Өзара түсіністік, төзімділік, бейбітшілік құндылықтарын болашақ ұрпаққа да жеткізуіміз қажет - Елбасы
АСТАНА. 7 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Өзара түсіністік, төзімділік, бейбітшілік құндылықтарын болашақ ұрпаққа да жеткізуміз қажет. Бұл туралы бүгін Астанадағы Успен кафедралды соборында Рождество мерекесімен еліміздің православие христиандарын құттықтау кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Елімізде ислам және православие христиандық екі негізгі діни конфессия бар. Барлық дінге сенетіндердің діни нанымдарына құрметпен қарайтындай мемлекет тарапынан саясат құрылып отыр. Бұл өз кезегінде өзара түсіністікке, төзімділікке, достастық пен бейбітшілікке жағдай жасаудың негізі. Осының негізінде біздің көп ұлтты елімізде толеранттылық, өзара келісім сақталып отыр»,-деп атап өтті Елбасы.
Президент Қазақстан әлемде үлкен сый-құрметке ие болып отырғанын айта келе, «Біз толеранттылық пен барша діндер мен ұлттардың түсіністігі тұрғысында басқаларға үлгіміз. Ұлтына және нәсіліне, діни нанымына, тіліне қарамастан барлық азаматтардың тең құқын қамтамасыз ету - біздің болашақта да тұрақты дамуымызда игі бастау болып табылады. Бұл құндылықтарды біз әрқашан сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізе білуіміз қажет»,-деді.
Осы орайда Мемлекет басшысы бұл тұрақтылықтың арқасында Қазақстан дамып келе жатқанын және алдыңғы қатарлы мемлекеттердің біріне айналғанын, сондай-ақ жыл сайын халқымыздың өмір сүру жағдайы артып келе жатқанын айтып өтті.
Президент Құрбан айт және Рождество мерекелері демалыс күндері ретінде жарияланғанын айта келе, «осы күндері барлық дінге сенетін адамдардың жүрегі махаббатқа, қайырымдылыққа, сондай-ақ жақыны мен елін сүю мейіріміне толы болады»,-деді.
Елбасы өзінің құттықтауында барша еліміздің азаматтарына бейбітшілік пен игілік тілей келіп, әр отбасында бақыт, сүйіспеншілік пен өзара түсіністік салтанат құрғанын қалайтынын жеткізді. Сонымен қатар Н. Назарбаев құттықтау рәсіменен кейін аталған соборға шағын автобусты сыйға тартты.