Өзбекстанда 2025–2026 жылдары 3000-ға жуық микро ГЭС салынуы мүмкін
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — «Республика аумақтарында микро гидро электр станциялары желісін дамыту жөніндегі қосымша шаралар туралы» ел президентінің қаулысы қабылданды, деп хабарлайды Өзбекстан Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

Қаулыға сәйкес 2025-2026 жылдары республика өңірлерінде микро гидро электр станциялары желісін дамытудың мынадай негізгі нысаналы индикаторлары белгіленді, оның ішінде:
— жалпы қуаты 164 МВт болатын 2983 микро ГЭС салу және жылына 500 млн кВт/сағ экологиялық таза электр энергиясын өндіру;
— жаңа микро ГЭС-терді іске қосу арқылы 280 мың адамды электр энергиясымен қамтамасыз ету;
— құрылыс кезеңінде 1200 жұмысшыны жұмыспен қамту және жобалар іске қосылғаннан кейін 520 тұрақты жұмыс орнын құру.
2025 жылғы 1 мамырға дейін жобалық құжаттама негізінде микро ГЭС салу үшін таңдалған жер телімдері белгіленген тәртіппен Энергетика министрлігіне беріледі.
Энергетика министрлігі бөлінген жер телімдерін микро ГЭС салу және пайдалану үшін жоба бастамашыларына 20 жыл мерзімге жалға беруді қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар шағын су электр станцияларының жобаларын жүзеге асыру жөніндегі топ құрылады.
Еске сала кетейік, Өзбекстан билігі ірі АЭС салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.