Өзбекстанға қарай жүк вагондарының жинақталуына жол бергендер жауапқа тартылады
АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстанға қарай жүк вагондарының жинақталуына жол берген компанияның лауазымды тұлғаларын жауапқа тарту керек. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновке осындай тапсырма берді.
– Өзбекстанға қарай теміржолда жүк вагондары жинақталып қалыпты. Өздеріңіз білесіздер, сенбі күні бұл мәселені өзіңізбен сөйлесіп, талқыладық. Қандай шаралар қабылданып жатыр?, - деп сұрады Үкімет басшысы Талғат Алдыбергеновтен.
Компания басшысының айтуынша, 7-8 желтоқсанда Сарыағаш пен Ташкентте Өзбекстан көлік министрімен кездесу өткізілген.
– Нәтижесінде бірлескен шешімдер қабылданды. Бірінші, Өзбекстан жедел штаб құрды. Екінші, Өзбекстанда барлық өкілетті ведомство тәулік бойы жұмыс режиміне көшті. Үшінші, Өзбекстан темір жолдары тәулігіне 1 800 вагон, 35 пойыз, оның ішінде 250 астық ұнтақтау өнімдері және басқа тауарлар бар вагондарды қабылдайтын болды. Қазір жағдай тұрақты. Астық экспортқа ашық шығарылып жатыр, - деді ол.
Осы ретте Премьер-министр бұл мәселені тездетіп толық шешу қажеттігін ескертті.
– Осындай жағдайға жол берген компанияның лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тартыңыздар. Маған баяндаңыз, - деп ескертті Үкімет басшысы.
Айта кетейік, Министрлер кабинетінің мүшелері еліміздің көлік-транзит саласын дамыту мен цифрландыру мәселесін талқыға салып жатыр.