«Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» теміржолының құрылысына арналған республикалық штабтың көшпелі мәжілісі өтті

АҚТАУ. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - «Өзен-Түрікменстан мен мемлекеттік шекара» теміржолының құрылысына арналған республикалық штабтың көшпелі мәжілісі өтті. Мәжілісте «Өзен - Түрікменстан» теміржол құрылысы жеделдетіліп, оған жергілікті тұрғындарды көптеп тартудың жайы сөз болды.

«Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» теміржолының құрылысына арналған  республикалық штабтың көшпелі мәжілісі өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халық шаруашылығы жүктерінің тасымалы мен инфрақұрылымды дамыту, адамдар тұрмысын жақсартуда теміржолдың алатын орны ерекше.

Сондықтан да болар, осы салаға Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан айырықша қолдау білдіріліп келеді.

Өңірдегі индустрияық-инновациялық, көлік-логистикалық жедел даму жобаларын жүзеге асыруға байланысты аймақ теміржолы дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты.

Республикада таяу арада сала бойынша жүзеге асырылуға белгіленген Маңғыстау аймағының үлесіндегі «Өзен-Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» теміржолының құрылысы бүгінде қызу жүріп жатыр.

Маңызды құрылысты жүргізіп, қадағалау үшін ұлттық компания президенті Асқар Мамин бастаған республикалық штаб құрылған болатын.

Маңғытау облысы әкімінің орынбасары Амангелді Айтқұлов аймағымыздағы штаб басшысының бірі болып тағайындалып, жұмысты жүргізіп, үйлестіру ісін бақылап отыр.

Амангелді Бердіаманұлының бастауымен жақында құрамында «Қазақстан темір жолы» ҰК вице-президенті Е. Сұлтанов, басқа да министрлік пен ұлттық компанияның жауапты мамандары мен басшылары бар топ жол құрылысының жүру барысын тексеріп, бақылап көру үшін «Тайғырға» дейінгі аралықты шолып қайтты.

Келген соң Жаңаөзен қаласы әкімдігінде штабтың бірінші көшпелі мәжілісі өтті. Жолға қатысты жұмыстардың қалай жүріп жатқандығы жайлы ұлттық компания күрделі құрылыс басқармасының бастығы Ә. Ермұқанов баяндап, басқа да құрылысты салып жатқан мердігерлік ұйымдардың басшылары сөйледі.

«Қалай болғанда да жол құрылысын ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына толықтай аяқтап, пайдалануға беруге жұмыстану керек, бұл Елбасының тікелей тапсырмасы»,- деді Амангелді Бердіаманұлы.

Жол бойында болашақта салынатын азаматтық құрылыстарға негізінен Жаңаөзен қаласы тұрғындарын жұмысқа алу керектігін ұлттық компания өкілдеріне жергілікті билік орындары атынан тағы да шегелеп айтты.

Штабтың алғашқы отырысы «Өзен-Түрікменстанмен шекара» теміржолы құрылысын жеделдетіп, уақытында аяқтау мен жергілікті халық үшін маңызды басқа да бірқатар жәйттерді сөз еткен пайдалы әрі іскерлік жағдайда өтті.