Өзбекстан «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» жобасына кіруі мүмкін

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Ташкентте «Транскаспий халықаралық көлік бағыты және Қазақстанның теңіз порты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Өзбекстандағы тілшісі.

Өзбекстан «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» жобасына кіруі мүмкін

Дөңгелек үстелде «Транскаспий халықаралық көлік бағытын» (ТХКБ) дамыту және танымалдығын арттыру, Қазақстан мен жобаға қатысушы елдердің теңіз инфрақұрылымының мүмкіндіктерін таныстыру мәселелері қаралды.

Жиын барысында Қазақстандық баяндамашылар жүктердің үздіксіз ағынын тарту мақсатында ірі көлемдегі және перспективалы транзиттік тасымалдарға қызмет көрсету бойынша Ақтау және Құрық порттарының мүмкіндіктерін таныстырды.

Бұдан басқа, қазақстандық тарап ҚР-дағы паромды және құрғақ жүктерді дамыту мен теңіз порттарын ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы хабарлады.

Сонымен қатар, Қазақстан темір жолы  өкілдері ТХКБ-ның жобасына өзбекстандық әріптестерін тарту аясында ӨР компанияларымен теміржол бағыттары бойынша тасымалдау талаптары мен жүктерді жеткізу мерзімдерін талқылады.

Еске сала кетейік, Өзбекстан Президентінің Қазақстанға жасаған сапары аясында 1 млрд доллар сомасында шарттар жасалған болатын.