Өзбекстанда сайлауға электораттың 87 пайызынан астамы қатысты - Орталық сайлау комиссиясы
ТАШКЕНТ. Желтоқсанның 28-і. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Өзбекстанда өткен сайлауда сайлаушылардың 87 пайыздан астамы дауыс берді. Бұл туралы жексенбі, желтоқсанның 27-сінде өткен қорытынды брифингте Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мырза-Ұлықбек Әбдусаломов хабарлады.
Комиссия басшысы хабарлағандай, желтоқсанның 27-сі күні сағат 20.00-да Олий Мажлистің Заң шығарушы палатасына депутаттар сайлау жөніндегі барлық учаскелері мен мемлекеттік биліктің жергілікті өкілетті органдарында дауыс беру шаралары аяқталды.
М.Әбдусаломовтың айтуынша, алдын-ала мәліметтер бойынша, сайлауға шамамен 15 миллион 108 мың 950 сайлаушы қатысқан, бұл тізімге енген барлық сайлаушының 87,8 пайызын құрайды. «Осылайша, «Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисіне сайлау туралы» Заңның 44-ші бабына сәйкес Парламенттің Заң шығарушы палатасына депутаттар сайлау өтті деп саналады», деп атап көрсетті ол.
Дүйсенбі, желтоқсанның 28-і күні өтетін баспасөз мәслихатында Олий Мажлис Заң шығарушы палатасына депутаттар сайлаудың алдын-ала қорытындысы жария етіледі деп жоспарлануда.