Өзбекстан резервтеріндегі алтын қорының құны рекордтық деңгейге жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан Орталық банкінің мәліметінше, шілде айында Өзбекстанның алтын-валюта резервтері 48,74 миллиард долларға дейін өсті.
 
                                              Бұл өткен аймен салыстырғанда 193,7 млн долларға(0,4%) көп. Жыл басынан бері елдің «қаржылық қауіпсіздік жастығы» 7,56 млрд долларға (+18,4%) өсті.
Резервтердегі алтынның физикалық көлемі 20 мың троя унциясына (0,6 тонна) азайып, 11,7 миллион троя унциясын (363,9 тонна) құрады.
Соған қарамастан, алтын резервтерінің құны 38,68 млрд долларға дейін өсті, бұл 2013 жылдан бергі рекордтық көрсеткіш саналады. Маусым айындағы көрсеткіштен 265 млн долларға артық.
Бұл өсім алтынның бағасы шамамен 0,2%-ға өсіп, 3 338,6 доллардан 3 346,5 долларға дейін көтерілген кезде орын алды.
Валюта резервтері 63,3 млн долларға азайып, 9,5 млрд долларға жетті, бұл ақпан айынан бергі ең төмен көрсеткіш болып тұр.
Орталық банктің бір ай ішінде сатып алған бағалы қағаздарының құны да өсті. 1 тамыздағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 1,01 млрд долларды құрап, бір айда 303 миллион долларға (+42,7%) өсті.
Резервтерр құрамындағы алтынның үлесі жоғары – 79,4% (бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 77,9% болған). Акциялар мен облигациялардың үлесі 2%-дан, валюталық резервтердің үлесі 19,5%-дан асты.
Еске сала кетейік, маусым айында Өзбекстанның алтын-валюта қоры 1,1 млрд долларға қысқарды.