Өз заманының бет-бейнесін жырлаған әйел ақындар әр кезеңде өмір сүрді

Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда талантыңмен қоса, пысықтығың, етіңнің тірілігі басым болған жағдайда, даңқыңның шыққаны, абыройыңның асқақтағаны дей беріңіз. Жоғарыда айтқанымыздай, біздің елде әйелден гөрі ер адамды пір тұту, бағалау, бағасын беру басым. «Қыздың жолы жіңішке» демекші қанша жерден мықты болсаң да, ер адамнан аттап кете алмайсың, аттап кетуге тәрбиең жібермейді. Өмірде де, өнерде де солай.
Дегенмен, әйел адамда интуиция, сезімталдық, сезінгіштік қабілет жақсы дамыған. Оның тікелей өз өнеріне тигізер пайдасы да жоқ емес. Жаны нәзік, айналадағы болып жатқанның бәрін жүрегімен қабылдайтын әйел өткір өлең тудыра алады. Тудыра алмайды деуге негіз жоқ. Отбасы ошақ қасының амандығын көксеген ананың жүректен шыққан сөзі жалған болмауы керек еді... Алайда, әйелдің де сана-сезімі, өмірге деген көзқарасы, таным-түсінігі өмір ағымына қарай өзгерді. Бүгінгі төмен етектілердің де жақсы өмір сүру жолындағы өзіндік қулығы, айла-амалы күн санап жетілу үстінде. Ал соның барлығы да оның өнеріне, өлеңіне кері әсерін тигізіп жатқан сияқты әсерге қалдырады. Поэзияның жасандылыққа жаны қас екенін біле тұра, оның мөлдірлігін лайлауға құмармыз. Сөз киесі мұны көтере ала ма? Әрине көтере алмасы хақ. Бүгінгі поэзияның тұла-бойы көлгірсу, болмысына сәйкес келмейтін ой айтумен шектеліп барады.
Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар әйел азаматтар саусақпен санарлық болды бір кезде. Фаризаны, Күләшті, Қанипаны, Марфуғаны, Ақұштапты оқырманы жақсы білді, құрметтеді. Оқырманы Фаризаның шығармашылығына шын сүйсінсе, Күләш пен Қанипаның, Ақұштаптың лирикасын жатқа оқыды. Марфуғаның жырларынан нәр алды. Фариза жан сырын өлеңге ақтарды. Ақұштап көл-көсір сезімін өлеңге жайды, Қанипа бар мұң-шерін өлеңге шақты, жүрек соғысын өлеңге баяндады. Марфуға поэзиясы оқырманына рух берді. Олар поэзия арқылы қазақ қызының жаңа образын сомдады, жаңа кейпінен сыр шертті. Өйткені олар өмір сүрген уақыт мейрімге, жылылыққа, адамгершілікке толы болған сияқты. Олар қамқорлыққа да зәру болған жоқ бәлкім. Біз солай ойлаймыз ғой. Кім білсін, қателесетін де шығармыз. Өмірдің заңдылығынан ешқайда қашып құтыла алмайсың. Бойыңа біткен талантты да ысырып тастай алмайсың. Жабысқан дерт асқынбай қоймайды. Шегіне жеткенде бір жарылады. Жүректегі дүмпуді өз ішіңде ұстап тұру мүмкін емес. Өлеңді сен іздемейсің, өлең сені өзі іздеп табады. Өлең жанның тазалығын шын қалайды. Өлең өзі үшін құрбан болуды тіпті жақсы көреді. Бар ғұмырыңды соған арнағаныңды көксейді. Осының барлығына көне алсаң, төзе алсаң ғана ақынсың.
Айтып айтпай не керек, қазіргі уақытта не нәрсенің де қадірі кетіп тұрғаны анық. Қадірін кетіріп жатқан тағы өзіміз. Тап осы тұста өмірге жаңаша ой айта алатын нәзік жанды ақындар келді. Дүниенің ағы қайсы, қарасы қайсы, дұрысы қайсы, бұрысы қайсы екеніне бас қатырмайтын өзімшіл, өктем мінезді өлеңдер келді. Әйел бола тұра, өмірдің бар сынына қасқайып қарай алатын, мүжілуді білмейтін шығармашыл адамдарының келгенін мойындай бастадық. Өлеңдерінен «меннің» исі аңқып тұрса да оқырманын бейжай қалдыра алмайтынына, селт еткізуге қауқары жететініне қуанасың, жасандылыққа бейім, өзінен басқаны көзіне ілуді ар санайтындығын байқап, қынжыласың. Амал қанша, бүгінгі күннің талабы осы. Қалай десек те, уақыттың жүрек соғысын жырға қосушылар солар. Кез-келген адам айта алмайтынды айтатын да солар. Әйелге тән писсимистік сарынның бірте-бірте оптимистік сарынға айналуы да соның әсерінен. Себебі, бүгінгі өмірдің қағидасы сол. Еңкейгенге еңкейіп, шалқайғана шалқаятындықтары да сол. Ақыл емес, ақша билік еткен тұста, екінің бірі түсіне бермейтін поэзияны алақаныңа салып әлпештеп өту үшін де жігерлілік қажет екенін бұлар жақсы түсінеді. Жоғарыда аты аталған апаларының ізін басып, өлеңдері жыр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп, қалыптасып, танылып жүрген, сыйлық-марапатан да кенде емес, қазақтың ақын қыз-келіншектері бар деп ауыз толытырып айта аламыз. Отбасылық күйбең тіршілікті ысырып қойып, өмірді батыл жырлауға шындап бекінген нәзік жандылар қандай марапатқа да лайық деген ой айтқымыз келеді. Алайда, жаңа заманның өлеңі - сөз бен ойдың астарынан алыстап, ұйқас іздеп кеткендей ойға қалдырады. Сөз мағынасын терең түсіне тұра, болмысы бөлек шумақ құру - тілімізді түсініксіз тілге айналдыруға барынша әсерін тигізіп жатыр. Оқырманнан бұрын, ақын, ең алдымен өз ойын өзі түсініп барып қағазға түсірсе, бәлкім мұндай түсінбеушілік болмас еді. Қазақтың талантты ақын қыздары дегенде Танакөз Толқынқызының есімі аталатыны рас. Мойығанын, мұңайғанын сырт көзге сездіре қоймайтын өжет ақынның табиғаты - өлеңдерінде көрініс табады. Солай болуы да керек әрине. Танакөздің жырларында өткір ой, тереңдікке ұмтылу басым екендігін былайғы жұртқа айтып жатудың өзі артық болар..
Не істе дейсіз? Не істе дейсіз енді сіз? Хәлге жеттім адам айтса, сенгісіз. Сіз жоқ жерде ауа да жоқ, не болған, Қайдан келдім? Қайда барам? Белгісіз.
Қайтсем екен сізден қалған көңілді? ...астаң-кестең... быт-шыт болған өмірді. Біреу жерде жылап жатып бақытты, Біреу шыңға шығып тұрып, жеңілді. Өзге ақындар да айтып жүрген ой болғанмен, Танакөз табиғаты мұны оқырманға нанымдырақ жеткізеді.
Бұдан кейін
Мен өртпін. Күресе алмайсың, Өртеуден жіп есе алмайсың. Мендегі тегеурін алапат, Сен оған ілесе алмайсың.
Осындағы «Өртеуден жіп есе алмайсың» деген жолды Танакөздің өзі жақсы түсінгенмен, оқырман қабылдай алмай қалады-ау деген ойға қалдық. Сезім мен шабыттың жетегінде отырған ақын үшін мұны қате дей алмайсың әрине. Сонда да айтылар әрбір сөзге ерекше мән бергеніміз дұрыс шығар. Әрі Танакөздің өз оқырманының назарындағы ақын екендігін жұрт жақсы біледі. Еліктеу мен солықтау кезеңінен өтіп кеткен ақын әріптесіміздің «Мен өртпін» деуінің өзі батыл қадам болса керек. Жас ақындардың бірі - Динара Мәліктің өлеңдегі өрнегі әдемі-ақ. Жастыққа тән мінез жүректегі сөзді айтуға талпындырады. Қазақ қызының болмысындағы ұяңдықтан гөрі сезінгенін бүкпесіз жайып салуымен ерекшеленеді екен. Мұндай шынайылықты Фариза Оңғарсынова жырларынан кездестіруге болады.
Ойымнан ұялдым, Сен қалай сезімге сия алдың? Ішімде ұлыған қызғаныш, Алдыңда ұяңмын.
Әзірге шүкірмін, Жүректің жасына жұтылдым. Ләзаттың азабы осы ма? Түніңе түкірдім!
Қайтемін өкініп, Жүр деме арына бекініп. Сен және мен сүрген бұл өмір, Тәп-тәтті өтірік.
Әйел затының шындығы да сол. Тап осы жолдарда барлығы да айтылған. Динараның бойын жасандылықтан аулақ ұстайтыны аңғарылады. Ол қысқа формаға құрылған өлеңге бүкіл-көңіл күйін сыйдыра білген. Мұны тіпті оп-оңай жазылған өлең деуге де болады. Алайда, «Жүректің жасына жұтылдым», «Тәп-тәтті өтірік», «Сен қалай сезімге сия алдың» деген тосын ойлар оқырманын ойлануға шақырады. Ал «Түніңе түкірдім» деуі тек өзіне ғана мәлім әйел тауқыметінің бет-бейнесін аша түсетіндей. Бірақ мұны кімнің қалай қабылдайтынын болжай алмаспыз. Ол бір өлеңінде,
Сен туралы жұлдыздар да біледі, Жұлдыздардың жұмсақ екен жүрегі. Сенің бір күн кетеріңді сыбырлап, Айдағы қыз терсі қарап күледі.
Тартымды шумақ емес деп қайтіп айта аласың? Шынайы сезім мен махаббаттың мұңын мұдаған кезеңнің сәтті өлеңдер тудырудағы қадамы сәтті басталғанына қуандық.
Бір кездері «Самолет самолет, мені бірге ала кет» деп жырлаған Назира Бердалыны білмейтін адам жоқ-ау, сірә. Ақындығымен де, тележүргізушілгімен де дүйім жұрттың назарында жүрген Назираның өлеңдерінде өзгеше бір сұлулық бар. Көктің жүзі тылсым түспен түнеріп, Көрпе бұлтты серіппеуге бекінді. Ғайып болған, кеткендей-ау күн еріп, ...Ғажап нәрсе төгілетін секілді. Қоңыр-сары жапырақтар қалықтап, Жауып жатыр жерге түскен әр ізді. Қиял - құсым әлдеқайда қалықтап, Түсінбедім... жыр туатын тәрізді.
Күндер бөлді арамызды бірге өтпей, Мен мұндамын, сен - андасың, шалғайда. Мына жаңбыр көктің жүзін түнертпей, Жауар болса, жылдам жауа салмай ма? Жан сырын табиғатты суреттеу арқылы бере білген ақынның лирикалық жырлары нөсер болып төгіліп, айналасын ерекше құлпыртып жіберетіндей әсерге қалдырады. Поэзияның құдіреті бәлкім осы болар.
Өз заманының бет-бейнесін жырлаған әйел ақындар әр кезеңде өмір сүрді. Бірақ олардың өнерінен гөрі, отбасылық, ошақ қасылық өмірі жоғары тұрды. Ал бүгінгі өмір жанның жарасын жариялағаннан гөрі, іс-әрекет етудің жолдарына бағыттап бара жатқандай. Ал, ақынның ерекшелігі - қуаныш пен ішкі күйзелісті өлеңге ақтара алатындығында болса керек. Ана бола тұра, ақын бола тұра қиындыққа мойымай, өлеңнен теріс айналмай, адалдығын дәлелдей білген нәзік жандылардың төзімі мен жігеріне сүйсінбеске шараң қалмайды. Роза Сейілхан