Ozempic, Mounjaro: Арықтататын дәрілердің әсері бар ма
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде артық салмақ ересектермен қатар, балалар арасында кең таралып келеді. Мәселенің ауқымы ұлғайған сайын салмақ тастауға арналған дәрілерге де сұраныс артып отыр. Алайда маман кеңесінсіз қолданылатын мұндай препараттар денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Kazinform тілшісі мәселенің мәнісін тарқатты.
Қазақстанда әр екінші ересек адамның артық салмағы бар
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда семіздіктің алғаш анықталған жағдайлары 100 мың адамға шаққанда 32,6 болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,7%-ға төмен. Ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысында тіркелсе, ең төмен деңгей Түркістан, Ақмола және Абай облыстарында байқалды.
Алайда бұл сан семіздіктің елдегі нақты таралуын толық көрсете алмайды. Себебі ресми статистика тек алғаш қойылған диагноздарды қамтиды. Профилактикалық тексеруден өтпейтін немесе дәрігерге кеш жүгінетін адамдар есептен тыс қалуы мүмкін.
Артық салмақтың ауқымын халықаралық деректер де көрсетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы негізінде Our World in Data жариялаған зерттеуге сәйкес, 2024 жылы Қазақстандағы ересектердің 56%-ында артық салмақ немесе семіздік болған. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 45%-ға жоғары.
199 ел мен аумақты қамтыған зерттеуде Қазақстан 96-орында тұр. Орталық Азияда бұл көрсеткіш Қазақстан мен Қырғызстанда 56%, Өзбекстанда 64%, Тәжікстан мен Түрікменстанда 58%-ды құраған.
Артық салмақтың қаупі оның таралуында ғана емес, денсаулыққа әсерінде. Ведомствоның мәліметінше, өткен жылы қант диабеті алғаш анықталғандар саны 100 мың адамға шаққанда 331,6 жағдайға жеткен. Әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар арасында көрсеткіш 10,6%-ға өскен.
Сондықтан семіздіктің алдын алуда күнделікті әдет пен тамақтану мәдениетінің маңызы зор. Мысалы, Жапонияда ересектердің семіздікке шалдығу үлесі 24%-ды құрайды. Сарапшылар мұны дұрыс тамақтану мен белсенді өмір салтымен байланыстырады. Жапон мәдениетіндегі «Хара хачи бу» қағидасы – шамамен 80% тойған кезде тамақтануды тоқтату осы әдеттердің бір мысалы.
Балалар арасында висцеральді семіздікжиілеген
Артық салмақ мәселесі балалық шақтан басталуы мүмкін. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Ерік Байжүнісовтің айтуынша, Қазақстанда 6–9 жастағы әр бесінші баланың артық салмағы бар. Ал осы жастағы балалардың 6,6%-ы семіздікке шалдыққан.
Оның сөзінше, балалардың салмағына қоғамның көзқарасы да әсер етеді.
– Халықтың 77,6%-ы балалардағы артық салмақты қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Бұл алдын алу шараларының тиімділігін төмендетеді, – деді Ерік Байжүнісов.
Сондықтан мәселені шешу үшін жеке әдеттермен қатар, тамақтану ортасына назар аудару қажет. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Үкіметке қант қосылған сусындарға акциз енгізуді ұсынған. Мамандардың есебінше, бұл өнімдердің бағасын шамамен 100 теңгеге өсіріп, үш жыл ішінде бюджетке 420 млрд теңгеге жуық қаржы түсіруі мүмкін.
– Біз Үкіметке және Денсаулық сақтау министрлігіне нақты шаралар ұсынып отырмыз. Соның ішінде қант қосылған сусындарға акциз енгізу бар. Бұл өнімдердің бағасына шамамен 100 теңге қосылады. Үш жыл ішінде осыдан шамамен 420 млрд теңге қаржы түсуі мүмкін, – деді спикер.
Балалардың таңдауына ақпараттық орта да ықпал етеді. Маманның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнаманың 22%-ы қантты сусындарға, 17%-ы фастфуд өнімдеріне тиесілі.
Еліміздегі ахуал әлемдік үрдістің бір бөлігі. Дүниежүзілік семіздік федерациясының болжамынша, 2040 жылға қарай әлемде 227 млн бала семіздікке, ал 500 млн-нан астамы артық салмаққа шалдығуы мүмкін.
Сонымен қатар салмаққа әсер ететін факторлар тамақпен шектелмейді. Эндокринолог Меруерт Нәлібаеваның айтуынша, генетикалық ерекшелік, қозғалыстың аздығы, стресс, ұйқының бұзылуы мен инсулинге төзімділік семіздікке әкелуі мүмкін.
– Семіздік тамақтанудың бұзылуы ғана емес, генетикалық тұқым қуалаушылықпен байланысты. Генетика – код болса, эпигенетика оны өзгертуге мүмкіндік береді. Ол стресске бейімделу, тамақтануды дұрыстаумен келеді. Мұны реттеуге болады, – деді дәрігер.
Маман соңғы жылдары балалар арасында висцеральді семіздіктің жиілегенін айтады.
– Бұл – ішкі органдардың арасында майдың жиналуы. Ұйқы безінің, бауырдың, жүрек айналасының май басуы. Соның ішінде бауырды май басу аса қауіпті. Себебі ол ағзадағы негізгі сүзгі қызметін атқарады, – деді дәрігер.
Ересектердің салмағына да өмір салты әсер етеді. Маман босанғаннан кейінгі кезеңдегі ұйқының бұзылуы мен тұрақты стресс әйелдердің салмақ қосуына ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.
Осы факторлардың жиынтығы артық салмақты тек жеке адамның әдеті емес, күрделі медициналық әрі әлеуметтік мәселе екенін көрсетеді. Ал салмақты өзгерту өмір салтын түзетумен шектелмеген жағдайда, медициналық емге жүгіну қажеттілігі туындайды.
Арықтататын дәрілер қалай әсер етеді?
Елімізде семіздікті емдеуге арналған орлистат, лираглутид және семаглутид препараттары тіркелген. Әсер ету механизмі әртүрлі болғанымен, олардың барлығы салмақты төмендетуге бағытталған.
Орлистат – 1998 жылы тіркелген заманауи арықтататын алғашқы препараттардың бірі. Қазақстанда Листора атауымен сатылады. Ол майды ыдырататын ферменттердің жұмысын тежеп, тағамдағы майдың шамамен 30%-ының ағзаға сіңуіне жол бермейді. Калориясы шектеулі диетамен бірге қолданғанда алты айда орта есеппен 5–6 кг салмақ тастауға мүмкіндік береді.
Ал лираглутид Саксенда атауымен тіркелген. Тері астына енгізілетін препарат GLP-1 рецепторларын белсендіру арқылы инсулиннің бөлінуін күшейтіп, қандағы қантты төмендетеді және тәбетті бәсеңдетеді. Клиникалық зерттеулерде салмақ жоғалту нәтижесі әртүрлі болған. Жанама әсерлеріне жүрек айну, әлсіздік және іштің ауыруы жатады.
Семаглутид те GLP-1 рецепторларына әсер етеді. Қазақстанда Ozempic атауымен тіркелген. Ол тәбетті төмендетеді және тоқтық сезімін ұзартады. Бірақ жүрек айну, құсу, қышқыл рефлюкс, іштің кебуі және әлсіздік секілді жанама әсерлері болуы мүмкін.
Елімізде тіркелмеген семіздікке қарсы препараттардың қатарында тирзепатид (Mounjaro, Зепбаунд), бупропион мен налтрексон (Контрав), фентермин мен топирамат Ксимия) бар. Ал жаңа буын дәрілері зерттеліп жатқанын білдік.
Эндокринологтардың айтуынша, орфорглипрон GLP-1 препараты ретінде, ал амикретин GLP-1 және амилин рецепторларына қатар әсер ететін дәрі ретінде зерттелуде.
Бұл препараттардың танымалдығы олардың медициналық қолданылу аясынан асып түсті. Әсіресе, Ozempic, Mounjaro және Wegovy әлеуметтік желілерде қысқа уақытта салмақ тастауға көмектесетін құрал ретінде кеңінен насихатталып жатыр.
Дәрігерсіз қолдану – басты қауіп
Соңғы уақытта арықтау үшін мұндай препараттарды өз бетінше қолдану қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Дәрілердің қант диабетін емдеудегі тиімділігі дәлелденгенімен, оларды медициналық көрсеткішсіз қабылдау дұрыс емес.
Мәселен, Қазақстанда Ozempic препараты ресми айналымда. Бірақ ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, препарат нақты медициналық көрсеткіштері бар пациенттерге ғана тағайындалуы керек.
– Елімізде Ozempic препараты ресми тіркелген. Сондай-ақ Ресейде өндірілген Семавик препараты да қолданыста. Олар ең алдымен қант диабеті бар науқастарға тағайындалады. Сонымен қатар семіздік диагнозы қойылғанадамдарға дәрігердің шешімімен қолданылуы мүмкін, – деді Бауыржан Жүсіпов.
Алайда препараттардың әлеуметтік желілерде кеңінен танымал болуы оларды медициналық мақсаттан бөлек, тез арықтаудың құралы ретінде қабылдауға әкеліп отыр. Эндокринолог Меруерт Нәлібаева мұндай көзқарастан сақ болуға шақырады.
– Ozempic, Mounjaro сияқты препараттар негізі қант диабетін емдеуге арналған. Бірақ қазір олар сиқырлы құрал ретінде танымал болып кетті. Ол инсулинді, тәбетті тежейді. Алайда бұл әдісте салмақ бұлшық етпен тасталады, тері салбырайды. Дәріні қабылдауды тоқтатқаннан кейін шамамен төрт ай ішінде салмақ қайта келеді, – деді дәрігер.
Сондықтан мұндай емді препарат таңдаудан емес, медициналық тексеруден бастаған жөн. Маман алдымен қажетті талдаулар мен УДЗ нәтижесін бағалап, содан кейін ғана ем тағайындайды. Ем барысында да денсаулық жағдайын тұрақты бақылау қажет.
– Алдыма келген емделушілерге тізім беремін. Яғни анализ тапсыру керек, УДЗ-ден өту керек. Содан кейін барып қана емдеуді бастаймыз. Мұндай тексерістен кемі екі-үш ай сайын өтіп тұру қажет. Сонда ғана арнайы препаратпен емделуді жалғастыруға болады, – деді Меруерт Нәлібаева.
Бұл пікірді «Диабет жөніндегі ата-аналар қорының» директоры Руслан Зәкиев те қолдайды. Оның айтуынша, мұндай препараттардың негізгі мақсаты – қант диабеті бар адамдардың асқыну қаупін азайту.
– Препараттар адамның салмағына әсер етеді. Бірақ бұл қант диабетімен ауыратын адамдардың жанама ауруларға шалдығу қаупін азайтуға арналған. Осыны ескеру қажет, – деді ол.
Сарапшылардың пікірінше, арықтататын дәрілерді қабылдау – спорт пен дұрыс тамақтанудың орнын еш уақытта алмастырмайды. Олар тек өмір салтын өзгерте отырып, бірге қолданғанда ғана тиімді.