Өзбекстанда халық саны соңғы 30 жылда екі есеге жуық өсті — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Шыңжаңда Қытай–Орталық Азия орталық дәріханасы ашылды — Халық газеті
Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында өткен 9-шы Қытай–Еуразия көрмесі аясында Қытай (Шыңжаң) — Орталық Азия орталық дәріханасы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды Халық газеті басылымы.
Жоба Қытайдың фармацевтикалық өнімдері мен медициналық мақсаттағы бұйымдарын Орталық Азия нарығына шығаруды жеделдетуге және өңір елдерімен салалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Орталық Азияның фармацевтикалық нарығы жыл сайын орта есеппен 12 пайызға өсіп, көлемі 3 млрд АҚШ долларынан асты. Платформа фармацевтикалық компаниялардың шетел нарығына бірлесіп шығуына қолдау көрсетеді.
Биылғы жылдың алғашқы жартысында платформа Өзбекстан, Қазақстан және Ресейде үш шетелдік базаны іске қосты. Сондай-ақ медициналық сақтандыру формулярына енгізілген 3253 дәрілік препарат пен 3000-нан астам медициналық бұйымды біріктіріп, экспорттық сатылым көлемін 128 млн юаньға жеткізді.
Сондай-ақ осы аптада Халық газетінде «Шыңжаңдық 71 жастағы дәрігер „Бірінші шілде медалімен“ марапатталды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген болатын.
Аталған басылымның дерегінше, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Шағантоғай ауданында 71 жастағы қазақ дәрігері Оқас Сүлейменұлы «Бірінші шілде медалімен» марапатталды. Ол жарты ғасырдан астам уақыт бойы малшыларға медициналық көмек көрсетіп, ел ішінде кеңінен танымал болды.
1975 жылы Тарбағатай медициналық училищесін бітірген соң ауылдық өңірге жұмысқа барған дәрігер 50 жыл ішінде атпен жүріп, таулы және шөлейт аймақтарды аралап, 100 мыңнан астам адамға ем жасаған. Сондай-ақ 3 200-ден астам сәбидің дүниеге келуіне көмектесіп, талай ауыр жағдайдағы науқастың өмірін сақтап қалған.
Зейнетке шыққаннан кейін де ол медициналық қызметін жалғастырып, «Оқас денсаулық күтімдеу бөлмесін» ашқан. Қазіргі таңда оның бастамасымен құрылған еріктілер тобы мен жергілікті жас дәрігерлер шекаралық малшылар аймақтарында тұрақты медициналық қызмет көрсетуді жалғастырып келеді.
Әл-Фараби мұрасы — Қазақстан мен Иранның рухани байланысының негізі — Eurasia Today
Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының мәдени атташесі доктор Мұхаммед Масұд Садеқидің айтуынша, Иранның бұрынғы Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тегерандағы кездесуінде Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылған. Оның пікірінше, ұлы ойшылдың мұрасы Қазақстан мен Иран халықтарын байланыстыратын ортақ рухани құндылықтардың бірі саналады.
Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады.
Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, мәдени атташе халықаралық қатынастарда саяси және экономикалық байланыстармен қатар мәдени ынтымақтастықтың да маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, әл-Фараби мұрасы екі елдің тарихи және өркениеттік байланысын нығайтуға қызмет етеді.
Сондай-ақ, ол әл-Фарабидің ғылыми-философиялық мұрасын зерттеу, сақтау және кейінгі ұрпаққа насихаттау Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі болып қала беретінін айтты.
Өзбекстанда халық саны соңғы 30 жылда екі есеге жуық өсті — ӨзА
Өзбекстанның тұрақты халқының саны 39 047 321 адамға жетті. Бұл туралы елдің Статистика комитеті халық пен ауыл шаруашылығы санағының алдын ала қорытындысын таныстыру барысында мәлімдеді. 1989 жылғы соңғы жалпыұлттық санақпен салыстырғанда халық саны шамамен екі есеге көбейген. Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді.
Хабарламада айтылуынша, алдын ала мәлімет бойынша, санақ барысында бір адамды тіркеуге орта есеппен 0,12 АҚШ доллары жұмсалған. Сондай-ақ елде бір жылдан астам уақыт тұрып жатқан 56 860 шетел азаматы есепке алынған. Олардың басым бөлігі Ташкент қаласында тұрады. Шетел азаматтарының саны бойынша Үндістан, Ресей және Қазақстан алғашқы үштікке енді.
Айта кетерлігі, санақ нәтижесіне сәйкес, тұрғындардың 35,7 миллионы немесе 91,3 пайызы өзбек тілін ана тілі ретінде көрсеткен. Билік бұл деректер демографиялық үрдістерді бағалау, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды әзірлеу және мемлекеттік саясатты жоспарлау үшін маңызды статистикалық негіз болатынын атап өтті.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Әлем чемпионатынан оралған Өзбекстан құрамасын салтанатты қарсы алды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Ислам Каримов атындағы Ташкент халықаралық әуежайында футболдан әлем чемпионатына қатысқан Өзбекстан ұлттық құрамасын салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Команда өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысып, әлемнің үздік 48 құрамасының қатарына енді.
АҚШ, Мексика және Канадада өткен ХХІІІ әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасы Португалия, Колумбия және Конго құрамаларына қарсы ойын өткізіп, халықаралық деңгейде құнды тәжірибе жинады.
— Салтанатты қарсы алу рәсіміне Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов қатысты, деп жазады өзбекстандық БАҚ.
Қазақстан Бандар-Аббас портында жүк терминалын салуды жоспарлап отыр — ParsToday
Қазақстан Иранның оңтүстігіндегі Бандар-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портында жүк терминалын салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.
Ирандық ақпарат агенттігінің келтірген дерегіне сүйенсек, Серік Жұманғаринның айтуынша, жоба жеке сектордың инвестициясы есебінен жүзеге асырылады. 15 гектар аумақта салынатын терминал қазақстандық тауарларды тиеу, түсіру және тасымалдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жоба Қазақстанның Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына тікелей шығуын кеңейтуді көздейді.
Серік Жұманғарин Қазақстан үшін Ақтау — Түрікменстан — Иран бағыты арқылы Парсы шығанағына шығатын теміржол дәлізінің стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыт Үндістан, Шығыс Африка, Парсы шығанағы елдері мен Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына экспортты ұлғайтуға жол ашады. Сонымен қатар Иран Қазақстанның Чабахар портын пайдалануына да қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Түркия өз ұлттық навигация жүйесін құруды бастады — TRT
Түркия шетелдік навигациялық платформаларға тәуелділікті азайту және дербес цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру мақсатында ұлттық навигация жүйесін әзірлеуге кірісті. Жоба Өнеркәсіп және технология министрлігінің үйлестіруімен жүзеге асырылып отыр.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
«TRT»-ның дерегінше, министрлік өткен жылы отандық карта және навигация қосымшаларын дамытуға қолдау көрсету жөнінде бастама көтеріп, 2025 жылы тиісті өтінімдерді қабылдаған. Кейінгі кезеңде жоба серіктестері анықталып, ресми келісімдерге қол қойылған. Жобаға «Başarsoft», «BVB» компаниялары және «Togg» ұлттық автокөлік бренді тартылған.
Жаңа навигациялық жүйе ұялы телефондар, автокөліктер, логистика, ақылды қала жобалары, электронды сауда және төтенше жағдайларды басқару салаларында қолданылмақ. Түрік тарапы жобаның дербес дерек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дағдарыс жағдайларында сыртқы жүйелерге тәуелділікті азайтуды көздейді.
Сондай-ақ осы аптада TRT басылымында «Ұзақ уақыт отыру қатерлі ісік қаупін арттырады» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, ұзақ уақыт бойы бір орында отыру қатерлі ісіктен қайтыс болу қаупін арттыруы мүмкін. Бұл туралы Ұлыбритания ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу нәтижесінде белгілі болды.
Глазго университетінің зерттеушілері 90 мыңнан астам адамның деректерін 10 жылдан астам уақыт бойы бақылап, нәтижелерін «PLOS Medicine» журналында жариялады. Зерттеу қорытындысына сәйкес, ояу кезде 30 минуттан артық үздіксіз отыру немесе жату қатерлі ісіктен өлім қаупін арттырады. Ал қимылсыз өткізілген әрбір қосымша сағат бұл тәуекелді одан әрі күшейтетіні анықталған.
Мамандардың айтуынша, ұзақ отырудың орнын жеңіл физикалық белсенділікпен алмастыру қауіптің төмендеуіне ықпал етеді. Мәселен, күн сайын бір сағат қимылсыз отырудың орнына үй шаруасы сияқты жеңіл қозғалыс жасау қатерлі ісіктен қайтыс болу қаупін 12 пайызға дейін азайтуы мүмкін. Сонымен қатар, зерттеушілер әр 30 минут сайын аз да болса қозғалып тұрудың денсаулыққа оң әсері бар екенін атап өтті.