніме 54 жыл толып отыр. Қазіргі кезде облыс орталығына жақын аудандарда шаруа қожалықтары далада болғанымен, иелері қалада тұрады. Мен өз шаруашылығымнан ажыраған емеспін. Агроном да, инженер-механик те өзіммін. Күнде сағат таңғы 5-те тұрып, 7-ге дейін малшылардың жағдайын білемін. Содан кейін механизаторлардың қасында боламын. Бізде екі ауысым деген жоқ. Механизаторлар жұмысын 19.00-20.00-де бітіреді. Оларға артық жүк салуға болмайды. Онда техника да сынады, механизатор да шаршайды. Ауылдық жерде мал дәрігері де жеткілікті деп ойлаймын. Тек слесарь, токарь, механизатор, электрмен, газбен пісіруші сияқты мамандарды даярлауға күш салу керек. Ауылдардан малшы, механизатор болғым келеді деп келетіндер бар. Бірақ бәрі жарай бермейді. Әр нәрсенің реті, жөні бар. Оның үстіне, масылдыққа, маскүнемдікке салынатындар да жоқ емес.

Шаруа қожалықтары тарапынан да ескерілуге тиісті жайт бар, мысалы, механизаторлар жеті ай ғана жұмыс жасайды, қалған уақытта бос. Олар маусым уақытында айына 300-400 мың, комбайншылар 600-700 мың теңгеге дейін табады. Әйтсе де механизатор бос кезінде айыр ұстап, малға бармайды. Жақсы механизатордың өзі малшыны алмастыра алмайды. Сол секілді кез келген адам техниканы жүргізе алмайды. Қазір қожалықта 7 механизатор, 4 малшы, түрлі жұмысты атқаратын 4-5 адам және бар.

- Теректі шекаралық ауданға жататыны белгілі. Ендеше, шекаралық елді мекендерді дамыту үшін не қажет деп ойлайсыз?

- Әрине, шекаралық ауылдарға көңіл бөлмесе болмайды. Мемлекеттік бағдарламалар жоқ емес, бар, тек соны тиімді жүзеге асыра білу керек. Меніңше, ауылда біреу үй салса, соған субсидия төлеу қажет деп есептеймін. Содан кейін тұрақты жұмыс көзін ұйымдастыру керек. Төрт-бес жыл бұрын өзін-өзі қамтушы деген ұғым қалыптасты. Әркім өзінше күнін көреді. Қазір ауылда 7-8 жерде сүт жинайды, содан қаймақ және басқа өнімдер жасап, адамдар өзінше табыс табады. Әсіресе, жастарды ауылда тұрақтандырудың амалдарын көбірек қарастырмаса болмайды.

- Егін егіп, етті бағытта мал өсіремін дедіңіз. Ал соның өнімдерін қалай өткізесіз?

- Қазіргі таңда бұл да үлкен мәселе болып тұр. Мысалы, былтыр гектарына 15-20, биыл 7-8 центнерден өнім алдық. Ресейден арзан бидайдың келуіне байланысты өткізу бағасы төмендеп кетті. Бұрын бидайдың бағасы тоннасы 120 мың теңге болса, қазір 70-80 мың теңгеден аспайды. Соның өзінде тапсыруға мәжбүрміз. Өйткені жаңа техниканы несиеге алғаннан кейін оны уақтылы өтеу керек. Мысалы, биыл Klaas неміс комбайнын алғанбыз, оның құны 190 млн теңге тұрады. Элеваторлар жазда астықты сақтауға алмайды, бірден арзан қаққа алғысы келеді. Абырой болғанда, биыл 60 млн теңгеге жаңа қойма салып алдық. Барлығы бес қоймамыз бар. Өнімді бағасына қарай өткізіп жатырмыз. Менің бір түсінбейтінім, бидайдың бағасы арзандағанымен, ұнның құны түспей, өсіп бара жатыр. Сонда бұл қалай? Электр қуаты, тасымалдау бағасы жоғарылайды деп қымбаттата береміз бе? Біздің өңір тәуекелді егіншілік аймағына жатады, яғни бір жылы тәуір өнім алсаң, екі-үш жыл ештеңе шықпай қалуы мүмкін. Оны лизингке техника берген ұйым күтіп тұрмайды, ол да өзіне пайдалы жағын қарайды. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының қиындықтары жеткілікті.

зко
Фото: С. Мәдиевтің жеке мұрағатынан

- «Еңбекпен тапқан нан тәтті» дейді қазақ. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталуыңыз да сізге деген құрметті білдіреді. Осы өміріңізге ризасыз ба? Өзіңіздің ісіңізді сізден кейін кім жалғастырмақшы?

- Бәріне де адал еңбекпен жеттім деп ойлаймын. Теректі ауданының құрметті азаматымын. Медальдар баршылық еді, оған «Құрмет» ордені қосылды. Бәрі де төрге шығарып, сыйлайды. Осының сөзі – зор құрмет. Өзімнің ісімді ұрпақтарым жалғастыратынына сенемін. Жұбайым Ұлболсын екеуміз Сержан, Нұрлан атты қос ұлымызды тәрбиелеп өсірдік, алты немереміз бар. Нұрлан да инженер-механик, қожалық құрылғаннан бері қасымда. Сержан мемлекеттік қызметте болды, соның ішінде Подстепный ауылдық округінің әкімі міндетін 10 жылдан астам уақыт бойы атқарды. Қазір ол да бізбен бірге. Қысқасы, қожалық болашағы сенімді қолда.

- Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңіз жана берсін!

Соңғы жаңалықтар