Өзбекстан жастары үшін дипломды растау талабын алып тастау керек – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстандағы еңбек күштерінің, әсіресе жастардың Қазақстанға кедергісіз келуіне жағдай жасау керек. Белгілі экономист Сапарбай Жұбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында осындай пікір білдірді.
Сарапшының айтуынша, Орталық Азия республикалары ішінде Қазақстан мен Өзбекстан ең күшті мемлекеттер саналады. Қос мемлекет арасында көпсалалы байланыстар орнаған.
– Ең негізгілері – энергетика мәселесі, металлургия, химия өнеркәсібі, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, транспорттық-логистикалық салалар алдыңғы қатарда тұр. Оған қоса, соңғы кездері туризм, дәрі-дәрмек өндіруде де ынтымақтастығымыз өсіп келеді. Себебі екі республикада да, мәселен Өзбекстанда 38 млн болса, бізде 21 млнға жақын халық бар. Яғни аймақтағы халықтың 85 пайызы осы екі республикада тұрады, - деді С. Жұбаев Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.
Бауырлас екі республика арасындағы одақтастық байланыс көптеген мүмкіндіктерді ашады. Әрине кейбір шешілмеген мәселелер де бар.
– Мысалы су мәселесі, Өзбекстандағы еңбек күшінің жоғары болуы, Қазақстанда инвестициялық мүмкіндіктердің кең жүзеге асырылуы бар. Меніңше, екі республиканың басшыларының, Президенттерінің кеңесі осы мәселелерді шешуде, экономикалық байланыстарды 5 миллиардтан 10 миллиардқа жеткізуде, гуманитарлық мәселелерде, еңбек күштерінің, әсіресе жастардың бізге еркін кіруіне, олардың Қазақстанда еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды.
Өзім университет оқытушысы болған соң, осы нострификация (шетелдік білім беру құжатын мойындау) деген жасанды талапты жою керек. Себебі біздің қазақстандық, өзбекстандық жастар Еуропаға барса еш айғақтау талап етілмейді, тек қана тілді білсе болғаны. Ал біздің әсіресе Қазақстанның жоғары оқу орындарына Өзбекстаннан келген қазақ жастары болсын, өзбек жастары болсын, бәрін нострификация рәсімі мазалайды. Осы талапты алып тастауды өтінер едім, - дейді сарапшы.
Еске салайық, 14-15 қараша күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Ташкентке мемлекеттік сапар жасады. Мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, Қазақстан-Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысын өткізді.
Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Ал 16 қарашада Президент Ташкентте өтетін Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысады.