Өзбекстан хуситтердің Меккеге бағытталған шабуылын айыптады
АСТАНА. KAZINFORM — 17 қыркүйек, бейсенбі күні Өзбекстан Сауд Арабиясындағы қасиетті Мекке қаласына бағытталған хуситтердің ұшқышсыз ұшу аппаратымен жасаған шабуылын қатаң айыптады, деп хабарлайды Анадолы.
Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі Telegram әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде Сауд Арабиясымен толық ынтымақтастық білдіріп, қасиетті орындарға, бейбіт тұрғындарға немесе азаматтық инфрақұрылымға қауіп төндіретін кез келген әрекетті қолайсыз деп санайтынын атап өтті.
Ташкент барлық тарапты «барынша сабыр сақтауға», халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтауға, сондай-ақ мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеуге шақырды.
— Біз шиеленісті бәсеңдетуге, қақтығыстың одан әрі таралуына жол бермеуге және өңірде бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерді қолдаймыз, — делінген мәлімдемеде.
Йеменде хуситтер 2014 жылы ел астанасы Сананы басып алғаннан бері соғыс жүріп жатыр. Осыдан кейін 2015 жылы Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы халықаралық деңгейде мойындалған Йемен үкіметін қолдау үшін қақтығысқа араласты.
Шілде айында көтерілісшілер тобы Эр-Риядқа теңіз блокадасын жариялағаннан кейін үкімет әскерлерімен қайтадан қақтығыстар басталды. Жақында хуситтер Қызыл теңіз жағалауы мен Баб әл-Мандеб бұғазы маңында ілгерілегенін мәлімдеді. Сондай-ақ хуситтер Сауд Арабиясының мұнай инфрақұрылымына соққы берген.
Сауд Арабиясы бастаған коалиция сәрсенбі күні таңертең Сауд Арабиясының әуе қорғаныс күштері Йемендегі хуситтер тобы Меккенің оңтүстігіне қарай ұшырған дронды қасиетті қаланың әуе кеңістігіне кірмей тұрып, ұстап алып жойғанын хабарлады.
Бұған дейін Сауд Арабиясы Мекке маңында хуситтердің дронын қағып түсіргенін мәлімдеді.