Өзбекстанда шетелдіктер мен мигранттарға ВИЧ-ке міндетті тестілеу енгізілмек
АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстанда ВИЧ инфекциясына міндетті тестілеу енгізуді қарастыратын заң жобасы талқыланып жатыр, деп жазды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Бұл шара шетелде ұзақ уақыт болғаннан кейін елге оралатын Өзбекстан азаматтарына, сондай-ақ республика аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты болмақ.
Құжатқа сәйкес, 90 күннен астам уақыт елден тыс жерлерде болған 18 бен 60 жас аралығындағы азаматтар міндетті медициналық тексерістен өтуге тиіс болады.
Осыған ұқсас талаптар Өзбекстанға тұрақты немесе ұзақ мерзімді тұру үшін келген шетелдік жұмысшылар мен өзге де адамдарға да қатысты болады.
Заң жобасының бастамашылары мұндай өзгерістерді енгізудің қажеттілігін жұқпалы ауруларды, соның ішінде ВИЧ инфекциясын уақтылы анықтауға деген ұмтылыс деп түсіндіреді. Бұл бастаманың қолға алынуына еңбек миграциясының ауқымының кеңеюі мен елге келетін шетел азаматтарының санының артуы түрткі болған.
Егер бұл заң жобасы қабылданса, Өзбекстан ВИЧ инфекциясының таралуын бақылау бойынша осындай шаралар қабылданған елдердің қатарына қосылады.
Бұған дейін СҚО-да ВИЧ жұқтырған мыңнан астам адам есепте тұрғанын жазған едік.