ӨЗЕКТІ ПІКІР: Жаңа терминді қолданғанда абай болғанымыз жөн
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік тіл туралы сөз қозғалғанда, тіпті де үнсіз қала алмасымыз анық. Биыл үлкен бір жиын үстінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шет тілдерінен кейбір сөздерді ана тілімізге аударғанда аса мұқият болуымызды ескерткені көңіліме қона кеткені сондықтан болар. Бұл өзекті тақырып бұқаралық ақпарат құралдарында да, қоғам арасында да көп айтылып, көп талқыланып жүргені белгілі. Әзірге сабақ алғанымыз шамалы деп ойлаймын.
Кезінде Үкімет басшысы болып қызмет атқарған уақытында мемлекеттік тілді дамыту жөнінде комиссия құрып, қаражат бөлуге, тіпті Тіл комитетін құруға белсене атсалысқан Даниал Ахметов комиссияның кезекті бір отырысында терминдермен жұмыс жасау жөніндегі тақырыпты қозғай келе, «Балконды» «қылтима» деп аударыпты, бұдан не ұттық?!» деген уәж айтып еді. Ойлап қарасақ, жаны бар сөз. Бізге ең алдымен тіл тазалығы керек.
Бұл жөнінде ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы: «Тіл тазалығы дегеніміз - ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу» деп жазғаны белгілі. Біз осы сөздерді жадымызға мықтап тоқып алсақ, ана тіліміздің жат сөздердің кірігуі арқылы шұбарлануына жол бермеген болар едік-ау!..
Алаш арысының ескертпесі, әсіресе, БАҚ қызметкерлеріне тікелей қатысты дер едім. Себебі, мерзімді баспасөз бетінде тасқа басылған терминдерге, электронды БАҚ-та айтылған, эфирден берілген жаңа сөздерге барынша абай болғанымыз жөн. Көпшілік оқырман қауым, жастар, оқушылар мен студенттер БАҚ-та жазылған сөздерді, жаңа терминдер мен атауларды жылдам әрі сол қалпында көкейге сақтап қалады. Баспасөзде жарық көрген соң, жазылуын да заңды деп ұғынады. Негізінде, Үкімет жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясында бекітілген терминдер ғана заңдық тұрғыда қолданылуға жатады емес пе?! Мысалы, қазір электронды БАҚ-та, телеарналарда хабар жүргізуші журналисті «жүргізуші», «тізгінші» деп әркім әртүрлі атап жүр. Ал «жүргізуші» деген ұғым көлік жүргізуші деген мағынада біздің санамызға орнығып қалғаны шындық жайт.
Журналистердің жаңа сөз қолданысын, жаңа терминдерді пайдаланғанда аса абай болғандары жөн деген ой осыдан барып туындайды. Тегінде, жалпыға ортақ, көпшілікке түсінікті, қалың оқырман қабылдаған терминдерді қолданғанымыз абзал.
Айналып келгенде, ана тіліміздің тағдыры кімді толғантпас дейсіз?! Қазақ болып дүние есігін ашқан әрбір қандас бауырымыз тіл мәселесіне келгенде шыр-пыр болып, жанын шүберекке түйіп, еңбек сіңірсе, қанеки! Ана тілінде жазып қана қоймай, мәдениетті, орынды сөйлей білудің де маңыздылығы аса зор. Сол себепті үйде, балабақшада, мектепте, жұмыс орнында, қоғамдық ортада, жиылыстарда, қонақта, тағы басқа да жерлерде мемлекеттік тілде сөйлесек, мемлекеттік тілдің дамуына әркім де өз үлесін қосар еді ғой. Ол үшін, әрине, қазақы тәлім-тәрбие керек-ақ. Әр қазақтың жүрегі ана тілім деп соқса ғой дейсің!..